Accessibility links

Соғыста өлген 68 мың орыс сарбазы анықталды. Арасында Орталық Азия азаматтары да бар


Соғыста өлген орыс сарбаздарының зираты.
Соғыста өлген орыс сарбаздарының зираты.

Ресей Украинаға басып кіргелі майданда 68 011 орыс сарбазы мерт болған. Оның 13 152-сі – соғысқа өз еркімен аттанғандар. BBC агенттігінің Орыс қызметі мен "Медиазона" басылымы ашық дереккөздегі ақпаратты жинап, осындай қорытынды жасады.

"Қаза тапқандардың 19 пайызы – соғысқа өз еркімен аттанғандар. Ресейдің қорғаныс министрлігімен келісім-шарт жасасып, соғысқа өз еркімен кеткендердің көбі – жұмыссыздық пен кедейлік жайлаған шалғай өңірлердің тұрғындары" деп жазады басылым.

Журналистер анықтаған өз еркімен соғысқа кеткендердің арасында 265 шетел азаматы бар. Оның 51-і – тәжікстандық, 47-сі – өзбекстандық, 26-сы – Қырғызстан азаматы. Мақала авторлары "Ресей билігі шетелдіктердің миграциялық статусын қысым құралы ретінде пайдаланады. Оларға "мемлекет мүддесіне жұмыс істесе", елден шығармауға, соғыстан оралған соң азаматтық алу процесін жеңілдетуге уәде береді" деп жазады. Журналистер "Орысша білмейтін шетелдіктер өзіне берілген құжатты дұрыс оқи алмастан қол қойып жібереді" дейді.

Ресей Украинадағы соғысқа миграттарда 2022 жылы тарта бастады. Оларға ақшалай сыйақыдан бөлек, Ресей азаматтығын жеңілдетілген жолмен беру уәде етілген. Соғысқа тек ерлер емес, аспаз бен медбике болу үшін әйелдер де тартылып жатты. 2024 жылы маусымда Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастыркин "арнайы әскери операцияға" ("соғысқа" – ред.) жіберілген мигранттар саны "10 мыңға жуықтайтынын" айтқан.

Ресейдің қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыста өлген сарбаздар санын ашық айтпайды. Ведомство соңғы рет 2022 жылдың қыркүйегінде 5937 солдаттың қаза тапқанын хабарлаған.

Ресейлік "Вагнер" жалдамалы әскери компаниясы Қазақстанда да хабарландыру жариялап, соғысқа адам тартумен айналысқан. Жалдамалы әскер қатарына қосылған қазақстандықтар бар, бірақ олардың нақты саны белгісіз. Былтыр ақпанда Азаттық Донбасста өлген екі қазақстандықтың денесі елге жеткізіліп, Қарағандыда жерленгенін жазған. Сол жылы наурызда Семейде 33 жастағы азамат жерленген. Ол Бахмут қаласының түбіндегі айқаста қаза тапқан. Былтыр қарашада Қарағанды облысы Топар кентінің 34 жастағы тұрғыны Алексей Шомполов Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін алты жыл сегіз айға сотталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG