Қуаныш пен Абаш

Республика сарайында өткен «Ретро айтысқа» қарағандылық «сары тентек» атанған Қуаныш Мақсұтов та қатысты. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.

Маусымның 2-сі күні Республика сарайында өткен «Ретро айтыста» қарағандылық «сары тентек» атанған Қуаныш Мақсұтов пен Өскеменнен келген Абаш Кәкенов сөз қағыстырған еді.

Айтыскерлер Қазақстандағы жемқорлық тақырыбын қозғады.

- Ақындары қайраткерге айналғанда,
Ұрлық пенен жемқорлық тиылады, - деп жырлаған Қуаныш Мақсұтов білім саласындағы келеңсіздікті де сынап өтті.

- Қытайдың бір жарым миллиард халқы бар ғой,
Олардың бірақ, керемет салты бар ғой.
Студентке интернетпен тамақ беріп,
Талон менен тамағының нарқы бар ғой.
Қара нанмен қазақтар батып жүр ғой,
Бұйырғанын тәуба деп татып жүр ғой.
Үш жүз мыңнан оқуға ақша төлеп,
Бір квартирада он студент жатып жүр ғой.
Ұрпақ азса, ұлтыңнан нәр таяды,
Арызшыл десе, бетіңнен ар таяды.
Оқуға жиналған ақшаларға
Джип мініп, ректорлар талтаяды.
Әр адам емтиханнан өту керек,
ВУЗ-дар білімменен беку керек.
Осының бәрін жөнге келтірмесе,
Министрің Жұмағұлов деген,
Жұмыстан кету керек, - деді.

Абаш Кәкенов қарсыласына былайша тоқтау айтты:

- Ай, отырсың ба айғайлап, бұзайын деп?
Жатқандай көкейіңе тұз-ай кеп.
Енді сен бүлдіріп жібересің,
Отырсың қазір-ақ бұзайын деп.
Ай, білмеймін, мұның-дағы сасқаны ма,
Ел алдында өтірік тасқаны ма?
Жұлдыз боп көрінгісі келіп жүр ме
Жарқыраған қазақтың аспанында?
Талай-талай айтыста бірге болдық,
Бір сұмдық бар сөзінің астарында, - деді.


http://www.youtube.com/embed/nA3YM66rfSM


Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.

Your browser doesn’t support HTML5

Қуаныш пен Абаштың айтысы