Accessibility links

Танымалдық үшін "қазақтан артық ұлт таппаған" сайқымазақ актерді мұсылмандар одағы қалап отыр


Қазақ журналисі Борат Сағдиев бейнесіндегі сайқымазақ Саша Коэн
Қазақ журналисі Борат Сағдиев бейнесіндегі сайқымазақ Саша Коэн

Британдық сайқымазақ Саша Коэн Қазақстан туралы фильмге түсуі мүмкін. Картинаға демеушілік жасамақшы Қазақстан Мұсылмандар одағы «Қазақстандық шұңқыр туралы аңыз» фильмі арқылы биліктің назарын қасиетті алаң ортасынан қазылып тасталған қазан шұңқыр мәселесіне аудармақ.


ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАР ОДАҒЫНЫҢ САША КОЭНМЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ "ОДАҒЫ"


Британдық сайқымазақ Саша Коэннің кезекті фильм түсіру туралы жоспары бар екенін ақпарат құралдарына Қазақстан Мұсылмандар одағы хабарлады. Мамырдың 10-ы күні Лондонда одақ өкілдері Саша Коэнмен кездесіп қана қоймай, аталған фильмді түсіруге демеушілік көрсететінін де айтқан.

Одақ өкілдерінің сөзіне қарағанда, «Қазақстандық шұңқыр туралы аңыз» фильмінің сюжеті мынадай: ақылға сыймайтын жобаны жүзеге асыру үшін қаланың қақ ортасынан үлкен шұңқыр қазылады. Алайда, сол жобаны аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік болмай қалады. Сөйтіп, жоба иелері алып шұңқырды жабудың жолдарын іздеп, бастары қатады.

Ақырында бұған қала тұрғындары да араласа бастайды, олар әлемдік қауымдастықтан көмек сұрайды. Фильмде басты кейіпкерлер ретінде Қазақстандағы мемлекеттік қайраткерлер мен ірі кәсіпкерлердің бейнесі бар көрінеді.

Идея ауторлары болашақ фильмге Алматы қаласының орталық алаңында 2007 жылы құрылысы басталған жерасты сауда, ойын-сауық кешенінің жобасын негіз етіп алған. Ат шаптырым жердің астан-кестеңін шығарып қазып, ақыр соңында аяқсыз қалған құрылыстан қалған шұңқыр туралы фильм түсіру – мәселенің шешімін табудың бірден-бір жолы дейді Қазақстан Мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков.

– Ең әуелі мен акцияның мотивациясына назар аударғым келеді. Бораттың Қазақстанға қатысты бұған дейінгі бейнесі объективті емес әрі жағымсыз болып шыққан. Десе де, ол еліміздің ішкі-сыртқы саясатына әсер ете алды. Өкінішке қарай, әлеуметтік салада болсын, экономикада болсын, жасаған әрекеттеріміз көп жағдайда сәтсіз аяқталуда. Тек сол мәселелер халықаралық резонанс тудырған кезде ғана билік қозғала бастайды. Дәл осы мотивация сол жобаның өзегі. Алматы қаласының қақ ортасындағы алып шұңқыр да сол сияқты әлі күнге дейін шешілмей келеді. Билікті сол мәселені шешуге итермелеудің бұдан өзге жолы жоқ.

Фильмнің түсірілімі Алматыда жоспарланып отырғандықтан, Қазақстан Мұсылмандар одағы алып шұңқырды көму жұмыстарын уақытша тоқтату туралы қала әкімі А.Есімовке де өтініш жасапты. Әйткенмен, Азаттық тілшісіне қала әкімінің баспасөз хатшысы Сергей Куянов одан хабарсыз екенін айтты:

– Өз басым мұны бірінші рет естіп тұрмын. Бәлкім, басқа біреулер білетін шығар. Қазір онда жұмыс жүріп жатыр. Әкім онда бұрынғыдай болуы үшін не көміп тастауды, не паркинг салуды тапсырды.

