8 желтоқсанда Ұлыбритания өз азаматтарына коронавирус вакцинасын жаппай салуды бастады. Вакцина бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен 80-нен асқан егде адамдарға салынады.
BBC сайтының жазуынша, коронавирус вакцинасы бірінші Маргарет Кенан есімді әйелге егілген. Осы аптада 91 жасқа толатын Маргарет Кенан мұны "туған күніне жасалған керемет сыйлық" деп атаған.
АҚШ-тың Pfizer және Германияның BioNTech компаниясы бірге әзірлеген коронавирус вакцинасының алғашқы партиясы (800 мың доза) Ұлыбританияға екі күн бұрын жеткізілген еді. Өткен аптада Ұлыбритания әлемде бірінші болып бұл вакцинаны тіркеген болатын.
BBC сайтының жазуынша, желтоқсанның соңына дейін 4 миллион адамға вакцина егу жоспарланған.
Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің бас директоры Саймон Стивенс бұл екпе "коронавируспен күресте шешуші рөл атқаруы мүмкін" деп мәлімдеді.
Ұлыбритания Pfizer-BioNTech компаниясынан 40 млн доза вакцина алуға келіскен. Бұл 20 млн адамға екі реттен 50-ге жуық ауруханада салынады. Қараша айында компания "вакцина вирустан 95 пайыз қорғай алатынын көрсетті" деп мәлімдеген.
Ұлыбритания - вирустан қатты зардап шеккен елдердің бірі. Мұнда 61 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болған. Дүниежүзі Ұлыбританияның вакцинация бағдарламасын бақылап отыр.
Коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен әлемде бірінші орында тұрған АҚШ вакцинацияны желтоқсанның соңына қарай бастауы мүмкін.
ПІКІРЛЕР