Аманжол мен Серіктің айтысы

Аманжол Әлтаев, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ақпанның 11-і мен 12-сі күні «Қонаевтай ер қайда» деген атпен айтыс өтті. Айтыстың екінші күні астаналық Аманжол Әлтаев көрермендер тартқан жеребе бойынша алматылық Серік Қалиевпен сөз сайыстырды.

Сөз бастаған Аманжол Әлтаев Қазақстан парламентін сынап, «нағыз парламент - айтыс» деді. Ақын:

- Жаңадан жасақталған «нұр» парламент,
Халыққа пайдасы жоқ құр парламент.
Тілі майда келетін сөйлегенде,
Кәдімгі гүл жайнаған гүл парламент.
Үш партия мүше боп кірсе дағы,
Сөзі мірдей боп жығатын сұр парламент.
Айтыс деген қазақтың парламенті,
Бәрінен де мықтысы – бұл парламент, - деді.

Бірақ, бұл шумақты осы айтысқа дейін Бегарыс Шойбеков айтып жүрген болатын. «Қазақтың парламенті айтыс боп тұр, ішіндегі ызасын ақтаратын» деп келетін Бегарыстың өлең жолдарын Аманжол Әлтаев сәл ғана өзгертіп айтып шықты.

Аманжолдың қарсыласы Серік Қалиев те қарсыласынан қалыспай парламентке сын айтып:

- Сайлаудың өткен дауы алға кетті,
Қоймады қанымызда бар ғадетті.
Ұлттың жайын ойлайтын тұлғаларым,
Парламентте отыруды арман етті.
Үш жүзге бөлінетін біздің қазақ,
Үш партия жасады парламентті.
Солқылдақ заң шығарғыш депутаттар,
Онан сайын өршітті жанған өртті.
10 мың алған адамың түрмеде отыр,
10 миллиард алғандар қайда кетті?
...Қашқандардың шет елде тұрағы бар,
Қалайша ел байлығын мұра қылар.
...Қашқаннан соң кетті деп сан соғатын
Қайда қарап жүр осы қырағылар?
Әр елдің азаматтығын алып алған,
Отанға опа бермес, сірә бұлар.
Өз елінде азаматтық ала алмайтын,
Оралманнан қашан осы мұң арылар?
Алла алдында бәрі де жауап берер,
Бұл өмір де судың да сұрауы бар, - деді

Your browser doesn’t support HTML5

Аманжол мен Серіктің айтысы


Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.