Бауыржан мен Төреғалидың айтысы

Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ақпанның 11-і мен 12-сі күні «Қонаевтай ер қайда» деген атпен айтыс өтті. Оралдық Бауыржан Халиолла айтыстың екінші күні байқоңырлық Төреғали Төрәлімен сөз қағыстырған болатын.

Екі ақын әлеуметтік тақырыптармен қатар айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерманның туған күнін де өлеңге қосуды ұмытпады.

Айтысты бастаған Төреғали билікті «торғай құрлы қауқары жоқ» деп сынады.

- Билік неге шет елді жақтай береді?
Өз халқымен санаспау қандай мұңлы.
Өзіміздің елдегі шенеуніктер,
Өзгелердің мүддесін қолдай білді.
Ал халық ақиқатты айтқаны үшін,
Қолдау көрмей, жазықсыз қол қайырылды.
Солардың мұң-зарын тыңдамай ма,
Шерменде қыла бермей шерлі айдынды.
Торғай екеш торғайда балапанын,
Шырылдап жауларынан қорғай білді.
Біздің билік өзінің қазағына,
Қорған бола алмады-ау торғай құрлы, - деді ол.

Ал Бауыржан Халиолла "Нұр Отан" мен президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев туралы айтып:

- Айтатұғын жағдай ма еді бұл дағы,
Шырмауықтар елді талай шырмады.
Ашылмайды, шешілмейді неліктен,
Қос банкирдің өлімінің жұмбағы.
Қазақ талай қиындықта қайралды,
Елім менің ұйқы беріп, қайғы алды.
Бас партия «Отан» еді алдында,
Одан кейін «Нұр Отанға» айналды.
Ештеңеге таң қалмаймын бүгінде,
Болмайды ма нұрсыз өмір сүруге?
Құлыбаев патша болса, егерде,
«Құлотан» боп шығамыз ба түбінде? - деді.

Your browser doesn’t support HTML5

Бауыржан мен Төреғалидің айтысы


Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.