Тіркелмеген «Алға» партиясының Алматы қалалық бөлімшесінің жетекшісі Айжангүл Әмірованың айтуынша, қазанның 24-і күні Жаңаөзен полициясы «Голос республики» және «Правда Казахстана» газеттері тиелген көлікті тоқтатып, бұл газеттерде «экстремизмнің белгілері болуы мүмкін» деген күдікпен бәрін тәркілеп алған.
«ЖАЙСЫЗ ГАЗЕТ» ЖӘНЕ ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕС
Айжангүл Әмірова бұл газеттерді жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша өткен аптада Алматыдан пойызбен алдыртқанын айтады. «Оның көбісі таратылып, қалғаны сол («Голос республики» газетінің 14 қазан күні саны – 279 дана, «Правда Казахстана» газетінің соңғы саны – 39 дана) болатын» дейді ол.
– Мен үйде болғанмын. Таңертең маған жүргізуші хабарласып, полиция тоқтатып, багажникті тексерген кезде газеттерді көріп қалғанын айтты. «Мынау кімдікі?» деп сұраған кезде ол «Айжангүл Әмірованыкі» деген. Мен полицияға барам дегенше полицияның өздері келіп тұр екен, – дейді Айжангүл Әмірова Азаттық тілшісіне.
Айжангүл Әмірованың айтуынша, Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы жүргізуші екеуіне түсініктеме жаздыртқан, бұл істі қарауды басқарманың экстремизммен күрес бөлімі қолға алған.
Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасындағы экстремизммен күрес бөлімінің өкілі Нұрбол Телмағамбетов газеттің тәркіленгенін растады. Оның айтуынша, қылмыстық іс қозғалмаған.
– Тергеуші тәуелсіз тұлға ретінде сараптама нәтижесіне қарап, қылмыстық іс қозғау-қозғамау туралы мәселені шешетін болады, – деді Нұрбол Телмағамбетов.
«Голос республики» газеті бас редакторының орынбасары Оксана Макушина газеттің мұндай себеппен тәркіленгеніне аң-таң.
– Біз нақты қай материал біреулердің күдігін тудырғанын айта алмаймыз. Бірақ елімізде бәрі мүмкін екенін ескерсек, «жайсыз газетте» жарияланған зілсіз мақаланың өзінен біреулер қандай да бір «араздық қоздыруды» көруі мүмкін деп қауіптенеміз, – дейді Оксана Макушина.
СОТ ҮКІМІ
Дәл осы күні Алматы қалалық соты тәркіленген екі газеттің бірі – «Правда Казахстана» басылымының иесі Қазақстан коммунистік партиясына байланысты шешімді қарады. Сот бұл партияның жұмысын алты айға тоқтату туралы қазанның 4-і күні шыққан шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Бұл істе партияны қорғаған адвокат Геннадий Намның айтуынша, бүгіннен бастап күшіне енген шешімді енді жоғарғы сот қана тоқтата алады:
– Қадағалау бойынша сот шешімін қайта шағымға бере алмаймыз. Тек бас прокурордың атына, бұл сот шешімінің күшін жою жөнінде жоғары сотқа шағым түсіру туралы өтініш жаза алады.
Геннадий Нам партия басшысы Ғазиз Алдамжаровтың бас прокурорға өтініш түсіретінін айтты.
Адвокаттың дерегінше, сот отырысы екі сағатқа созылған, істі судья Еркін Жанғозин қарапты.
Қазанның 4-і күні Алматының ауданаралық әкімшілік соты Қазақстан коммунистік партиясының қызметін алты айға тоқтату туралы шешім шығарып, партия жетекшісі Ғазиз Алдамжаровқа 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған еді.
Оған «Халық майданы» қозғалысының ісіне «заңсыз араласқан» деген айып тағылған.