Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:18 9.12.2020

АҚШ коронавирус вакцинасын тез арада тіркеуге ұмтылып жатыр

АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 15 миллионнан асты. Осы тұста билік коронавирус вакцинасын тез арада тіркеп, пайдалануға күш салып жатыр.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, 8 желтоқсанда кемінде үш штат науқастар саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркеген. Денсаулық сақтау саласының мамандары АҚШ-ты күрделі кезең күтіп тұр деп ескертеді.

Осы аптада дәрі-дәрмек пайдалану ісін реттейтін қызмет Pfizer/BioNTech вакцинасы туралы ақпарат жариялаған. Вакцинаның тиімді әрі қауіпсіз екенін куәландыратын құжаттар 10 желтоқсан күнгі кездесуге орай әзірленген. Бейсенбі күні мамандар Pfizer/BioNTech вакцинасын пайдалануға шұғыл түрде рұқсат беру мәселесін талқылайды. Денсаулық сақтау саласының сарапшылары преператты қолдануға рұқсат береді деп болжайды.

Өткен аптада Pfizer/BioNTech вакцинасын әлемде бірінші болып тіркеген Ұлыбритания 8 желтоқсанда тұрғындарға жаппай вакцина салу бағдарламасын бастаған. Вакцина бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен 80-нен асқан егде адамдарға салынады.

АҚШ-та күн сайын коронавирустан шамамен 2 мың адам қайтыс болады. Елдегі ауруханалардың басым бөлігі толған.

13:26 8.12.2020

Ұлыбританияда бірінші тұрғынға Pfizer/BioNTech вакцинасы егілді

8 желтоқсанда Ұлыбритания тұрғындарға коронавирус вакцинасын жаппай егу бағдарламасын бастады. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен 80 жастан асқан адамдар вакцинациядан өтеді.

BBC сайтының жазуынша, коронавирус вакцинасы бірінші Маргарет Кенан есімді 90 жастағы әйел адамға салынған. Осы аптада 91 жасқа толатын тұрғын екпені "бұл туған күніме жасалған ең керемет сыйлық" деп атаған.

Екі күн бұрын Ұлыбританияға америкалық Pfizer және германиялық BioNTech компаниясы бірігіп әзірлеген коронавирус вакцинасының алғашқы партиясы (800 мың доза) жеткізілген еді. Өткен аптада Ұлыбритания әлемде бірінші болып бұл вакцинаны тіркеген болатын.

BBC сайтының жазуынша, осы айдың соңына дейін 4 миллион адамға вакцина егіледі деп жоспарланып отыр.

Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің бас директоры Саймон Стивенс Ұлыбританияда егілген алғашқы вакциналар "коронавируспен күресте шешуші рөл атқаруы мүмкін" деп мәлімдеді.

Ұлыбритания Pfizer-BioNTech компаниясынан 40 млн доза вакцина алуға келіскен. Бұл 20 млн адамға екі реттен салынады. Вакцинация елдегі 50 шақты ауруханада жүргізіледі. Қараша айында компания вакцинаның вирустан 95 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп мәлімдеген.

Ұлыбритания - Еуропада вирустан қатты зардап шеккен елдердің бірі. Мұнда 61 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болған. Әлем үкіметтері мен денсаулық сақтау агенттіктері Ұлыбританияның вакцинация бағдарламасын мұқият бақылап отыр.

Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде бірінші орында тұрған АҚШ осы айдың соңына таман вакцинация бастауды жоспарлап отыр.

11:56 8.12.2020

Алматы “сары аймаққа” оралды

Қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық орталық мәліметінше, Алматы қаласында вирус күшейгеннен кейін қала “сары аймаққа” енген. 4 желтоқсанда ғана қала “сарыдан жасылға” өткен еді. Соңғы күндері қалада орташа есеппен 70-ке тарта науқас анықталып жүр.

Қазір “жасыл аймақта” - Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Алматы облыстары, Шымкент қаласы, БҚО, “сары аймақта” - Алматы қаласынан бөлек, Атырау, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары, “қызыл аймақта” - Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр.

09:58 8.12.2020

Коронавирус және пневмония: 688 науқас анықталды, 10 адам өлімі тіркелді

7 желтоқсанда Қазақстанда коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 670 адам анықталды, 18 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. ПТР-тест нәтижесі оң шыққан науқастар арасында бір күнде 8 адам өлімі тіркелді. Коронавирус пневмониясынан 2 адам қайтыс болған.

Өткен тәулікте Павлодар облысында - 104, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында әрқайсында 75 адамнан коронавирус анықталған. Дүйсенбі күні Шығыс Қазақстан облысында - 71, Алматы қаласында - 65, Атырау облысында - 61, Ақмола облысында - 60, Нұр-Сұлтанда - 41, Батыс Қазақстан облымында 40 адамға Covid диагнозы қойылған. Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында науқас тіркелмеген.

Билік аймақтағы коронавирус пневмониясы есебін сирек жариялайды. 1 тамыздан бері 43 124 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 31 мыңға жуығы жазылған, 456 адам қайтыс болған.

Наурыз айынан бері 137 653 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталған. Осы уақыт аралығында ПТР-тест нәтижесі оң көрсеткен науқастар арасында 2096 адам өлімі тіркелген. Наурыздан бері 120 мыңнан астам адам жазылған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG