Accessibility links

АҚШ-та президент сайлауы өтіп жатыр


Америка халқы тарихи күнге жетті, елде президент сайлауы өтіп жатыр. Республикалық партия өкілі, бұрынғы президент Дональд Трамп пен Демократиялық партия үміткері, қазіргі вице-президент Камала Харрис тең түсіп тұр.

Кім жеңетінін тартысты науқан өтіп жатқан жеті құбылмалы штат шешіп кетуі мүмкін.

Шығыстағы кей штаттарда сайлау учаскелері 5 қараша күні таңғы 5:00-де (Астана уақытымен 15:00) ашылды. Дауыс беру елдің ең батысында орналасқан Аляска мен Гавай штаттарының учаскелері жабылғанша жалғасады.

Жеңімпаз болмашы ғана басымдықпен озады деп болжанып отыр және түпкі нәтиже шыққанша бірнеше күн өтуі мүмкін. Өйткені Пенсильвания секілді кей штатта бюллетень санау баяу жүреді. Халық санағы бюросы дауыс берушілердің сайлауға қатысуы жоғары болады деп болжап отыр. Бұл көрсеткіш 2016 және 2020 жылдары рекорд жаңартқан.

4 қарашаның кешінде федералдық сайлау комиссиясының мүшелері мәлімдеме жасап, үміткерлер арасындағы бәсеке тартысты өтіп жатқан тұста Ресей мен Иран америкалық дауыс берушілер арасына жік түсіру науқанын күшейтіп жатыр деді. Олардың сөзінше, бұл науқанның мақсаты – жұртты сайлау комиссияларына қарсы зорлық-зомбылық жасауға арандату.

Огайо штаты Спрингфилд қаласындағы сайлау учаскесі. 5 қараша, 2024 жыл
Огайо штаты Спрингфилд қаласындағы сайлау учаскесі. 5 қараша, 2024 жыл

Трамп осымен үшінші рет президент сайлауына түсіп отыр. 2020 жылы ол қазіргі президент Джо Байденнен жеңіліп қалған. 2024 жылғы сайлауға Байден де түскен еді. Бірақ шілде айындағы дебаттан соң, оның жасына байланысты алаң күшейіп, қазіргі президент додадан шығып қалды.

Демократиялық партия тізімінде Байденді алмастырған Харрис сайлауда жеңіске жетсе, АҚШ-тың алғашқы әйел президенті және шығу тегі оңтүстіказиялық алғашқы президенті болмақ. Трамп жеңсе, президент сайлауында бір мерзім үзіліс салып барып қайта жеңген екінші адам атанбақ. Мұндай жолдан тек 19-ғасырдың аяғында Гровер Кливленд қана өткен.

Алабама штатындағы Бирмингем қаласында дауыс беру үшін кезекте тұрған жұрт. 5 қараша, 2024 жыл.
Алабама штатындағы Бирмингем қаласында дауыс беру үшін кезекте тұрған жұрт. 5 қараша, 2024 жыл.

Харрис сайлауалды науқанында Байден мен Трамптан бір буын жас екенін алға тартты. Өзі 60-та болса, Байден 81-де, ал Трамп 78-де.

2022 жылы АҚШ жоғарғы соты әйелдерге аборт жасау жөнінде конституциялық құқық беретін шешімнің күшін жойған еді. Осы сайлауда Харрис әйелдердің аборт жасау құқығын қолдайтынын шегелеп айтумен болды. Ол сондай-ақ Трампты демократияға төнген қауіп деп атап, оның 2020 жылғы сайлауда Байденнің жеңісін мойындамағанын, 2021 жылғы 6 қаңтарда Капитолийге жасалған шабуылда рөл атқарғанын атап өтті.

Бостондағы сайлау учаскесінде кезекте тұрған жұрт. 5 қараша, 2024 жыл
Бостондағы сайлау учаскесінде кезекте тұрған жұрт. 5 қараша, 2024 жыл

Трамп ел ықыласын өзіне тарту үшін популистік ұрандарына арқа сүйеп, екінші мерзімінде экономиканы жақсартуға күш салатынын, сырттан келетін мигранттар толқынын тоқтататынын және АҚШ-тың Қытай секілді қарсыластарына қаталырақ болатынын мәлімдеді.

Сайлау нәтижесі әлем елдері арасында Украинаға мейлінше қатты әсер етуі мүмкін.

Киев Украина аумағына басып кірген Ресей әскерінен қорғануда АҚШ-тың әскери, қаржылай және дипломатиялық қолдауына аса мұқтаж.

Украинаны қолдау мәселесінде екі кандидаттың ұстанымы екі түрлі.

Харрис Украинаны қолдауда Байденнің саясатын жалғастыратынын мәлімдеп, Ресейдің жеңілгенін қалайтынын айтты.

Камала Харрис және Дональд Трамп
Камала Харрис және Дональд Трамп

Трамп болса, АҚШ-тың Украинаға көмегін даулап, Ресей басқыншылығынан қорғанған Киевті қолдауда Еуропа мойнына көбірек жүк алуы керек деп мәлімдеді; оған қоса ол НАТО-ның болашағына күмән келтірді.

Сайлауалды науқанның соңғы күндерінде екі үміткер де жақтастарын дауыс беруге шақыруға барын салды. Екеуі де бұл науқанды АҚШ болашағын айқындайтын сайлау деп атап отыр.

Харрис 4 қарашаны Пенсильвания штатында өткізді. Сайлаушылар алқасында 19 мүшесі бар Пенсильвания құбылмалы штаттар үшін күресте шешуші рөл атқаруы мүмкін. Қайсыбір штатта жеңіске жеткен кандидат сайлаушылар алқасының сол штатқа тиесілі дауысын түгел алады.

«Сіздер бұған дайынсыздар ма?» деп желпіндірді Харрис Скрантон қаласындағы жақтастарын. Артында «Еркіндік үшін дауыс бер» деген жазуы бар плакат тұрды.

Трамп бұл күнді Солтүстік Каролинадағы үгіт-насихат шарасынан бастап, кейін Пенсильванияда екі жерде сөз сөйлеп, Мичиганға да барып үлгерді.

«Пенсильванияда жеңсек, бұл істе толықтай жеңіске жетеміз» деді Трамп.

Осы үш штат пен Висконсин, Джорджия, Аризона және Невада сайлау тағдырын анықтауы мүмкін жеті штат аталып отыр.

АҚШ-тағы президент сайлау жүйесінде ең көп дауыс алған адам жеңбейді. Кімнің жеңетінін 538 мүшесі бар сайлаушылар алқасы анықтайды. Олар әр штатқа Конгресстегі өкілдерінің санына қарай үлестірілген.

Небраска мен Мэннен өзге штаттардың барлығында «жеңген бәрін алады» қағидасы жұмыс істейді. Яғни қайсыбір штатта кім жеңіске жетеді, сайлаушылар алқасының сол штаттағы мүшелерінің даусы түгел сол кандидатқа беріледі.

Индианаполистегі сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқандар. 5 қараша, 2024 жыл.
Индианаполистегі сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқандар. 5 қараша, 2024 жыл.

Жеңіске жету үшін үміткерге сайлаушылар алқасының кемі 270 даусы қажет. Бұл межеге ешкім жетпеген жағдайда, президентті Конгресстің жаңа сайланған Өкілдер палатасы таңдайды және бұл дауыс беру алдағы қаңтар айында өтеді. Ал сенат вице-президентті сайлайды.

Қазірдің өзінде 77 миллион сайлаушы дауыс беріп үлгерді. Бірақ қай кандидаттың басым түсетінін 5 қарашадағы дауыс беру анықтайды.

Харрис поштамен дауыс беріп қойды. Ал Трамп сайлау күні Флорида штатында дауыс бермек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG