Accessibility links

Жаңа биометриялық төлқұжат төңірегінде көпшіліктің пікірі екіге жарылып отыр


Қазақстандық биометриялық төлқұжатта ұлты деген бағанның болмауын қоғам қайраткерлері «қазақ ұлтын жоюға апаратын процесс» деп бағалаған еді. Азаматтардың кейбірі жаңа құжаттың қолайлығын айтады.Әділет министрлігі «ИКАО» ұйымына биометриялық төлқұжатқа азаматтардың ұлтын көрсететін бағанды енгізу туралы ұсыныс айтып, хат жолдады.

Жаңа төлқұжат жайлы көпшілік сан алуан көзқарасын айтып жатқанда Әділет министрлігі бүгінгі күні мұндай құжатқа 2600 азамат ие болғанын хабарлады. Оның енгізілуіне қарсы азаматтардың басым бөлігіне құжаттағы бір нәрсе - «ұлты» деген бағанның алынып тасталуы ұнамаған. Саясаттанушы Айдос Сарым технология жетістігіне қарсы емеспіін дегенімен, құжатқа өз ұлты атауының симай қалғанына қынжылады.

- Менің білетінім, мысалы көптеген елдерде шетелдің паспорттарында елдің аты сол елдің ұлтымен сай келеді. Мысалы, Швейцариялықтар ұлтын швейцар деп атайды. Немістер Германия деп атайды. Бірақ олар баяғыдан бері қалыптасқан азаматтық қоғамы бар, мемлекеттік ұлттық мәселелерін шешіп алған. Олар қалай десе де, оларға ұят емес. Ал енді біз енді ғана құрылып келе жатқан мемлекетпіз. Ұлт мәселесіне келетін болсақ, әлі күнге дейін дау туғызып келе жатыр. Дәл осындай кезде дөп басып, осылай ғана болсын деген нәрсенің өзі дұрыс емес.

Әділет министрлігі болса, мұны халықаралық талаптармен байланыстырып отыр. Жергілікті ақпарат құралдарына сұхбат берген Әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша, «егер құжатқа «қазақ» деген жазуды енгізсе, онда ол шетелде жарамсыз болып шығады» екен.
Жаңа биометриялық төлқұжат енгізілсе, ұлт атауынан қазақпен қатар Қазақстанда тұратын диаспора өкілдері де айрылайын деп отыр.

Бұған Қазақстанда тұратын диаспора өкілдері қалай қарайды екен?

Ұлты ұйғыр Қазақстан азаматы Дилярам Аркин жаңа төлқұжаттың енгізілуін қолдайды.

- Менің көзқарасым бойынша, бұл жерде жанама болса да, Назарбаевтың «болашақта ұлтқа бөлмейміз, бәрі қазақстандық болсын» деген ұсынысы жүзеге асып жатқан сықылды. Қазіргі сәтте ЕуроОдақ мүшелерінің барлығы биометриялық паспортқа көшті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етейін деп отырған Қазақстанда биометриялық паспорт енгізілсе, онда бұл бір қадам алға жылжу болмақ.

Сұхбаттасымыздың пікірінше, оның бірқатар кемшіліктері болғанмен, артықшылықтары көп.

- Биометриялық паспорттардың сөзсіз артықшылығы - онда мәліметтер базасы бір ғана микрочипке сыйғызылған. Бұл шетелге шыққанда өте қолайлы. Жалпы биометриялық паспортты енгізу Орлеан келісім-шартынан кейін басталды. 2001 жылы қыркүйектің 11-де АҚШ-та болған лаңкестік әрекеттерден кейін АҚШ үкіметі өз еліне электронды жүйеде мәліметтер базасы бар азаматтарды ғана кіргізетінін мәлімдеді. Ал голландтық ғалым микрочиптегі ақпаратты өзгертіп, бұл паспорттың кемшілігін дәлелдеп шықты.

Ал ұлты орыс Алматы қаласының тұрғыны Валерий Новиков үшін биометриялық паспортта ұлттың көрсетілуі-көрсетілмеуі маңызды емес.
- Жалпы алғанда маған бәрібір. Ұлт деген нәрсе ол менің кеудемде жазылған. Мен өзімді орыспын деп санаймын және оны кім қалай біледі, мені қызықтырмайды. Және ол паспортта көрсетіле ме, көрсетілмей ме, орыс боп қала беремін.

Қаңтардың 15-і күні Әділет министрлігі «ИКАО» халықаралық ұйымына биометриялық төлқұжатқа азаматтардың ұлтын көрсететін бағанды енгізу туралы ұсыныс айтып, хат жолдапты. Жауап 10 күн ішінде белгілі болады дейді олар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG