Accessibility links

Алматыда бес адам тамақтан уланған деген дәрігери анықтамамен ауруханаға түскен


Бұл хабарды таратқан Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі Майра Бейсеуованың айтуынша, тамыздың 14-і, яғни жексенбі күні, Алматы қаласының, Бостандық ауданының Түркебаев көшесі бойындағы 246-шы үйдің 57-ші пәтерінде тұратын 5 адам тамақтан уланып, жедел түрде ауруханаға баруға мәжбүр болған.

Олар қолдан жасалған шұжық және тауық жұмыртқасын жегендерін айтқан. Алайда тағамнан уланды деп ауруханаға түскен бұл адамдардың денсаулық жағдайын білу мақсаты Алматы қалалық құтқару қызметімен байланысқанымызда ондағы кезекші бізге қалалық «03», яғни жедел жәрдем көрсету ауруханасымен сөйлесуді кеңес етті.

Ондағы кезекші аға дәрігер Зоя Қалиева ондай аурулардың бұл ауруханада жоқ екендігін, бәлкім, ең дұрысы, қаладағы жалғыз инфекциялық ауруханадан сұрағандарың жөн дегенді айтты. Ал осы аурухананың бас дәрігері Әмір Қарабеков болса, ондай аурулардың өзінде жоқ екендігін айтып шыр-пыр болды.

Қазақстанның кейбір облыстарында құс тұмауы өршіп тұрғанын еске сала отырып ауырған құс етін немесе құстың жұмыртқасын білмей жеген адамға осы құс тұмауы жұға ма деген сауалымызға ол бірден «бұл мүмкін емес, құс тұмауы тек құстардікі, ал адамға келер болсақ адамның өзінің тұмауы бар емес пе, сол жетеді» деп қысқа қайырды.

Құс тұмауы демекші, бүгінгі күні осы құс тұмауының белгісі білінген Павлодар, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы елді мекендерде құс еті мен құс жұмыртқасын сатуға Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық қызметі тарапынан тиым салынған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық департаментінің мониторинг және болжау бөлімінің бастығы Талғат Әділғазинның айтуынша, Қазақстанда құс тұмауы шілденің 22-сі күні Павлодар облысының Ертіс ауданына қарасты Голубовка елді мекенінде білінген. Осы ауылда 450 шақты қаз кенет өліп қалған соң оған лабораториялық тексеру жүргізгенде бұл үй құстарының құс тұмауынан өлгендігі анықталған. Ауылға карантин орнап, ауылдағы 2950-дей үй құсы өлтіріліп, өртелінген. Осындай жағдай құс тұмауының белгісі білінген Ақмола облысының Қорғалжын ауылына қарасты Үшсарт ауылында, Қарағанды облысының Шет ауданындағы Тұмсық елді мекенінде орын алған.

Т.Әділғазинның айтуынша Қазақстанға құс тұмауын көршілес Ресей, Қытайдан ұшып келген жабайы құстар таратып отырған көрінеді. Алайда, оның айтуынша, құс тұмауының адамға зияны жоқ, ондай оқиға әзірге болған емес.
XS
SM
MD
LG