Accessibility links

Құпия құжат. Ресей Украинаға басып кіргелі 11 күн өткенде қандай шарт қойды?


Systema Negotiations
Systema Negotiations

Азаттық радиосы Орыс қызметінің зерттеу жобасы 2022 жылғы 7 наурыздағы келіссөзде Ресей ұсынған шарт құжатын қолға түсірді. Соғыс басталғалы 11-ақ өткен бұл кездесуде Мәскеу шарты орындалса, Украина Батыс көмегіне арқа сүйей алмайтын, әлжуаз әскері бар әлсіз мемлекетке айналар еді.

Азаттық радиосы Орыс қызметінің "Система" зерттеу жобасының қолына түскен құжатқа сәйкес, 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше күннен соң басталған бейбіт келіссөз кезінде Мәскеу бейбіт келісім жобасын ұсынған.

Украина бұл ұсынысты қабылдаса, әлжуаз әскері бар, НАТО-дан көмек сұрай алмайтын бейтарап мемлекетке айналып, Қырым мен Донбасты қайтара алмай, Киевтің бақылауындағы үлкен территорияларды қосқанда, Донецк және Луганск облыстарының тәуелсіздігін толық мойындауға мәжбүр болар еді.

Аталған пакт Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға басып кірудегі түпкі мақсатын көрсетеді. Ол бұл мақсаттардың бірде-бірін ашық түрде жоққа шығармаған және көздегеніне қол жеткізетінін бірнеше рет айтқан. Бұл қашан аяқталары белгісіз соғыс төртінші жылға жалғасып, бейбіт келіссөздер ықтималдығы 2025 жылға немесе одан кейінгі уақытқа қалған кезге тұспа-тұс келіп отыр.

"НЕЙТРАЛИТЕТТЕН ГӨРІ НЕЙТРАЛИЗАЦИЯҒА ҰҚСАЙДЫ"

“Украинадағы жағдайды реттеу немесе Украина бейтараптығы туралы” келісім деп аталатын жоба 2022 жылы 7 наурызда Ресей көрші елдің территориясына басып кіргеннен кейін 11 күннен соң және Украина мен Ресей арасында келіссөздер басталғаннан кейін бір аптадан соң ұсынылған.

Украина және Ресей делегациялары 2022 жылғы 7 наурыздағы келіссөзде.
Украина және Ресей делегациялары 2022 жылғы 7 наурыздағы келіссөзде.

Мәскеуде жасалып, 2022 жылы 7 наурызда Беларусьтегі Беловеж орманында өткен келіссөздердің үшінші раундында Украина делегациясына тапсырылған жоба — Ресейдің Украинаға басып кіргеннен кейінгі бейбіт келісім шарттары жазылған бірінші құжат.

"Система" бұл жобаны келіссөзбен таныс украин ақпарат көзінен алған. Дәл осы келіссөздің басы-қасында жүрген ресейлік ақпарат көзі құжаттың шынайылығын растады. Қос ақпарат көзі де анонимді түрде пікір берді, өйткені бұл мәселені ашық түрде талқылауға құзыреті болмады.

Келіссөздер 2022 жылы 28 ақпанда басталған. Ол кезде Ресей әскері Украинаның оңтүстігі, шығысы мен солтүстігіндегі кей учаскелерді жаулап алып, Ресей мен Беларусь шекарасынан өтіп, Киевке жақындап қалған еді. Келіссөз бойынша кей жиындар жеке, қалғандары онлайн түрде өтті.

Тараптар негізгі даулы мәселелер бойынша ортақ шешімге келе алмай, Киевті басып ала алмастан кері шегінген Ресей әскерінің Буча қаласындағы жасаған соғыс қылмысы әшкере болғаннан кейін сәуірдің соңында келіссөздер тоқтап қалды.

Ресей ұсынысында Украина бейтараптығының шарты белгіленген. Киев ол кезде бейтарап мемлекет мәртебесін қабылдауға дайын сияқты көрінген. Бірақ Бейбітшілік үшін Карнеги қорындағы Ресей және Еуразия бағдарламасында аға ғылыми қызметкер болып істейтін Эрик Чиарамелла "Путин радикалды қадамға — нейтралитетке емес, Украинаның тәуелсіз мемлекет ретіндегі нейтрализациясына ұмтылған сияқты. Ресейдің әуел бастан бергі мақсаты Украинаның өзін қорғау мүмкіндігін жою еді. Мемлекет мықты әскер ұстап, өзін-өзі қорғауға деген қабелітен сақтай отырып та бейтарап бола алады… Бірақ Ресейдің ойы басқа еді", — дейді ол.

