Accessibility links

Қазақстан тәуелсіздігін жарияласын деп талап қойғандар неге қудалауға түсті?


Қазақ ССР жоғарғы советінің бір топ депутаты Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп аштық жариялаған белсенділермен кездесіп тұр. Алматы, 1990 жылдың мамыр айы. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорындағф фото.
Қазақ ССР жоғарғы советінің бір топ депутаты Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп аштық жариялаған белсенділермен кездесіп тұр. Алматы, 1990 жылдың мамыр айы. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорындағф фото.

Билік 1991 жылы "Алаш" партиясы белсенділерінің наразылық акциясын күшпен таратып, оларды қамауға алған. Партия өкілдері Азаттыққа берген сұхбатында жаңарған одақтық шартқа қарсы болып, билікті тәуелсіздік алуға үндегенін және республиканың егемендік декларациясын не үшін құптамағанын айтқан.

"Қазақстан тәуелсіз болуы керек!". "Алаш" партиясының талабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:27:42 0:00

Азаттық радиосының әр жылдарғы маңызды хабарына арналған "Азаттық толқынында" подкасының бүгінгі эпизодында 1990 жылы Азаттықтың Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин тіркелмеген "Алаш" ұлт-азаттық партиясының өкілдерінен алған сұхбатқа шолу жасалады.

"Алаш" партиясы өкілдерінен алынған сұхбат Азаттық эфирінен біршама кешігіп, 1991 жылғы 2-3 қаңтар күндері берілген. Радио редакциясы мұны Қазақстандағы биліктің қарым-қатынасқа қолайлы жағдай жасамай отырғандығымен түсіндіреді. Яғни, сұхбат жазылған таспа сол кезде Азаттық радиосының орталық кеңсесі орналасқан Мюнхен қаласына жеткенше бірталай уақыт алған. Осындай қиындықтарға байланысты сол кезде Азаттық күнделікті хабарларды телефон арқылы алып отырған. Ал кейде телефон байланысы да нашарлап, дауыс сапасына қатты әсер ететін.

Қиял Сабдалин алған сұхбатқа партияның белсенді мүшелері Рашид Нұтышев, Руслан Қажымұратов және Салтанат Ермекова қатысқан.

БҰЛ "АЛАШ" ҚАЙ "АЛАШ?"

1985 жылы Совет одағында басталған Жариялылық, Қайта құру науқаны, 1986 жылы Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасынан кейін одақ кеңістігінде демократиялық қозғалыстар бас көтерді. Қазақстанда бейресми қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар құрылып, ұлттық жаңғыру жолында билікке өз талаптарын айта бастады. Ондай ұйымдардың кейбірін билік тіркеуден өткізгенімен, кейбіреуін тіркемей шеттетіп отырды.

"Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабек өзіне тағылған айыптарды мойындамады. 2021 жылы денсаулығы әбден нашарлаған Атабекті билік түрмеден босатты. Бірер аптадан соң ол Алматыда қайтыс болды. Суретте: Арон Атабек сот залында тұр. Алматы, 5 қазан, 2007 жыл.
"Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабек өзіне тағылған айыптарды мойындамады. 2021 жылы денсаулығы әбден нашарлаған Атабекті билік түрмеден босатты. Бірер аптадан соң ол Алматыда қайтыс болды. Суретте: Арон Атабек сот залында тұр. Алматы, 5 қазан, 2007 жыл.

Сондай ұйымдардың бірі "Алаш" ұлт-азаттық партиясын 1990 жылы белгілі диссидент Арон Атабек (Нұтышев) құрды. Партия ресми биліктің бітіспес сынаушысы болды. Оның мүшелері рұқсат етілмеген шаралар өткізді деп айыпталып, жиі қудаланған.

Ресми тіркеліп үлгермеген "Алаш" партиясы Қазақстаннан тыс жерде "Алаш" және "Хақ" газеттерін шығарып, елге әкеліп таратып отырған. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде одақтан тезірек бөлінуін талап еткен "алаштықтар" түркі, ислам бірлігіне негізделген Ұлы Түркістанды жаңғырту идеясын ұстанды.

