Accessibility links

АҚШ-тағы фирмаға Ресейге технология экспорттады деген айып тағылды. Оған Қазақстандағы компанияның қатысы бар


Америкалық Eleview International Inc. компаниясы мен оның екі жетекшісі Ресейге құны миллиондаған долларға тең, санкцияға ілінген тауарларды заңсыз экспорттады деп айыпталып жатыр. 54 жастағы Олег Наяндин мен 39 жастағы Виталий Борисенко АҚШ-тың Виржиния штатында сотқа тартылды. Бұл туралы ақпарат 4 қарашада АҚШ әділет департаменті сайтында жарияланды. Олар кінәлі деп танылса, 20 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы жазды.

"Ер адамдар Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеуге қойылған экспорт шектеулерінен жалтару үшін үш схема қолдануға сөз байласқан", – деді бас прокурордың көмекшісі Мэтью Олсен.

Айыптау нұсқасына сәйкес, күдіктілер Ресейдегі клиенттерге америкалық компаниядан тікелей тапсырыс жасауға мүмкіндік берген онлайн-дүкеннің веб-сайтын басқарған. Тауарлар алдымен Виржиния штатындағы Eleview компаниясының қоймасына жеткізілген, кейін Түркияға, Финляндияға және Қазақстанға жөнелтілген. Айыптау нұсқасында Наяндин мен Борисенко тауарларды шын мәнінде Ресейдегі тапсырыс берушілер алатынын білген деп жазылған.

Санкциядан айналып өтудің бірінші схемасы бойынша, америкалық компания Түркияға 1,48 миллион долларға телекоммуникация жабдықтарын экспорттаған. Күдіктілер "жабдық Ресей үкіметіне, соның ішінде федералды қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) тауар жеткізетін компанияға арналғанын алдын ала білген" деп мәлімдеді АҚШ әділет департаменті.

Экспортталған жабдық "әскери мақсатқа пайдаланылатын тауарға жатады", Ресей күштері оны Украинадағы соғыс кезінде пайдаланған деді департамент.

Екінші схемаға сәйкес, Eleview Финляндиядағы "жалған сатып алушыға" тауар экспорттаған. АҚШ үкіметі ол тауарды Ресейдің қару-жарағына маңызды деп тапқан. Бұл жерде Ресейдің камикадзе-дрондарына қолданылатын электрон компоненттер туралы сөз болып отыр. Экспортталған тауардың жалпы құны – 3,45 миллион доллар.

Үшінші схема бойынша, екі мақсатта қолданылатын америкалық тауарлар Қазақстандағы компанияға жөнелтілген. Компания Ресейге жабдық жеткізу қызметін көрсетеді делінген. Ол арқылы көрші елге 1,47 миллион доллардың тауары экспортталған. АҚШ әділет департаменті сайтындағы ақпаратта Қазақстандағы компанияның атауы жазылмаған.

АҚШ қаржы министрлігі 30 қазанда жариялаған кезекті санкция тізіміне 275 компания мен жеке адам енгізілген еді. Олар Украинаға қарсы соғыс ашқан Ресейге әскери-өнеркәсіп кешеніне қажет озық технологиялар мен құрал-жабдықтар жеткізуге қатысы бар деген күдікке ілінген.

Жаңадан санкция салынғандар арасында станоктар сатумен айналысатын қазақстандық Kazstanex компаниясы да бар. АҚШ билігінің мәліметінше, Kazstanex Өзбекстандағы бөлімшесі – Uzstanex фирмасымен бірге Ресейге сатуға, жеткізуге тыйым салынған станоктарды Еуропадан алып, қытайлық Shanghai Winsun компаниясы арқылы Ресейге жөнелтіп отырған. Осылайша бұған дейін Ресейге қарсы салынған санкция ережелерін бұзған.

Бұған дейін де АҚШ пен Еуроодақ Ресейге салынған тыйымдарды айналып өтуге көмектескені үшін қазақстандық бірнеше компанияға санкция салған.

Биыл тамызда АҚШ қаржы министрлігі Астанада тіркелген CATU TECH компаниясын Мәскеуге Ресейдің Украинаға қарсы соғысы үшін салынған санкцияны айналып өтуге көмектесті деп санкция тізіміне қосқан.

Маусым айында Вашингтон Мәскеуге Ақ үй енгізген шектеулерді айналып өтуге көмектескен 300 жеке тұлға мен компанияға санкция салды. Олардың арасында 2022 жылғы 13 мамырда Қазақстанның Петропавл қаласында тіркелген "КБР-Технология" фирмасы бар.

Ақпанда АҚШ "Ресейдің Украинаға шабуылының екі жылы мен Навальный қазасына қатысты" жариялаған санкция тізіміне DA Group компаниясы енгізілген. Халықаралық зерттеушілер бұл компания соғыста қолданылатын санкция салынған тауарлар реэкспортына атсалысты деген.

Ал Еуропа одағының 13-санкция пакетіне қазақстандық Elem Group компаниясы кірген. АҚШ қаржы министрлігінің дерегі бойынша, қазақстандық Elem Group АҚШ-та тіркеліп, Ресейде орын тепкен "Стрелой Е-Коммерц" компаниясына "озық тауарларды" жеткізумен айналысқан.

Қазақстан билігі Ресейге қарсы санкциялық режимді қолдамайды. Бірақ Батыстың Мәскеуге салған "экономикалық шектеулерін айналып өтуге көмектесіп отырған жоқпыз, территориямызды мұндай мақсатқа пайдалануға жол бермейміз" деп бірнеше рет мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG