Смартфонды қалай тазалауға болады?
Коронавирусты таратпау үшін ешкімге қол бермей, ешкімнің қасына жақындамай жүрсіз бе? Бірақ індеттің телефон арқылы таралатынын білесіз бе? Жұрттың бәрі оқшауланып, үйде отырған қазіргі кезде ұялы телефонды бұрынғыдан да жиі қолданатын болдық, сондықтан оны тазалап отыруды ұмытпау керек. Ендеше мына кеңестерге құлақ асыңыз.
Оқи отырыңыз: Телефонды тазалау әдісі
Әлемдегі қазіргі жағдай бойынша 5 ақпарат
- 31 наурыз Алматы уақыты бойынша 17.00-дегі дерек бойынша, әлемде 788552 адамнан коронавирус табылды. АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, 37787 адам қайтыс болды. 166768 адам дертінен айықты.
- Испанияда кейінгі 24 сағатта 849 адам көз жұмды. 30 наурыз – Испания үшін адам шығыны ең көп болған күн. Қазір бұл елде 8189 адам қайтыс болды, 94417 адамнан вирус табылды. Адам өлімі жөнінен Испания Италиядан кейін (11591) тұр.
- Иранда Covid-19 дертінен көз жұмғандар 2898 адамға жетті. 44605 адамнан вирус табылды.
- АҚШ-та 164 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. Қазір бұл ел вирус жұқтырғандар саны бойынша алдыңғы қатарда тұр. 3100-ден астам адам қайтыс болды.
- Түркияда вирус жұқтырғандар он мыңнан асты. 168 адам көз жұмды.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында бір отбасындағы сегіз адамнан вирус табылды
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында бір отбасындағы сегіз адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Олар 6 мен 45 жас аралығында. Үшеуі 14 жасқа толмаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметовтің айтуынша, олар бұған дейін коронавирус жұққан науқастармен байланыста болып, карантинге жатқызылған.
"Облыста науқастармен араласқан 388 адам анықталды. Оның ішінде 101 адам тығыз қарым-қатынас жасаған. Барлығы үй жағдайындағы бақылауға алынды" деп жазды сайт.
Қызылорда облысы - вирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Нұр-Сұлтан (176) және Алматы қаласынан (82) кейін үшінші орында тұр. Мұнда 18 адамға Covid-19 дертіне шалдыққан. 31 наурыздан бастап мұнда шектеу шаралары енгізілген. Көліктердің облыс аумағына кіріп-шығуына тыйым салынды.
Өскемен мен Семей тұрғындары сыртқа арнайы рұқсат қағазымен шығады
31 наурызда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов коронавирустың таралуын алдын алу үшін 2 сәуір түнгі 00.00-ден бастап Өскемен және Семей қаласында шектеулер қойылатынын мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, Өскемен мен Семей тұрғындары 6 сәуірден бастап сыртқа арнайы рұқсатпен аптасына үш рет қана шыға алады. Рұқсат қағазын әкімдік әр отбасыға таратпақ.
- 6 наурыздан бастап Өскемен және Семей тұрғындары сыртқа арнайы рұқсат қағазбен ғана шыға алады. Анықтаманың бірінші түрі қала тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкерлерге беріледі. Екінші түрі әр отбасыға беріледі. Осы рұқсат қағазбен әр отбасы аптасына үш рет тамақ алуға, дәріханаға, банкке, ауруханаға шыға алады. Жасыл рұқсат қағазымен жұп күндері, ақ рұқсат қағазы тақ күндері сыртқа шығуға болады, – деді әкім.
2 сәуірден бастап Семей және Өскемен қаласының кіреберісіне 15 бақылау бекеті орнатылады. Қалада көлік қозғалысына, қоғамдық көлік қозғалысына шектеу қойылады. Дүкен мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Басқа қызмет көрсету орындарының жұмысы тоқтайды. 70 жастан асқан қарт адамдарға, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге тамақ, азық-түлік жеткізіп береді. Оларға арналған 4-12,5 мың теңгелік төрт комплект жасалған. Керек заттар аптасына бір рет жеткізіледі. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 600 мың теңге, орден алған еңбек ардагерлеріне 100 мың теңге, орден алмаған еңбек ардагерлеріне 42,5 мың теңге көмек төленеді.
6 сәуірден бастап қалада жеке көлік қозғалысына шектеу қойылады. Жұп күндері нөл және жұп нөмеріне аяқталатын көліктер, тақ күндері тақ нөмеріне аяқталатын көліктер жүреді.
Қазір Шығыс Қазақстан облысында екі адамнан коронавирус табылған.
ПІКІРЛЕР