"Алаш" партиясы 1986 жылы Желтоқстан оқиғасына қатысқаны үшін сотталғандарды ақтауды талап етті. Желтоқсан оқиғасына саяси баға беру де "Алаш" партиясы билікке қойған талаптардың бірі болды.

Партия белсенділері 1990 жылғы 15 қазанда ашылған он екінші шақырылымдағы Жоғарғы кеңестің екінші сессиясында қаралатын мәселелерге наразылық білдіріп аштық жариялады. Осы сессияның қарауына Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның соңғы нұсқалары ұсынылды.

Оған дейін, 1990 жылдың шілдесінде Совет одағы коммунистік партиясының (КПСС) XXVIII съезінде СССР президенті Михаил Горбачев жаңарған одақтық шарт қабылдауды ұсынған еді. Онда одақ мүшелері егеменді мемлекет болады, одақтық органдарға тек мемлекеттік қауіпсіздік, сыртқы саясатты жүргізу және экономиканы дамыту құзіреті ғана беріледі деген жаңа тұжырымдар болды. Қазақ ССР президенті әрі Қазақстан компартиясының басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы ұсынысты жақтады.

Ал "Алаш" партиясы жаңарған одақ идеясын Қазақстанды Совет одағынан кейін кезекті мәрте Мәскеуге тәуелді қылатын жол деп атады.

"Алаш" партиясы коммунистік билік "бейресмилер" деп ат қойып, айдар таққан өзге де қоғамдық бірлестіктерді қолдағанымен, өзі келіспеген мәселелерде оларды да сынға алатын.

"Алаш" партиясының аты 1991 жылы желтоқсанда Алматының орталық мешітінде болған оқиғаға байланысты көп аталды. Биліктің сөзін сөйлеуші басылымдар "Алаш" партиясы белсенділері мүфти Рәтбек Нысанбайұлына қол көтерді деп жазды. Арон Атабек ол айыптарды мойындаған емес.

Мешіттегі сол оқиғадан кейін партия жетекшілерінен Рашид Нұтышев, Болатбек Ахметалиев және Мұратбек Есенғазиннің үстінен қылмыстық іс қозғалып, оларға "президент Назарбаевтың ар-намысын қорлады", "рұқсат етілмеген митингілер өткізді" және "тіркеу тәртібін бұзды" деген айыптар тағылды. Осылайша биліктің қырына ілінген "Алаш" партиясының белсенділігі біртіндеп саябырсыды.

Азаттық радиосы "Алаш" партиясы мүшелерінен сұхбатты 1991 жылғы қараша айында, яғни Алматының орталық мешітіндегі оқиғадан бір ай бұрын алған еді.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕГЕМЕНДІГІ НАҒЫЗ ЕГЕМЕНДІК БОЛУЫ КЕРЕК"

Он екінші сайланған Қазақстан Жоғарғы кеңесі 1990 жылғы 15 қазанда екінші сессиясы жұмысын бастады. "Алаш" партиясының мүшесі Салтанат Ермекованың айтуынша, белсенділер жаңарған одақтық шартқа Қазақстанның қол қоймауын талап етіп, парламент алдында аштық жариялап, қарсылық акциясын өткізген. Кейін оларды милиция ұстаған.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап еткен белсенділер Жоғарғы кеңес алдында аштық жариялап жатыр. Алматы, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың жеке архивіндегі фото.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап еткен белсенділер Жоғарғы кеңес алдында аштық жариялап жатыр. Алматы, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың жеке архивіндегі фото.

Сол оқиғаға қатысқан Салтанат Ермекова жағдайдың қалай өрістегенін Азаттыққа айтып берген.

"15 қазаннан бастап, одақ туралы шартқа қол қоюға наразылығымызды білдіріп, Жоғары кеңес алдында пикет өткіздік. Өйткені, біздің ойымызша, Қазақстанның егемендігі нағыз егемендік болуы керек. Қазақстан тәуелсіз ел болуы керек деген талап қойдық", – деді "Алаш" партиясының белсендісі Салтанат Ермекова.

