Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында бір отбасында сегіз адамнан коронавирус табылды деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған мемлекеттік 24.kz сайты. Олар 6 мен 45 жас аралығында. Үшеуі 14 жасқа толмаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметовтің айтуынша, олар бұған дейін коронавирус жұққан науқастармен байланыста болып, карантинге жатқызылған.
"Облыста науқастармен араласқан 388 адам анықталды. Оның ішінде 101 адам тығыз қарым-қатынас жасаған. Барлығы үй жағдайындағы бақылауға алынды" деп жазды сайт.
Қызылорда облысы - вирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Нұр-Сұлтан (176) және Алматы қаласынан (82) кейін үшінші орында тұр. Мұнда 31 наурызда 10 адамнан коронавирус табылды. Олардың барлығы - Жаңақорған ауданының тұрғындары. Облыста науқастар саны 18 адамға жетті. Сейсенбі күннен бастап мұнда шектеу шаралары енгізілген. Көліктердің облыс аумағына кіріп-шығуына тыйым салынды.
Қазақстанда барлығы 22 адам (Нұр-Сұлтан - 15, Алматы - 7) аурудан жазылған. Екі адам көз жұмған. 31 наурызда түнде Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам вирустан көз жұмды. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 65 жастағы әйел адам қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР