4 қараша кешке Тбилиси орталығында, Грузия парламенті ғимараты жанындағы Руставели даңғылында оппозиция митинг өткізді. Оған қатысқандар миллиардер Бидзина Иванишвилидің билікте отырған "Грузин арманы" партиясын 26 қазандағы парламент сайлауын жаппай бұрмалады деп айыптады.
Акцияны медиаменеджер Ника Гварамияның "Өзгерістер үшін коалициясы", бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы және кәсіпкер Мамука Хазарадзенің "Қуатты Грузия" коалициясы ұйымдастырды.
"Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы жетекшілерінің бірі Георгий Вашадзе акцияға қатысқан жұртқа оппозициялық партиялар өзара келіскен негізгі принциптерді хабарлады.
"Сайлауды қайта өткізуді талап етеміз, бұл сайлауды мойындамаймыз және парламентті заңды деп санамаймыз. Біз қарсылық қозғалысын бастадық, оны алдымен Тбилисиде, кейін бүкіл Грузияда өткіземіз. Әрбір келесі наразылық барған сайын нақты мақсат көздейтін болады. [Сайлау бұрмаланғаны жөнінде] айғақ-дәлел жинауды жалғастырамыз және барлық қылмыскер жазаға тартылуы үшін халықаралық тергеуге құжатты толық дайындаймыз", – деді ол.
"Өзгерістер үшін коалициясы" жетекшілерінің бірі Ника Мелия үкімет жаңа сайлау өткізуге келіскенге дейін наразылық жалғаса береді деп мәлімдеді. Ол оппозициялық партияларды "режимді құлату" үшін бір қозғалыс аясына бірігуге және олардың жақтастарын күнде наразылыққа шығуға үндеді. 5 қарашада наразыларды Тбилисидегі спорт сарайына түскі екіден бастап жиналуға шақырды.
"Біз күнде көшеде боламыз. [Парламентке] ешкім кіре алмайтындай көп болуымыз керек, бірақ тек Руставелиде тұру жеткіліксіз, біз барлық даңғылдарда тұруымыз керек", – деді Мелия.
Түрлі есептеуге сәйкес, наразылық акциясына төрт-бес мыңға жуық адам қатысқан. Парламент ғимараты алдындағы митингіден бөлек, олар Тбилиси орталығындағы Бараташвили көпірі жанындағы жолды жауып, кейін Марджанишвили алаңына қарай шеру тартып барған.
Митинг өткізу бастамасын ел президенті Саломе Зурабишвили қолдады.
Елдің атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарының басшылары – премьер-министр Ираклий Кобахидзе мен парламент төрағасы Шалва Папуашвили – бұл талаптарды қабылдамады. Олар мемлекет басшысы Конституцияда көзделген жалпы отырысты өз жарлығымен тағайындаудан бас тартса да, жаңадан сайланған парламенттің алғашқы отырысы қарашаның аяғында өтеді деп мәлімдеді. Партия сайлау бұрмаланды деген кез келген айыпты жоққа шығарды.
Сайлаудың ресми қорытындысына сәйкес, 2012 жылдан бері билікте отырған "Грузин арманы" партиясы 53,9 пайыз дауыс жинап, парламенттегі 150 орынның 79-ына ие болды. Оппозициялық "Өзгерістер үшін коалициясы" – 11 пайыз, "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" 10 пайыз жинаған. "Қуатты Грузия" коалициясына сайлаушылардың 8,8 пайызы дауыс берген, "Гахария Грузия үшін" партиясы 7,75 пайыз дауыс алған.
"Өзгерістер үшін коалициясы", "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы және "Қуатты Грузия" коалициясы мандаттан бас тартатынын мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР