Accessibility links

Оппозиционердің соққыға жығылуына қатысты оның жақтастары мен полиция әртүрлі болжам айтады


«Азат» партиясының Жамбыл облыстық филиалының басшысы Якобжан Жүнісбеков. Тараз, ақпан, 2009 жыл.
«Азат» партиясының Жамбыл облыстық филиалының басшысы Якобжан Жүнісбеков. Тараз, ақпан, 2009 жыл.

Шілденің 25-і күні белгісіз біреулер соққыға жығып, ауруханаға түскен «Азат» партиясының Жамбыл облыстық филиалының басшысы Якобжан Жүнісбековке дәрігерлер миы шайқалған деген диагноз қойып отыр. Полиция оны бұзақылар ұрып-соғып кеткен болуы мүмкін десе, партиялас серіктері бұның саяси астары бар деп санайды.

ҚАСКҮНЕМДЕР ОППОЗИЦИЯ БЕЛСЕНДІСІНЕ ОНЫҢ ҮЙІНІҢ ЖАНЫНДА ШАБУЫЛ ЖАСАҒАН

Оқиға өткен аптаның сенбі күні түскі сағат 14.30 шамасында Якобжан Жүнісбековтың пәтерінің жанында болыпты. Оның пәтері қала орталығында, адам көп жүретін облыстық әкімшіліктің ауласына жақын жерде орналасқан. Шоқпар мен пышағы бар, басынан аяғына дейін қара киініп алған екі адам партия жетекшісіне кенеттен тап берген. Соққыдан жерге құлаған оны тепкілей бастағанда, көршілері көріп қалып шу шығарып, қаскүнемдер қашып кеткен. Сол күні көп мөлшерде қанын жоғалтып, миы шайқалған филиал жетекшісіне операция жасалды.

Қазіргі кезде Тараз қалалық ауруханасында жатқан Якобжан Жүнісбеков шілденің 28-інде Азаттыққа өз жағдайын айтып берді:

«Енді ғана өз-өзіме келе бастадым. Дәрігерлер бар көмектерін жасап жатыр. Емдері дұрыс».

Якобжан Жүнісбековтың хал-ахуалын білу үшін Таразға барып қайтқан алматылық әріптестері осы қылмысқа байланысты жергілікті полицияның іс-әрекетіне көңілдері толмайтындығын айтып, сынға алды.

«Оқиғаның болғанына екі тәулік өтсе де, қылмыстық іс те қозғалмағаны тек кеше кешке жақын ғана қалалық ішкі істер басқармасының жетекшісімен кездесіп отырған кезде ғана анықталды. Қылмыстық Кодекс бойынша 257-ші баппен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, сот-медициналық сараптама жасау туралы қаулы да шықпаған. Және оның себебін лауазымды тұлғалар түсіндіре алмады. Біз араласпағанда, бұны қатардағы жай ғана бір бұзақылық деп жабулы қазан жабулы күйінде қалдыратын еді», – деді «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярова сейсенбі күні Азаттыққа.

Алайда оның сөзін Тараздық ішкі істер органдарының өкілдері жоққа шығарып отыр. Тараз қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Болат Күлекеев қылмыстық істің дәл сол оқиға болған күні қозғалғанын, тек құжатқа қол қою үшін прокуратураның келісімі керек болғандықтан біраз бөгелуге тура келгенін айтады.

«Қазір басқа жұмысты қойып, тек осы іспен айналысып жатырмыз. Ең тәжірибелі қызметкерлерден жасақталған жедел тергеу тобын менің бірінші орынбасарым Расим Мишуров басқарып отыр. Біраз жұмыстар істелінді. Бірақ әзірге оның бүге-шігесін айта алмаймын. Жақын арада белгілі болады», – деді ол Азаттық радиосына шілденің 28-і күні.

ЖҮНІСБЕКОВ САЯСИ ҚЫЗМЕТІ ҮШІН СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛДЫ ДЕГЕН СӨЗБЕН ПОЛИЦИЯ КЕЛІСПЕЙДІ

Бұл оқиғанының саяси астары бар деп күдіктенеді Якобжан Жүнісбековтың партиялас серіктері. Биылғы жылдың ақпан айында белгісіз біреулер «Азат» партиясының Жамбыл облыстық кеңсесіне бұзып кіріп, мәліметтер қоры бар компьютерді алып кеткен еді. Партия өкілдерінің пікірінше, бұл жолғы оқиға да кездейсоқтық емес.

«Азат» партиясының Жамбыл облыстық бөлімшесі бірқатар істерге ұйытқы болып жүр. Қазір Таразда «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы, журналист Рамазан Есіргеповке қатысты сот процестері жүріп жатыр. Якобжан Жүнісбеков Рамазан Есіргеповпен күнделікті тікелей байланыста жүрген адамдардың бірі. Ол кісі сотқа да қатысып жүр. Аталмыш журналистің тағдырына алаңдаулы бір топ тәуелсіз журналист Таразға барған кезде оларды қарсы алып, басы-қасында осы Якобжан жүрген еді. Оның мұндай белсенділігі біреулерге ұнамай қалған шығар. Бір жағынан үркітіп жатыр. Оппозицияның мықты болғанын биліктегілер қаламайды», – дейді Маржан Аспандиярова.

Якобжан Жүнісбековтің өзі де оқиғаның себебін бұдан басқалай түсіндіре алмай отыр.

«Оны қазір айту қиын. Қазір барлық варианттарын ойланып жатырмын. Саяси себептен өзге менде ешкімнің алты аласы, бес берері жоқ. Ешкімге қарыз да емеспін», – дейді ол.

Ал, Тараз қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Болат Күлекеев қылмысты жәй бұзақылар істеуі мүмкін дейді:

«Біз бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғап отырмыз. Мен бұның саяси астары бар деп айта алмаймын. Біз Якобжанның өзінен «біреулер телефон шалды ма, қоқан-лоққы жасады ма?» деп сұраған кезде, ешкім ешқашан қорқытқан емес, қысым жасаған емес деп жауап берді. Ол кісі артық қылық жасап, болмаса белсенділігімен ерекше көзге түскен адам емес қой. Есіргеповты қорғады дейді. Есіргеповке мен де барғанмын, «қандай жағдай керек» деп сұрағанмын. Ол кісі өзінің арызын қалалық және облыстық прокуратураға, елбасына жолдауға көмектесуді сұрады. Мен өтінішін орындадым».

Дегенмен, Якобжан Жүнісбековтың серіктері оның соққыға жығылуын саяси қызметімен байланыстырады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG