Айтыстың екінші күні сахнаға екінші жұп болып қызылордалық Мұхтар Ниязов пен алматылық Айсәуле Бейсенхан шықты.
Осы уақытқа дейін облыстық және қалалық айтыстарда ғана көрініп жүрген Айсәуле Бейсенхан бірде «Шет елдік азаматқа тұрмысқа шыққан қыздардың басын кесіп, талға іліп қойғым келеді» десе, енді бірде «Ақтау түрмесінен қашып шыққан уахаббист емессің бе?» деп, Мұхтар Ниязовтың сақалын сөз етті. Ол Жаңаөзен тақырыбына да тоқталды.
- Қытай десем Батысым еске түсіп,
Көңілім көп нәрсеге алаң екен.
Адайдай рухы асқақ ел де,
Дәрменсіздік танытып қалады екен.
Күрекшісі ырза боп бес тиынға,
Күзетшісі миллиондап алады екен.
Өз ырысы өзіне бұйырмаған,
Әлемде ең момақан қазақ екен,
Аңқаулығы сонда да мазақ екен, - деді Айсәуле Бейсенхан.
Қарсыласының бұл сөзін қостаған Мұхтар Ниязов былай деді:
- Айтасың кеп жағдайын Жаңаөзеннің,
Бұл өзі қазір ғана піскен еді.
Ақ-қараны ажыратып айырмасаң,
Әрине, күзден кейін қыс келеді.
Бірақ та біздің халық - аңқау халық,
Алтын болып шығатын мыс дегені.
Астыңдағы қара алтын - байлығыңды,
Көрінген көртышқан кеп тістеледі.
Қазақтың қай кезде де, білеміз ғой,
Келімсегі төрінде түстенеді.
Ал өзі босағада жатып алып,
Бостандық жайлы қызық түс көреді, - деді.
Айтыстың радио нұсқасын келесі аптадан бастап әр сейсенбіде, сағат 19.30-20.00 аралығында, Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.