2007 жылы Алматының орталық алаңының астында кешен құрылысы басталған кезде, жобаның ауторы «Базис-А» корпорациясы мұнда ТМД-дағы ең ірі ойын-сауық орталығы болатыны туралы жар салған болатын. Алайда, әлемдік қаржы дағдарысы басталысымен кешендегі құрылыс жұмыстары мүлде тоқтап қалды.


"ҚАСИЕТТІ АЛАҢЫМЫЗДЫ САЙҚЫМАЗАҚТЫҢ ФИЛЬМІНЕН КӨРГІМІЗ КЕЛМЕЙДІ"

Өткен жылы алаңдағы алып шұңқырға наразылық танытқан жүртшылық бірнеше мәрте пикеттер өткізіп, алаңды қалпына келтіруді талап еткен. Ал биылғы жылдың сәуір айында оның орнына екіқабатты паркинг салынатыны туралы хабарланды. Алайда бұл жайында «Базис-А» корпорация өкілдерінен қандай да бір мәлімет алу мүмкін болмады.

Кезінде алаңға ойын-сауық орталығын салуға қарсылық білдірген қоғам қайраткерлерінің бірі режиссер Қалдыбай Әбенов 1986 жылы ұлт мұраты үшін күрескендердің қаны төгілген алаңды әжуа фильм түсіруге пайдалануға келіспейді:

– Ол тағы да қазақ халқының рухына түкіру болып саналады. Біз бұған қарсымыз. Саша Коэн сияқты адамның фильмінен қасиетті алаңымызды көргіміз келмейді.

Саясаттанушы Айдос Сарым алаңдағы шұңқырды – халық пен билік арасындағы алшақтықтың көрсеткішіне теңейді.

– Қоғамдағы ең үлкен проблемалардың бірі – біздің халық 20 жыл ішінде биліксіз өмір сүруге үйреніп алды. Әйтеуір, күн көріп жүр. Соның өзі біздің биліктің мәртебесін және оның сапасын тым түсіріп жіберді. Осы құрылыс басталған кезде біздің зиялы қауым, қала жұртшылығы дұрыстап дауыс көтерген болса, ондай мәселелер шықпас еді. Жалпы, мұндай мәселені өзімізге өзіміз айтуымыз керек. Билікке де тікелей қатысты, бірақ мәселенің негізі қоғамымыздың сапасы туралы болып отыр.

Саша Коэннің бұған дейін Қазақстан туралы фильм түсіріп, фильмнен ондаған млн доллар пайда тапқаны мәлім. Саясаттанушы Айдос Сарым Саша Коэн Қазақстанға мұқтаж болмаса, Қазақстанға одан келіп-кетер пайда жоқ дейді.

– Алдындағы киносын көрдім, одан бір керемет алпауыт құбылыс көрген жоқпын. Менің түсінігімде, Бораттың фильмінде Қазақстаннан гөрі Американың өзіндегі надандықты, сол жақтағы шенеуніктердің қылмыстарын қатты сынағанға ұқсайды. Кезінде оған біз тыйым салудың арқасында Боратқа талай ақша жасап беруге мүмкіндік жасадық. Енді ол өзіміздің биліктің надандығы. Менің ойымша, ол киноны керісінше, «Хабар» арнасынан көрсетіп, кейбір өзіміздің жаман қылықтарымызды тауып алуға болады.

Бораттың мықтылығы сол – ол өзіне орысша айтқанда «идеалды контрагент» тауып алғанға ұқсайды. Ол біздің ұлттық мінезімізге қатысты, бірдеңе болса, аттандап шығатын басқа да қасиеттерімізді жақсы зерттеген сияқты. Өткенде ол тағы бір елдердің атынан журналист болып көрді, бірақ одан түк те шыққан жоқ. Сөйтіп, ол «бұл дүниеден қазақтан артық халық» таппаған сияқты, – дейді қазақстандық саясаттанушы.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG