Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ақпанның 11-і мен 12-сі күні «Қонаевтай ер қайда» деген атпен айтыс өтті. Алматылық Сара Тоқтамысова айтыстың екінші күні көрермендер тартқан жеребе бойынша ақтөбелік Қайнар Алагөзовпен айтысты.
Сөз бастаған Қайнар Алагөзов билікті тоқыма шұлыққа теңеп:
- Біздің елде қылмыс көп, қылмыскер жоқ.
Тұрсақ та көршілерден көп ілгері.
Жемқорлық, парақорлық - ол да қылмыс,
Біреулер кәсіп қылған - төрімдегі.
Кейде билік тоқыма шұлық сынды,
Бұл дегенің санаға қонымды еді.
Тауып алып бір ұшын тартып қалсаң,
Шұлық тұр түгелімен сөгілгелі, - деді.
Ал Сара Тоқтамысова «Нұр Отан» партиясының елге қызметі туралы:
- Онсыз да қарыз бергіш - ауылдағы ел,
Белшесінен былыққа батқан тіпті.
«Нұр Отан», «Нұр Отан» деп сайлап алдық,
«Нұр Отан» көрсетуде «арландықты».
Мықты болса қайтадан теңдеп берсін,
Қара нардың баурына ауған жүкті, - деді.
Your browser doesn’t support HTML5
Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.