Айтыскерлер әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді барынша сөз етті.
Айтысты бастаған Нұрлан Есенқұлов денсаулық саласындағы кемшіліктерді тілге тиек етті.
– Желкесінен шықпады
Жемқордың жеген қаймағы.
Дәрігерлер де азайды
Адамға жаны ашитын.
Ақ халатты жандар бар,
Ақшасыз ауруды көргенде
Түршігіп бойы шошитын.
Ішімдегіні тап дейтін,
«Өлмесең өмірем қап» дейтін.
Ақшасыз келсең, арсиып,
«Коридорға да жат» дейтін.
.... Анда барсаң да жұмыс жоқ,
Мұнда барсаң да жұмыс жоқ
Парасын алып бармасаң,
Танысын тауып туыс боп.
Қатты айтты жұртым демесін,
Мұңымды халқым елесін.
Есектің артын жусаң да,
Бұл күнде ақша дегейсің, - деп бүгінгі қоғамның суретін сөзбен өрнектеді.
Cөз кезегі тигенде Аспанбек Шұғатаев былай деді:
– ...Кейде ханның қадірін құл қашырар
Жемқорлықтан ауызы жем сасыған,
Үкіметтің түлкісі, қырда асы бар.
Қыранның тұғырына қарға қонды,
Көз көрсе ақиқатты кім жасырар.
Жеріңнің жартысын сатып алған
Еврейдің Машкевич деген мырзасы бар.
Кенімізді кенедей еміп жатқан
Ким дейтін кәрістердің құлжасы бар.
Мысымызды басатын мысымызбен,
Митталдың мипулаған мұржасы бар.
Школ басқара алмайтын Школьниковтың
«Қазатомпром» атты бір досы бар.
... Шын мазақ Мәсімовтың отырғаны
Бір қазақ тумағандай шыңға шығар.
«Нән» дегенің ін қазса құлағымен,
Бар бәленің бастауы шынға шығар.
«Өз еліңде ұлтан бол» деген сөзді
Шығарған қазақ бүгін ырза шығар, - деп термелетті.
Айтыстан соң бас демеуші «Алтын қыран» компаниясының жетекшісі Ислам Салжанов ардагер ақындарға арнайы сыйлықтар ұсынды. Төрт жас ақынға 250 мың теңгеден сыйақы берді.