Сөз бастаған Жандарбек Бұлғақов Астанаға «ақиқаттың моласы» деген ат беріп:
- Ол жақта қымбатшылық қыз-қыз қайнап,
Қалың елдің қалтасын қағып жатыр.
Сақылдағанына қарамай сары аяздың,
Базармен жанын қазақ бағып жатыр.
Биік-биік зәулім үй салынғанмен,
Ол үйді кіл шенеунік алып жатыр.
Бір бөлмеге әкеңнің құнын сұрап,
Бағасы миллиондардың маңында тұр.
Ауыз су жоқ, жарық жоқ, не жолы жоқ,
Қаңыраған ауылдар жанында тұр.
Астанада, айтыста осылардың,
Айтқымыз-ақ келеді бәрін батыл.
Жасыратын несі бар - кім көрінген,
Қақпайлап, аузымызды жауып жатыр.
«Астана - сұлулықтың қаласы», - деп,
Жасанды, жалған айдар тағып жатыр.
Сұлулықтың қаласын емес олар,
«Ақиқаттың моласын» салып жатыр, - деді.
Айтыстың алғашқы күні көрерменнің қолдауымен екінші айналымға өткен Әлібек Серғалиев қоғамдағы келеңсіздіктерді тізіп:
- Қыздарың жүр көшеде көбелек боп,
Қамданып ақиреттің азабына.
Ана тілін білмейтін ұлдарың бар,
Айналған басқалардың мазағына.
Бұл күнде ел тізгінін ұстар ерлер,
Айналды дүниенің тажалына.
Өзімізде бар мұнай - бізде қымбат,
Ешкім бас қатырмай жүр ол жағына.
Далада қанша бидай шіріп жатыр,
Уақытында салынбай қазанына.
«Айтысты да құртам»,- деп біреу жүр ғой,
Өнердің себеп болып ажалына.
Осылардың барлығын ретке келтірер,
Бір Димаш керек боп тұр қазағыма, - деді.
Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан тыңдай аласыздар.