Коронавирус Түркістан облысына да жетті
Денсаулық сақтау министрлігінің 31 наурыз 20:45-тегі дерегіне сай, Қазақстанда тағы төрт адамнан коронавирус табылды. Оның екеуі - Нұр-Сұлтан, біреуі - СҚО, біреуі - Түркістан облысында.
Осылайша, қазір Қазақстанда 340 адам Covid-19 дертіне шалдықты. Түркістан облысында вирус жұқтырған алғашқы адам тіркелді. Қазір елде тек Қостанай облысында ғана коронавирус жұқтырған адам жоқ.
Тоқаев халыққа үндеуінде не айтты?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурызда телеарна арқылы халыққа үндеуінде зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек 10 пайызға индексациялауды тапсырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұған бюджеттен 200 млрд теңге бөлінеді.
Тоқаевтың сөзінше, төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған үш миллионға жуық адамға ең төменгі жалақы көлемінде – 42500 теңге (шамамен 95 доллар) алады.
“Бұл қолдауға өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Сонымен қатар, тұрмысқа қажет заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматардың қатары көбейеді. Атап айтқанда, мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, барлығы 800 мыңдай адам алады” деді ол.
Тоқаев 42500 теңге көмек алатындар қалай анықталатынын нақты айтпады.
Қазақстан президенті Тоқаев елдегі шағын және орта бизнес өкілдері үш айға дейін салықтан босатылатынын мәлімдеді.
“Яғни қазіргі таңда бұл салықты төлеудің қажеті жоқ. Бірақ кейін төлеуге туралы келеді" ол.
Коронавирус пандемиясы тарап, мұнай бағасы күрт арзандаған тұста экономикасы шикізат пен мұнайға тәуелді Қазақстанның ұлттық валютасы теңге құнсызданып кетті. Елде қазір коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, облыстардың басым бөлігі карантинге жабылған. Жұрттың көбі табысынан айырылып, көп бизнес тоқтап тұр.
Қазақстанда коронавирус 340 адам коронавирус жұқтырды. 22 адам дертінен айығып, екі адам қайтыс болды. Бұған дейін Қазақстан билігі коронавирус кезіндегі дағдарыспен күресуге 4,4 триллион теңге бөлінетінін мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: "Вирус пен девальвация соққысы". Қазақстан төтенше жағдайға дайын болды ма?
Қазақстандық сарапшылар коронавирус пандемиясы және мұнайдың арзандауы елде инфляцияны жоғарлатып, жұмыссыздықты арттырып, теңгенің құнсыздануына әкеп соғады деп болжайды.
Әлемде вирус жұқтырғандар 800 мыңнан асты
Әлемде коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар 800 мыңнан асты. Бұл туралы АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінде айтылады. Қазір әлемде Covid-19 дертінен 39545 адам көз жұмды. 172869 адам аурудан жазылды.
АҚШ-та вирус жұқтырғандар 165 мыңнан асты. 3400 астам адам қайтыс болды. Америка адам өлімі бойынша Қытайдан (3300 адам өлген) асты.
Италияда кейінгі 24 сағатта тағы 837 адам қайтыс болды, 4053 адамға вирус жұқты. Бұл елде екі күн қатарынан вирус жұқтырғандар саны 4 мың адамның айналасында. Италияда оның алдында бір күнде 5 мыңнан 7 мыңға дейін адамнан вирус табылған. Қазір бұл елде барлығы 105792 адамнан вирус табылып, 12428 адам қайтыс болды. 15729 адам аурудан жазылды.
Испанияда қазірге дейін 94417 адамнан вирус табылып, 8269 адам қайтыс болды.
Тағы екі науқас дерттен жазылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 31 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір адам Covid-19 дертінен айыққанын мәлімдеді. Қазақстанда барлығы 340 адамға вирус жұққан. Қазір елде 24 адам аурудан жазылды. Екі адам қайтыс болды. Қазақстанда барлығы 340 адамға вирус жұққан.
ПІКІРЛЕР