Accessibility links

Маржан мен Айнабектің айтысы


Айтыскер ақын Маржан Есжанова. Алматы, 12 ақпан 2011 жыл.
Айтыскер ақын Маржан Есжанова. Алматы, 12 ақпан 2011 жыл.

Наурыздың 15-і мен 16-сы күні Шымкент қаласында «Наурыз айтысы» өтті. Алғашқы күнгі сөз сайысының аудио нұсқасын Азаттық радиосы техникалық себептерге байланысты жаза алмаған еді. Сондықтан тек наурыздың 16-сы күні өткен айтысты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.


Айтыстың екінші күні Батыс Қазақстан облысының жас ақыны Айнабек Бейсенғалиев Оңтүстік Қазақстан облысының белгілі айтыскері Маржан Есжановамен сөз қағыстырды. Қос ақын айтысқа Дінмұхамед Қонаевтың игі істерін арқау етті.

Сөз бастаған Маржан Есжанова Қонаев жайлы былай деді:

- ...Аңсаған қазағына азат қоғам,
Оңтүстікте орыны ерекше еді.
Құтты еді ғой қадамы әр аттаған.
Шет елдік боп кетер ме еді Мақтааралың?
Шекарадан өткізбей, сол ап қалған.
Қайран ердің қадірін білдік пе екен
Туған жерді өзгеге тонатпаған.
Естелігін оқысаң қынжыларсың,
...Өмір соңын айтыпты тозақ болған, - деді.

Айнабек Бейсенғалиев қазақтың қазіргі әлеуметтік күйін «көкектің жұмыртқасын басқан көгершіннің» кейпімен салыстырды.

- Талайға біздер құшақ ашып жүрміз,
Дос қылып, қатарға алып қосып жүрміз.
Шетелдіктер қос-қостан коттедж салып,
Біз болсақ, пәтер таппай босып жүрміз.
Мұнай менен шахтаны жұртқа беріп,
Өздеріне жалданып, жасып жүрміз.
Жер астының байлығынан рахат көрмей,
Жер үстінің жұртына шашып жүрміз.
Алтын, мұнай, күмістен қандай пайда,
Өзгеге беріп қойып, тасып жүрміз.
Біз, қазақ, әлі күнге көгершіндей
Көкектің жұмыртқасын басып жүрміз, -деді
Айтыстың радио нұсқасын алдағы аптадан бастап әр сейсенбі сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.
XS
SM
MD
LG