Ол басынан кешкен жайды Азаттыққа баяндаған.

"29 қазанда орталық алаңға бара жатқанымда милиция мені Панфилов көшесінде ұстап алды. Екі қолымнан ұстап, көлікке отырғызып, Совет ауданының халық сотына алып барды. Сонда Жұмасаева деген судья маған 10 күнге қамауға алу жазасын кесу жөнінде шешім шығарды. "Неліктен?" – деп сұрасам, "Сіздер рұқсат етілмеген митингіге шықтыңыздар, жастарды шақырдыңыздар", – деп жауап қатты. Мен мұның демократияға сай емес екенін айттым. "Шақырдым, шақырам да", – дедім. Сосын мені әуелде жалғыз өзімді абақтыға отырғызды", – деген Салтанат Ермекова.

Айтуынша, екі күннен кейін жанына тағы бір әйел адамды отырғызған. Салтанат оны биліктің жіберген адамы болар деп күдіктенеді. Ол өзін бесінші күні полковник Евгений Петрович Семенов деген қызметкер шақырып, әңгімелескенін Азаттыққа айтып берген.

АБАҚТЫДАҒЫ ҚЫСЫМ ТӘСІЛДЕРІ

Салтанат сол кездегі билік өкілдерінің қысым жасау тәсілдері туралы өз басынан кешкен жайларды мысалға келтіре отырып сипаттаған. Айтқанына қарағанда, полковник Семенов мәселенің әлеуметтік жағын сылтауратып, жақсы жұмыс ұсынып көрген. Оған келіспесе, туыстарының жұмысында "қиындық туатынын" айтып қоқан-лоқы жасаған.

"Соңынан ызаланған ол "аузыңды жаппасаң, біз аузыңды жабамыз" дегенді айтты. Мен сол сәт оның жындыхана туралы айтып отырғанын түсіндім", – деген Салтанат Ермекова.

Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп, аштық жариялаған белсенділер. Алматы, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың жеке архивіндегі фото.
Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп, аштық жариялаған белсенділер. Алматы, 1990 жыл. Хасен Оралтайдың жеке архивіндегі фото.

Қамауда отырған кезінде Салтанат Ермековадан серіктері де уақтылы хабар ала алмаған. Кейін белсенді өзіне күмәнді көрінген қасындағы адам арқылы болса да, сырттағы адамдарға хабар беруге тырысқан.

Ол кейін қамаудан шыққанда серіктеріне бір әйел соғып, "Салтанат аштықты тоқтатсын деп жатыр" деп хабарлағанын білген.

Салтанат абақтыда өзімен бірге отырған әйел адамды арандатушы деп біледі. Ол "полковник Семенов те мен туралы түрлі сыбыс, алып-қашпа сөз таратып, арандатпақ болды" деген.

1990 жылы Азаттыққа берген сұхбатында "Алаш" партиясының белсендісі Салтанат Ермекова тергеу барысында билік өкілдері өзін "экстремист" деп айыптауға тырысқанын айтқан.

"Қамауда отырғаныма жетінші күн болғанда прокуратурадан адамдар келіп тергеді. Екеуінің бірі нағыз коммунист екен. "Сендер арандатушысыңдар, экстремиссіңдер" деді. Содан кейін мен оған экстремистердің ашық күреске шықпайтынын айттым. Пикет, аштық деген – экстремистік жол емес, кәдімгі демократиялық жол", – деген Салтанат Ермекова.

Жаңадан құрылған қоғамдық ұйымдарға "экстремистік пиғылдағы бірлестіктер" деп ат қойып, айдар тағу 1989 жылғы Қазақстан компартиясының 17 пленумында көрініс бергенін бұған дейін айтқанбыз.

Белсенді Салтанат Ермекова сол кездегі билік функционерлерінің деңгей-дәрежесін "саясаттан хабарсыз, ұят жағдай", – деп сипаттаған.

Бұл елдің жоғарғы басшылығы, нақты айтқанда сол кездегі Қазақ ССР президенті әрі республикалық компартияның жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың да қоғамдық ұйымдардың әрекетіне қалай қарайтыны белгілі бола бастаған кез еді.

"Алаш" партиясының белсендісі билік сол кезде оларға қарсы қысымды жұмылған түрде ұйымдастырғанын айтқан. Ондай науқанға ақпарат құралдары да үн қосқан.

"Жақында "Социалистік Қазақстан" газетіне де біз туралы мақала шыққан. Сонда олар біздің әрекетімізді бұрмалап, демократиялық жолмен емес, экстремистік жолмен жүретіндей етіп көрсетті. Зиялы қауым өкілдерінен де "коммунистерге қарсы шықпайық" деп жүргендер бар, өйткені олардың арасында қазақтар бар дейді", – деп таңырқаған Салтанат.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының шындығын анықтап, қоғамдық тексеру жүргізуді және сотталған азаматтарды түрмеден босатуды талап етіп, Қазақ ССР жоғарғы кеңесі алдында пикет өткізіп тұрған белсенділер. 1990-жыл. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының шындығын анықтап, қоғамдық тексеру жүргізуді және сотталған азаматтарды түрмеден босатуды талап етіп, Қазақ ССР жоғарғы кеңесі алдында пикет өткізіп тұрған белсенділер. 1990-жыл. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

Салтанат Ермекованың айтқанына қарағанда, сол кездегі жоғары билік 17 желтоқсанға дейін Алматыда киіз үй тігіп, наразылық танытып, аштық жариялаған, саяси талап қойған белсенділер акциясын тоқтатуды жоспарласа керек. Әдетте, 17 желтоқсан – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына орай жиын өтетін күн. Сол кездегі басты талап – Желтоқсан оқиғасына қатысып, сотталғандарды ақтау жөнінде еді. Бұл кезде әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін небәрі 4 жыл өткен.

"Пикетте мені және Болат Ахметалиевті ұстар алдында президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев телевизордан қатаң сөйлеп, мәлімдеме жасады. Сонда ол "алаңдағы қаптаған неформалдар" туралы айтқан, – деген Салтанат өзінен кейін де бірсыпыра белсендінің ұсталғанын айтты.

МИТИНГІГЕ – МОРАТОРИЙ. БИЛІКТІҢ ДЕГЕНІ БОЛҒАН ЖОҚ

Сол кезде билік қоғамдық ұйымдарды Алматыда бір жылға дейін митингі өткізбеуге көндіруге тыраштанып көрген. Қалалық кеңес басшылығы 40-тан астам ұйым өкілдерінің басын қосып жиын өткізіп, бір жылға дейін митингіге мораторий жариялатқызбақ болған. Әлгі ұйымдардың арасында мәдени орталықтар да бар. Азаттықтың "Алаш" партиясы өкілдерімен сұхбатында келесі кезекте сөйлеген белсенді Руслан Қажымұратов осы туралы әңгімелеп берген.

"Сол жиынға Салтанат, Болат және мен үшеуіміз қатысқанбыз. Жиынға 42 бейресми ұйым қатысқан. Алматы қалалық кеңесінің төрағасы Байкеновтің кабинетінде отырғанда митингіге мораторий жариялау жөніндегі құжатқа толық қол қойылмады. Бірақ сондағылардың тең жартысы ғана қол қойған құжатты ертесіне митингі өткізуге бір жылға дейін тыйым салынды деп газетке жариялап жіберді", – деген Руслан Азаттыққа.

Руслан Қажымұратов сол кезде Қазақстан қоғамы тәуелсіз баспасөзге ділгір болып отырғанын айтқан. Ол ресми арналар мен билік газеттері болған оқиғаларды бұрмалап беретінін сынға алған. Қажымұратов сол кездегі ақпарат алаңындағы олқылықтың орнын шетелден хабар тарататын радиолар толтырды деп есептейді.

"Орталық газеттер мен сырттан айтқан сөз бір-бірімен сәйкес келмейді екен. Мәселен, Азаттық радиосын тыңдай келе, өзіміздің қандай жағдайда отырғанымызды түсіне бастадық", – деген Руслан.

Қазақ ССР Жоғарғы советінің Желтоқсан оқиғасына баға беру комиссиясының тұжырымдары мен ұсыныстары жарияланған газеттердің бірі. 28 қыркүйек, 1990 жыл.
Қазақ ССР Жоғарғы советінің Желтоқсан оқиғасына баға беру комиссиясының тұжырымдары мен ұсыныстары жарияланған газеттердің бірі. 28 қыркүйек, 1990 жыл.

Руслан Қажымұратов киіз үй тігіп, аштық жариялағандар акциясы милицияның арнайы жасағының (ОМОН) араласуымен күшпен басылғанын баяндады. Айтуынша, киіз үйде аштық жариялап жатқан 13 адамның бәрін ұстап әкеткен. Олардың бәріне "көгалды таптады" деген айып тағылған. Руслан Қажымұратов сонда да күресті тоқтатпайтындарын айтқан.

Азаттық тілшісі Қиял Сабдалин тіркелмеген "Алаш" партиясы белсенділерімен сұхбатын 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ ССР-нің мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация қабылданғаннан кейін алған болатын. Белсенділер бұл декларацияны да, декларацияны қабылдаған депутаттарды да қатты сынға алған.

Салтанат Ермекова депутаттарды "Назарбаевтың шабармандары" деп атаған.

"Мына декларацияны да егемендік декларациясы деп атауға болмайды. Зиялы қауым болса, оны керемет деп мақтап жатыр. Бұл кешегі құлдықтан екінші құлдыққа апарады", – деген белсенді.

Ол Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының кейбір тұсына келіспейтінін айтқан. "Қазақ ССР Бас прокурорының кандидатурасын Республика президентi СССР Бас прокурорымен келiсе отырып ұсынады және Қазақ ССР Жоғарғы советi бекiтедi" деген және "Одақ үкiметiмен келiсiм бойынша республиканың өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының тәртiбi мен шарттарын белгiлеуге, өз территориясында әскер мен қару-жарақтарды орналастыру мәселелерiн шешуге правосы бар" деген баптарға Салтанат Ермекова келіспейді.

Салтанат Азаттық тілшісі Қиял Сабдалинге берген сұхбатында өзі жайлы да баяндаған.

"Өзім Қызылордада тудым. Алматы консерваториясын музыкалық зерттеу классынан бітірдім. Содан кейін Талдықорғанда бір жыл сабақ бердім. Кейін Алматыда "Өнер" баспасында музыкалық редактор болып жұмыс істедім. Өзім редакциялаған бірнеше кітабым шықты. Ән шығаратын да өнерім бар. "Өнер" баспасында қазақ тілінен орысшаға аударма жасаумен де айналыстым. Сонда жүріп 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаным үшін қуғынға түсіп, жұмыстан кеттім. Сосын композиторлар одағында жұмыс істедім. Сол кезде [Қазақстан компартиясы орталық комитетінде] бірінші хатшы [Геннадий] Колбин болатын. Сонда тіл мәселесін көтеріп, Мәскеуге, орталық комитетке, Жоғарғы советке қол жинай бастадық. Жазушылар одағындағы үлкен жиыннан соң мені бірден жұмыстан қуды. Содан кейін "Алаш" партиясын ұйымдастырған адамдармен таныстым. Партияның ойлары мен идеялары ұнады. Өйткені өз атам да журналист, түрколог еді, Қызылорда пединститутының ректоры болған", – деген Салтанат Ермекова өзі туралы.

Азаттық радиосының әр жылдарғы маңызды хабарларына арналған "Азаттық толқыны" подкасының келесі эпизодында осы сұхбаттың жалғасына шолу жасалады. 34 жыл бұрын алынған сұхбаттан кейін сол кезде "Алаш" партиясы мүшесі болған адамдардың осы оқиғаларға қазіргі көзқарасы қандай екенін білмек болып өздеріне хабарласқан едік. Алайда олар қайта сұхбат беруге ықыласты болмады.

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG