Бегарыс пен Әсемнің айтысы

Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Наурыздың 15-сі мен 16-сы күні Шымкент қаласында «Наурыз айтысы» өтті. Айтыскерлер жекпе-жегінің алғашқы күнгі сөз сайысының аудио нұсқасын Азаттық радиосы техникалық себептерге байланысты жаза алмаған еді. Сондықтан тек наурыздың 16-сы күні өткен айтысты оқырмандар назарына ұсынбақ.

Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасының соңғы жылдары дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан «Наурыз айтысына» биыл айтыстың тұрақты жүргізушісі Жүрсін Ерман да шақырылыпты.

Шымкенттегі 16-сы күнгі айтыстың алғашқы жұбы болып түркістандық Бегарыс Шойбеков пен астаналық Әсем Ережеқызы сахнаға шықты.

Айтыс басталар сәтте Жүрсін Ерман «ақындардың арыстаны» деп атаған Бегарыс Шойбеков сөз арасында туған жерін мақтап былай деген еді:

- Қазығұрттан бастасам кеме қалған,
Нұқ пайғамбар тынысын терең алған.
Сарыағаштың суының шипасы бар,
Дертіңді жазатұғын белең алған.
Сыр бойын жайлап отыр Мақтааралым,
Шалқыған Шардараммен мақтанамын.
Тоғыз жолдың торабы боп отырған,
Арысқа алғысымды ақтарамын.
Шырайлы «Төле би» мен Түлкібасым,
Қарға аунаған түлкідей құлпырасың.
Үш жүздің басын қосқан Ордабасы,
Бөлектеу оған деген ел бағасы.
Қазақтың хандығының бесігі еді,
Созақтың несібелі кең даласы.
... Түркістанда «Тайқазан» тұрған кезде,
Қазақтың несібесі таусылмайды, - деді. Алайда ақын көктем басталған тұста бірнеше елді мекенін су басқан облыстағы төтенше ахуал жайлы сөз қозғамады.

Әсем Ережеқызы да қарсыласынан қалыспай, Оңтүстіктен шыққан белгілі адамдарды тізіп шықты.

- Кешегі Домалақтай әз анамыз,
Көненің бізге жеткен дастаны боп.
Төле би сөйлеп кетсе, хан тосылған,
Осындай елге жамау қарттарың көп.
Тәушендей ақын апам өтті кеше,
Өлеңін көңілімде сақтадым көп.
Өмірден ерте кеткен Бекзаттарың,
Қалады батыр ұлдың атпалы боп, - деді.

Your browser doesn’t support HTML5

Бегарыс пен Әсемнің айтысы


Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбісінде, сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.