Accessibility links

АҚШ Таяу Шығысқа қосымша әскерін жібереді


АҚШ Иранға ескерту ретінде Таяу Шығысқа қосымша әскері мен әскери техникасын орналастырады. АҚШ қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Пэт Райдердің айтуынша, әскер жақын айларда орныға бастайды. Аймаққа қосымша жіберілетін техника арсында эсминец кемелері, әуе қорғаныс жүйелері, алысқа соққы жасайтын B-52 ұшақтары бар.

"Таяу Шығыстағы АҚШ азаматтары мен әскерін, Израильді қорғау, шиеленісті тежеу және дипломатия арқылы азайту бойынша міндеттемелерімізге сәйкес, қорғаныс министрі аймаққа қосымша зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін, жойғыш эскадрилиялар мен танкер ұшақтары, сондай-ақ алысқа ұшатын бірнеше В-52 ұшағын жіберуді тапсырды" деп жазылған Пентагон хабарламасында. Одан "Америка дауысы" үзінді келтіреді.

Бұл күштерді жеткізу мерзімін Пентагон USS Abraham Lincoln әуе тасығыш тобының дайындығымен байланыстырды.

Өткен айдың соңында АҚШ аймақта ракетаға қарсы THAAD жүйесін орнатқан.

Пентагон жетекшісі "Егер Иран, оның серіктестері немесе соған қатысты топтар осы сәтті пайдаланып, америкалық қызметкерлерді немесе АҚШ-тың аймақтағы мүддесін нысанаға алса, АҚШ өз халқын қорғау үшін барлық тиісті әрекетті жасайтынын жеткізгісі келеді" деді.

  • 26 қазанда Израиль Иранның әскери нысандарына соққы жасап, елеулі шығын келтірген, бірақ елдегі маңызды ядролық және мұнай нысандарына тиіспеді деп жазды "Америка дауысы" сайты.
  • Иран биыл Израильге екі рет ірі соққы жасады. Бірінші рет сәуірде – Иранның Дамаскідегі консулдығына соққыға жауап ретінде, екіншісі қыркүйекте Таяу Шығыстағы қарулы топ жетекшілерінің өлімі үшін "кек алу" мақсатында жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG