Accessibility links

Аманжол мен Жандарбектің айтысы


Аманжол Әлтаев, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.
Аманжол Әлтаев, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ақпанның 11-і мен 12-сі күні «Қонаевтай ер қайда» деген атпен айтыс өтті. Екі күнге созылған айтыстың ақтық сайысында Аманжол Әлтаев пен Жандарбек Бұлғақов айтысты.


Бұл күнгі айтыста сөз бастаған Аманжол Әлтаев қарсыласына былай тиісті:

- Сабақсыз, Астанада «Жас Отан» деп,
Белсендісі боп өзің жүгіресің.
Айтысқа Алматыға келе қалсаң,
«Нұр Отанды» сынға алып бүлінесің.

Жандарбек Бұлғақов бұл сөзге уәж ретінде:

- Ол рас, «Жас Отанға» барған едім,
Істеген істеріме бар дәлелім.
Қит етсе «Жас Отанды» айтасыңдар,
Мен қайбір қаражатты қармап едім.
Храпунов пен Әлиевтей - жездеміздей,
Қаражатқа қолымды салмап едім.
...Ондай жерде біраз жыл жүру үшін,
Жағымпазы боласың жанында оның.
Екі-үш айда жұмыстан өзім кеттім,
Ер болып еркіндікті таңдап едім.
...Тарысы піскендерге тауық болмай,
Тәңірдің бергеніне тәуба дедім, - деп жауап беріп, одан әрі елдің әлеуметтік жағдайын сөз етті:

- ...Керемет ұланғайыр жер де берген.
Жорытқан құлан – құмда, құндыз – суда,
Ерекше көркем сұлу төр де берген.
Құмай мен құс түгілі, үйіп төгіп,
Сол жерге мұнай мен мыс, кен де берген.
Жерім бай, елім бірақ неге кедей?

Себебін іздеп соның сенделем мен.
Істің көзін, қисықтың тезін тапқан,
Пысықтар сатып бітті-ау теңге көрген.
Арпасыз дорбаны ат иіскемейді,
Келімсек кеніңді алды-ау кең көлеммен.
Құдай берген байлығың аспай қойды,
Құлқындары құдықтай пенделерден.
...Әйтеуір, момын қазақ, сен аман бол,
Теңіз кешіп жүрсе де шөлден өлген.

Сөз кезегі өзіне тигенде Аманжол Әлтаев жетім балаларды сөз етті. Ол "Дінмұхаммед Қонаев жалақысының жартысын жетімдер үйіне аударғанын" айта келе, қазіргі басшылардың "жалақысынан ақша аудармақ түгілі, Қазақстанның шет елге жетімдерін сатып жатқанын" айтты.

- Ер салып мінген бабам қазанатын,
Қонаевтай бұлақ бар таза ағатын.
Шетелге жетімдерді сатып жатыр,
Аудармақ түгіл бүгін қаражатын.
Жетім сатып байыған кімге керек,
Көкелер, қайда кеткен қанағатың, - деді Аманжол ақын.

Айтыстың соңына қарай «Пенсияға кетемін» деп қарсыласына емеурін танытқан Аманжол Әлтаевқа Жандарбек Бұлғақов жолын беріп, айтыстың екінші жүлдесі Toyota Corolla-ға ие болды. Бұл айтысқа тігілген бас жүлде - «Mitsubishi Pajero» автокөлігі Аманжол Әлтаевқа бұйырды.

Ал ұпай санымен үшінші орын алған Айнұр Тұрсынбаеваға Chevrolet тиді.

«Төртінші жүлде - «Жигули» деген демеушілер Бауыржан Халиоллаға ол жүлдені ақшалай табыс етті.

please wait

No media source currently available

0:00 0:15:40 0:00
Жүктеп алу

Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.
XS
SM
MD
LG