Accessibility links

Қазақстандық студент "Вагнер" қатарына қосылған. Анасы ұлымды соғысқа күштеп әкетті деп отыр


Қазақ студенті "Вагнерге" "өз еркімен" қосылғанын айтады. Анасы ұлымды соғысқа күштеп әкетті дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:04 0:00

Томск мемлекеттік университетінде оқитын қазақстандық студент Марғұлан Бекенов ресейлік "Вагнер" жеке әскерінің қатарында Украинадағы соғысқа аттанған. Бекеновтің анасы Альмира Бекенова Азаттықтың "Сибирь. Реалии" сайтына ұлын "Вагнер" тобы соғысқа күштеп әкеткенін айтқан.

"Наурызда ол Томскіден аяқ астынан Краснодар аймағына кеткенде қатты таңғалдық. Ол қызыма кеттім деді, кейін белгісіз біреулер оны ұрлап әкетіп, "Вагнер" тобына қосқаны анықталды. Онымен Молькин хуторында кездесуге мүмкіндік алдым, ол жердің бәрінде "вагнерліктердің" плакаты ілулі тұр. Ұлыммен дұрыстап сөйлесуге мүмкіндік берген жоқ, жағдайы нашар, бірақ ол ешқандай келісімшартқа қол қоймадым деп отыр" дейді Бекеновтің анасы.

Қазір Ресейде жүрген Альмира Бекенова "Вагнер" ұлын 12 сәуірде майданға жібергенін айтады.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі Марғұлан Бекенов "Вагнер" қатарына өз еркімен қосылған деп отыр.

– Бізде бар мәлімет бойынша, бұл азамат "Вагнер" жеке әскер тобымен ерікті түрде келісімге қол қойған. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бұл азаматтың туыстары қайырылған соң, Ресейдің тиісті органдарына сұрау салды. Ақпаратты тексеріп жатырмыз. Консул азаматтың туыстарымен байланыста, – деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Артынша, 20 сәуірде кешкісін Марғұлан Бекеновтің "Вагнер" қатарына өз еркіммен қосылдым" деген видеосы тарады. Ол видеода "Вагнер" қатарына "соғысу үшін, арнайы әскери операцияға көмектесу үшін қосылғанын", "жағдайы жақсы екенін" айтады.

Бұл видеоны Бекенов өз еркімен жазды ма, әлде қысыммен жазды ма – белгісіз.

"Вагнер" – Ресей президенті Путиннің аспазы Евгений Пригожинге тиесілі жеке әскери бөлім. "Вагнерліктер" Сириядағы, Африка елдеріндегі және Украинадағы соғысқа қатысып жатыр. Сарапшылар "Вагнер" тобының көп әрекетін әскери қылмысқа жатқызады. Пригожин өзінің жеке әскери бөліміне Ресей түрмелерінде отырғандарды, Орталық Азиядан келген мигранттарды тартқан.

Қазір "Вагнер" Украинаның Бахмут қаласындағы ауыр шайқасқа қатысып жатыр. Украинадағы соғыста Пригожин "әскері" көп шығынға ұшырағаны да айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG