4 қарашада Қонаев қаласының тергеу соты Хасан Қасымбаевқа бұлтартпау шарасын белгілеу туралы іс материалын қарап, оны екі айға қамады. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.
2 қарашада Алматы облысының полициясы Қасымбаевты ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Бұл туралы 4 қарашада белгілі болды. Ол 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілінген. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, бұл іс бойынша бес адам сотталған.
Қасымбаев изоляторға қамалғаннан кейін оның туыстары Қонаев қаласындағы Алматы облысының полиция департаменті алдына жиналып, оны босатуды талап етті. Қасымбаевтың анасы ұлына тағылған айыпқа келіспейді. Оның сөзінше, полиция Шерзат Полаттың қазасынан кейін Қасымбаевты бірнеше рет тергеуге шақырған. Анасы "баламнан ешқандай кінә таппады" деді.
"2021 жылы болған оқиғаға да менің баламды қатыстырып отыр. Оған ешқандай дәлел жоқ. Соны дәлелдеп берсін, сол үшін келдім. Балама жала жауып отыр, оған қатысы жоқ" деді анасы Гүлнәр Нұракенова.
Алматы облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Мәлік Қабдуәлиев "іс не себепті үш жыл өткен соң қозғалды?" деген Азаттық сауалына тергеу құпиялығына сілтеп, нақты жауап бермеді.
"Біз қажетті тергеу амалын жүргіздік. Оның осы қылмыстарға қатысы барын анықтадық. Оны кінәлі, кінәлі емес деп айта алмаймыз. Бұны сот ғана шешеді. Басқа ақпарат айта алмаймын" деді Қабдуәлиев 4 қарашада.
4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжал кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышаққа түсіп қаза болды. Содан кейін әлеуметтік желіде Талғарда "Хуторлық" деген жүгенсіз кеткен қылмыстық топ әрекет етеді деген болжамдар айтылған. Полиция ол хабарды жоққа шығарып, "ондай қылмыстық топ тіркелмеген" деп мәлімдеді.
"Хутор" – Талғардағы Рысқұлов ауылының бұрынғы атауы. Осы оқиғадан соң әлеуметтік желіде Талғар аудынанда тұратын Хасан Қасымбаев деген адам "Хутор" бандасының басшысы-мыс деген хабар тараған.
Іле-шала Хасан Қасымбаевтың өзі видеосұхбат беріп, желіде айтылып жатқан "банда, ОПГ (ұйымдасқан қылмыстық топ – ред.) дегенге қатысым жоқ" деп, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұраған.
Алматы облысының полициясы Шерзат Полаттың өліміне қылмыстық топтың қатысы болуы мүмкін деген деректі жоққа шығарған.
ПІКІРЛЕР