Accessibility links

Үйлерін сүруге қарсы болғандар сотқа тартылды


Билік өкілдері үйді сүруге қарсылық білдіріп, шатырға шығып алған әйелдерді күшпен түсіріп жатыр. Астана, 15 тамыз 2014 жыл.
Билік өкілдері үйді сүруге қарсылық білдіріп, шатырға шығып алған әйелдерді күшпен түсіріп жатыр. Астана, 15 тамыз 2014 жыл.

16 тамыз күні Астана қаласының әкімшілік соты тоғыз әйелге екіден 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (1 АЕК – 1852 теңге) айыппұл салу туралы шешім шығарды. Сот оларды «сот үкімін орындамағаны немесе билік өкіліне қасақана бағынбағаны» үшін жазаға тартқан.

Сотқа тартылғандардың бесеуі – баспаналары тұрған бұрынғы саяжай жерлерін «мемлекет қажетіне» алуға және үйлерін сүруге қарсылық білдіріп, аштық жариялаған әйелдер. Қалған төртеуі жұма күні оларды қолдауға барған көршілері мен таныстары болатын.

Жауапқа тартылғандардың өкілі Ольга Рубахованың айтуынша, сенбі күні сотқа белгіленген уақытқа келмеген әйелдерді полиция мәжбүрлеп алып барған.

– Олардың аштық жариялап жатқанына бүгін он бірінші тәулік, шама-халдері таусылған. Полицейлер оларды қапырық көлікке салып алып келді. Сот кезінде екі әйел қысылып қалған соң жедел жәрдем шақырды. Дәрігерлер оларды ауруханаға алып кетпекші болған еді, бірақ әйелдер барудан бас тартты, - дейді Ольга Рубахова.

Рубахованың айтуынша, 15 тамызда Алтын Червалиеваның үйі сүрілгенде сол жерде болған оның көршісі – ер адамды сол күні әкімшілік сот бес тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Жұма күні Астанада сот орындаушылары Алтын Червалиеваны үйінен мәжбүрлі түрде шығарып, бульдозермен үйдің қабырғасын бұзып тастаған еді. Әйелдер енді үйдің орнына шатыр тігіп, жерлерін «мемлекет қажетіне» алуға наразылық акцияларын жалғастырмақ ниеттері барын айтады. Бес әйелдің біреуі – Сандуғаш Серікбаева жүкті болуына байланысты бұған дейін аштық акциясын доғарған болатын.

XS
SM
MD
LG