Accessibility links

Сүрілетін үйлердің тұрғындары өтемақы көлеміне наразы


Мемлекет мұқтаждығы үшін сүрілетін үйлер орналасқан көше. Шымкент, 11 қыркүйек 2017 жыл.
Мемлекет мұқтаждығы үшін сүрілетін үйлер орналасқан көше. Шымкент, 11 қыркүйек 2017 жыл.

Шымкентте «мемлекет мұқтажына қажет болған» үйлерін сүруге қарсы тұрғындар баспана өтеуіне берілетін ақыға наразы. Билік өкілдері «жер телімдері жыл соңына дейін мемлекет меншігіне өтуі тиіс» екенін айтады. Бірақ кей тұрғындар «лайықты өметақы бермесе, үйден шықпауға бекінгенін» мәлімдеді. Шенеуніктер «үйлерін босатпаса, сот орындаушыларымен шығарамыз» дейді.

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданындағы «Ескі қалашық» атанып кеткен ауданда орналасқан 73 үй күреліп тасталмақ. Жергілікті биліктің мәліметінше, бұл жерде 2018 жылы жол құрылысы басталады.

ТҰРҒЫНДАР НАРАЗЫЛЫҒЫ

Үйінің сүрілетіні жөнінде ескертуді «мамыр айында алған», Тұрысов көшесінде тұратын 62 жастағы жалғызілікті мүгедек ана Рахима Гияеваның үйінде «отбасындағы 11 адам тұрып жатыр». Оның айтуынша, «үлкен ұлы – аурушаң, екі немересі – мүгедек. Қызы да үшбаласымен қолында тұрады».

Мемлекет қажетіне жер телімі алынып, үйі сүрілетін Рахима Гияева. Шымкент, 11 қыркүйек 2017 жыл.
Мемлекет қажетіне жер телімі алынып, үйі сүрілетін Рахима Гияева. Шымкент, 11 қыркүйек 2017 жыл.

- Бірін-біріне жалғап, бес бөлме жасадық. Осы үйден бөлек баратын жеріміз жоқ. Әкімдік үйіміз сүріледі дегеннен тынышымыз кетті. Маусымда бағалаушы компания үйді суретке түсіріп кеткен. 5 миллион теңгеге бағалады. Қазір үй бағасы күннен-күнге өсіп жатыр. Ол ақшаға не аламын? Үй ескі болса да мектеп, емхана, дүкен, базар бәрі жанымызда. Орталық. Ыңғайлы, - дейді ол.

Рахима Гияеваның 33 жастағы кенже ұлы Ибрахимжон Норбаев «жер телімі – екі сотық, үй көлемі – 100 шаршы метрден асатынын» айтады.

Рахима Гияеваның сүрілетін үйінің ауласынан түсірілген сурет. Шымкент, 11 қыркүйек 2017 жыл.
Рахима Гияеваның сүрілетін үйінің ауласынан түсірілген сурет. Шымкент, 11 қыркүйек 2017 жыл.

- Үй ескі дейді. 1999-2001 жылдары бір-бірден бөлме қосып салдық. Қазір бұл үйлер 9 миллион теңге тұрады. Әкімдік үйдің нақты қашан сүрілетінін де айтпай отыр. Мүмкін қыста үйден шығаратын шығармыз дейді. Сонда қыста біз қайда барамыз? – дейді Ибрахимжон Норбаев.

Тұрысов көшесінің тағы бір тұрғыны Қалиса Санемова «бағалап шығарған ақшасына бір бөлмелі үй де келмейді» деп наразы.

Шымкент қаласының тұрғыны Қалиса Санемова. 11 қыркүйек, 2017 жыл.
Шымкент қаласының тұрғыны Қалиса Санемова. 11 қыркүйек, 2017 жыл.

- Су, жарық, газ бар. Орталық. Осыған мән бермей отыр. 80 шаршы метрлік үй мен 1,3 сотық жер телімін 6 миллион 358 мың теңге деп шығарып отыр. Бұл жетпейді, келіспейміз, - дейді ол.

Қалиса Санемованың сөзіне қарағанда, өтемақы сомасы нарықтағы бағадан еке еседей аз. Қалиса Санемованың күйеуі Серік Санемов:

- Өткен жылы осы жерде біздің үйдегідей үйді 12 миллион теңгеге сатты. Ең болмағанда 10 миллионға бағаласа келісетін едік, - дейді.

Шымкент қаласының тұрғыны Серік Санемов. 11 қыркүйек 2017 жыл.
Шымкент қаласының тұрғыны Серік Санемов. 11 қыркүйек 2017 жыл.

БИЛІК ПЕН БАҒАЛАУШЫ КОМПАНИЯНЫҢ МӘЛІМЕТІ

Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Нариман Қасымбековтың Азаттыққа айтуынша, «әкімдік 73 жер телімін мемлекет мұқтажына 2017жылдың соңына дейін алуды жоспарлап отыр. 2018жылы жол құрылысы басталуы керек».

Шенеунік «тұрғын үйлерді (мемлекет қажетіне алынатын жер телімдерінде тұрған үйлер – ред.) мемлекеттік сатып алуға қатысып, жеңіп алған тәуелсіз бағалаушы компания бағалағанын» айтады.

Қазірге дейін 40 шақты жер телімі мен ондағы тұрғын үйлер бағаланды. Оның ішінде 16 жер иесі өтемақымен келіспей сотқа тапсырды. 14 адам келісіп құжаттары тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жолданды.

- Қазірге дейін 40 шақты жер телімі мен ондағы тұрғын үйлер бағаланды. Оның ішінде 16 жер иесі өтемақымен келіспей сотқа тапсырды. 14 адам келісіп құжаттары тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жолданды. Қалғандары ойлану үстінде, - дейді Нариман Қасымбеков.

Оның сөзінше, сүрілуге іліккен үйлердің кейбірінің құжаттары жоқ.

- Қанша үйдің құжаттары толық рәсімделмегенін қазір нақты айта алмаймын. Білетінім, 5 адамның жер телімінің де, үй құрылысының да бірде-бір құжаты жоқ. Құжаты жоқ азаматтар меншігі екенін сотта дәлелдей алатын болса, мемлекет шығынын өтеп береді. Үйден шықпаймыз деген сөз жоқ. Бұл – мемлекеттік бағдарлама. Тұрғындармен жақсылығымен келіссөздер жүргіземіз. Егер болмаса сотқа жүгінуге мәжбүр боламыз, - дейді бөлім басшысының орынбасары.

Мемлекет мұқтаждығы үшін сүрілетін үйлер орналасқан көше. Шымкент, 11 қыркүйек 2017 жыл.
Мемлекет мұқтаждығы үшін сүрілетін үйлер орналасқан көше. Шымкент, 11 қыркүйек 2017 жыл.

Мемлекет мұқтажына қажет деген жер телімдері мен ондағы үйлерді бағалаған, «Бион груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының орынбасары Бақытжан Төлегеновтің Азаттыққа айтуынша, «жер телімі мен тұрғын үйлер нарықтағы бағамен бағаланған».

Бағаны шығару үшін осы шағын аудандағы қазіргі нарық бағасы мен жеке тұрғын үйлердің жағдайы ескерілді.

- Бағаны шығару үшін осы шағын аудандағы қазіргі нарық бағасы мен жеке тұрғын үйлердің жағдайы ескерілді. Мысалы, жер телімінің бір сотығы орташа есеппен орналасқан жеріне қарай 1 миллион мен 1 миллион 400 мың теңге аралығында бағаланды. Ондағы жеке тұрғын үйлердің көбі ескі, барак типтес үйлер. Бұл үйлердің квадрат метрі 70-150 мың теңге көлемінде бағаланды. Жаңадан салынған үйлердің бағасы жоғары. Үйдің саманнан не кірпіштен салынғанының өзі оның бағасына әсер етеді, - дейді ол.

Оның сөзінше, «тұрғындар жеке мүлкін барынша қымбатқа бағалағысы келеді».

- Қазір біз тек қалалық жер қатынастары бөлімінің өтініші негізінде жұмыс істеп отырмыз. Егер тұрғындар біздің шығарған бағаға наразы болса, өз дәлелдерімен кез келген уақытта келуіне болады. Бізден қате кеткен болса, өзгертіп беруге дайынбыз, - дейді Бақытжан Төлегенов.

«СЫРТКӨЗ» САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Азаттық тілшісі Шымкенттегі жылжымайтын мүлікті сатумен айналысатын агенттіктерге де хабарласып, нарықтық бағаны білуге тырысқан еді. Өзін «Айым» деп таныстырған агенттің айтуынша, «Ескі қалашықтағы» сүрілетін жеке тұрғын үйлердің нақты бағасы шығарылмаған, мемлекет өз бағасын беріп отыр».

Рахима Гияева сүрілуге кететін үйінде оқушы немерелерінің киімін жинап тұр. Шымкент, 11 қыркүйек 2017 жыл.
Рахима Гияева сүрілуге кететін үйінде оқушы немерелерінің киімін жинап тұр. Шымкент, 11 қыркүйек 2017 жыл.

«Әлия» есімді агенттің сөзіне қарағанда, «қазір «Ескі қалашықтағы» үйлердің бағасын шығару қиын». Дегенмен ол айтқан «ең төменгі» бағаның өзі Рахима Гияеваға берілетін 5 миллион теңге өтемақыдан жоғары болып шықты.

- Алайда, қанша жерден ескі үй болса да бұл шағын аудандағы жеке тұрғын үйдің бағасы 6 миллион теңгеден басталады, - дейді агент.

...бөлек әрі тәуелсіз бағалаушы компанияға тапсырыс берулеріне болады. Сосын «үйіміздің дұрыс бағаланғанын қалаймыз» деп сотқа арыз түсіру керек. Бұл бағалаулар сотта талданады және сот қайта сараптама тағайындап үйдің бағасын шығарады.

Оңтүстік Қазақстан облысы адвокаттар алқасының мүшесі Қатира Бекболованың айтуынша, «мемлекет мұқтажына деген жерлер міндетті түрде алынады». Бірақ өтемақы мәселесіне келгенде тұрғындардың өз құқықтарын қорғауға, белгіленген сомаларды қайта тексертуге мүмкіндіктері бар.

- Баға жөнінде тұрғындар прокуратураға, сотқа арыз жазуға құқылы. Мемлекеттік сатып алуда жеңіп шыққан бағалаушы компанияның шешімімен келіспесе, бөлек әрі тәуелсіз бағалаушы компанияға тапсырыс берулеріне болады. Сосын «үйіміздің дұрыс бағаланғанын қалаймыз» деп сотқа арыз түсіру керек. Бұл бағалаулар сотта талданады және сот қайта сараптама тағайындап үйдің бағасын шығарады. Сол ақша үй иесіне төленеді, - дейді ол.

Ал үйі сүрілетін Рахима Гияева:

- Қайда барамыз? Қалған ақшасын қайдан аламын? Кімнен көмек сұраймын? Не істейтінімді білмей қалдым. Балаларым далада қалмауы үшін дұрыс баға белгілемесе, үйді бұзуға келісім бермеймін, - дейді.

Рахима Гияеваның келіні мен немересі.
Рахима Гияеваның келіні мен немересі.

Қазақстанда «мемлекет қажетіне алынатын» жер мен баспана дауы барлық аймақтарда жыл сайын шығып, наразы тұрғындар түрлі қарсылық акцияларын өткізіп жатады. Ол даулардың сипаты көбінесе бірдей болып келеді – баспана иелері белгіленген өтемақыға дәл сондай үй сатып ала алмайтындарын мәлімдейді. Бұл даулар бойынша өткен сот шешімдері кейде әкімдік пайдасына шығарылып жатады.

XS
SM
MD
LG