"Құжат Украина майданда жеңілген агрессор сияқты құрылған және әрине, шынайылықты көрсетпейді", — дейді Чиарамелла "Система" жобасының сұрауымен 2022 жылдың 7 наурызындағы Ресей ұсынысын қарап шығып. "Бұл шынымен келіссөзге баруға талпыныс болды ма, жоқ па, кесіп айту қиын. Өйткені мұндай шартты бірде-бір украин қабылдамас еді. Олар Украинаны қорғансыз күйге түсетіндей етіп бейтарап қылушы еді".

Ресей ұсынысы бойынша, Украина әскерінің саны 50 мыңнан әскерден аспауы керек. 2022 жылы Украина әскерінің саны бұдан бес есе көп болған. Жоба Украинаға 250 шақырымнан алысқа ұшатын зымырандар жасауға және ондай зымырандарды пайдалануға тыйым салады. Болашақта Мәскеу қару-жарақтың басқа түрлеріне де тыйым салуы мүмкін еді.

Ресей ұсынған құжатта Украина әскерінің құрамын шектеу шарты осылай көрсетілген.
Ресей ұсынған құжатта Украина әскерінің құрамын шектеу шарты осылай көрсетілген.

Құжат сондай-ақ Ресей Қырымды тартып алып, Донбаста соғыс бастаған 2014 жылдан бері Украина мен Батыс елдері тарапынан Мәскеуге қарсы салынған санкциялардың бәрін алып тастауды талап қылады.

Украина Қырымды Ресей жері, ал Донецк және Луганск облыстарын тәуелсіз мемлекет деп ресми түрде мойындауға мәжбүр болар еді. Киев құжат бойынша, Донбасты қалпына келтіру шығындарын төлеуге міндеттеледі.

Пакт оқшауланған Украинаны әлжуаз мемлекетке айналдырар еді. Өйткені Ресей әскері өз орнында қалады, ал Киев өзін қорғап немесе Батыстан көмек сұрау мүмкіндігінен айырылады.

Жыл басында The New York Times 17 наурыз бен 15 сәуірдегі келісімшарт жобаларын және одан кейінгілерін жариялаған. Бұл құжаттардан келіссөз алға ілгерілеп, Украина солтүстікте Ресей әскерін тас-талқан етіп жеңе бастағаннан кейін тараптар кей мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келе бастағаны байқалады.

Мәселен, Қырым мәртебесі болашақ келіссөздердің еншісіне қалдырылған. Ал Ресейдің тілдер мен өзекті тарихи даулар туралы заңды өзгерту туралы талабы артқы қатарға ойысты. Маңыздысы, тараптар Украина үшін қауіпсіздік кепілдігін талқылады. Кепілдік берушілер қатарында Батыс елдерінің болуы да талқыланды, бірақ мұны жүзеге асыру механизмі даулы болды.

Чиарамелланың айтуынша, келіссөздер өткен сайын бітім шарты да өзгеріп отырғанымен, ол шарттың негізгі талаптары қатты өзгере қойған жоқ.

"Бірнеше аптадан соң Стамбулда және виртуалды сессияларда талқыланған нұсқа бұрынғыша Ресейдің бастапқы мәтіндегідей қате логикасына негізделді", — деді ол "Система" жобасына. "Келісімшартқа қол қойылса, құжаттың сәуірдегі соңғы нұсқасы Украина капитуляциясының жұмсақ түрі болар еді".

Кейінгі жобаларға Украинаның НАТО-ға кіруіне толықтай тыйым салу сияқты Ресейдің негізгі талаптары қосылған. Бұл ұсынысты қабылдауға не Киев, не НАТО дайын емес. НАТО түбінде Украина одаққа қосылады деп бірнеше рет мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский украиндер мен одақтас мемлекеттерге таныстырған “жеңіс жоспары” аясында НАТО-ға тезіреу қосылу мүмкіндігіне қол жеткізуге тырысты.

Ресейдің кейінгі бейбіт келісім жобалары 2022 жылдың 7 наурызымен салыстырғанда әлдеқайда агрессивті бола бастады.

Сол жылы қыркүйекте Путин Украинаның бес қаласы — Қырым, Донецк, Луганск, Запорожье мен Херсон Ресейдің ажырамас бөлігіне айналғанын айтты.

Путин негізсіз мәлімдемесінде аталған облыстардың Киевтің бақылауындағы бөліктерін де Ресейдің құрамына қосып сөйлеген. Путин бұл аумақтарды Ресейдің қол астына өткізу кез келген бейбіт келіссөздің талабы болады деп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG