Accessibility links

Жаңаөзен соты белсенді Жадыра Досекееваның бостандығын үш жылға шектеді


Белсенді Жадыра Досекеева сот ғимараты алдында. 5 қараша, 2024 жыл. Досекееваның Facebook парақшасынан.
Белсенді Жадыра Досекеева сот ғимараты алдында. 5 қараша, 2024 жыл. Досекееваның Facebook парақшасынан.

5 қарашада Жаңаөзен қаласы сотында белсенді Жадыра Досекееваның соты бірнеше сағатта аяқталып, бірден сот қаулысы шықты. Сот Досекееваны "телекоммуникация мен онлайн-платформалар пайдаланып, әлеуметтiк алауыздық тудырды" (Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі) деп айыптап, бостандығын үш жылға шектеп, үш жылға дейін әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салды.

Бұдан бөлек, сот Досекееваға 73 мың теңге айыппұл салып, жүз сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді. Істі Жаңаөзен қаласы сотының судьясы Бауыржан Тоқбаев жүргізді.

Белсендінің адвокаты Айгүл Айжарықованың айтуынша, прокурор Досекееваның бостандығын 4 жылға шектеп, 10 жыл әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салуды сұраған.

– Бұл ең жылдам өткен сот процесі болды. Сот алғашқы тыңдауда-ақ үкім шығарды. Сотта фото, видео түсіруге тыйым салды, Досекеева оған келіспей, сотқа қатысатындарды залға толық кіргізуді сұрап, процеске қатысудан бас тартты. Судья сот процесін түстен кейінге қалдыратынын айтқан. Бәріміз тарап кеттік. Бірақ мені "келіп кетіңіз" деп шақырып алып, арнайы жасақ Досекееваны шыңғыртып сот залына сүйреп әкелді. Судьяға да, сот сараптамасына да наразылық білдірдік, қабылдамады. Судья "Досекеева қашып кетуі мүмкін" деп дереу үкім шығарды. Баласы көп екенін ескеріп, прокурор сұраған уақытты азайтты, – деді адвокат Айжарықова.

Адвокаттың сөзінше, сот ғимараты кілттеулі болған. Сот қызметкерлері одан тез шығып кетуді сұраған.

Жаңаөзендегі сотқа Жадыра Досекееваны қолдауға Жетібайдан, Ақтаудан, Шетпеден адамдар келген. 2011 жылғы мұнайшылар ереуілі лидерінің бірі Естай Қарашаевтың Азаттыққа айтуынша, алыс аудандардан келіп, залға сыймағандар соттан монитор қоюды талап етіп, наразылық білдірген.

Азаттық Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне қоңырау шалып, Жаңаөзендегі сот ғимараты неліктен кілттеулі болғанын сұрады. Олар бұл жайттан бейхабар екенін, бірақ мән-жайды Маңғыстау облыстық сотына жеткізетінін айтты.

Жадыра Досекееваның үстінен "Әлеуметтiк алауыздық тудыру" бабы бойынша қылмыстық іс 2024 жылы маусымда қозғалған. Оған Досекееваның TikTok желісінде жариялаған "құл болмау үшін билікті өзгерту керек" деген сарындағы пікірі себеп болған. Айыптау актісіне сай, Досекееваның әлеуметтік желілердегі пікіріне филологиялық сот сараптамасы жасалып, "билікті сынау белгісі бар, шақыру бар, бірақ билікті күшпен басып алуға шақыру байқалмады" деген тұжырым жасалған. Досекееваның жазбалары арасында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын халықаралық тергеуге шақырған ұсынысы да бар. Адвокат Досекееваның жазбаларына жасалған сарапшы қорытындысы "контекстен жұлып алынған жеке сөздерге негізделген" деді.

Сот қаулысы әлі күшіне енбеді. Адвокат "сот шешіміне келіспейміз, апелляциялық шағым түсіреміз" деп айтты.

47 жастағы Жадыра Досекеева – Жаңаөзен қаласының тұрғыны, 11 баласы бар. Ол 2019 жылдан бері билікті сынап, адам құқығын қорғау талабымен наразылық акцияларына жиі қатысып келеді. Досекееваға әлеуметтік желілердегі сыни пікірі үшін бірнеше мәрте әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG