Трамптың адвокаты Руди Джулианиге коронавирус жұқты
АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке адвокаты, Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Руди Джулианиге коронавирус жұқты. Бұл ақпаратты Трамп Twitter-дегі парақшасында хабарлады. Жазбасында ол Джулианиді "Нью-Йорк тарихындағы ұлы мэр" деп атап, "сайлаудағы заңсыздықтарды" әшкерелеу үшін тынбастан жұмыс істеді" деп жазған.
Трамп 3 қарашада өткен президент сайлауында жеңілгенін мойындаған жоқ және түрлі заң механизмдеріне сүйеніп, сайлау нәтижесін даулап жүр. Бұл тұрғыда Джулиани оған көп көмектескен. Осыған дейін бірнеше штаттың соты сайлауда дауыс бұрмаланғаны жайлы дәлел болмағандықтан Трамп штабының шағымдарын кері қайтарған.
Сайлау кампаниясы кезінде Джулиани ақпарат құралдарына Джо Байденнің ұлы және Байденнің өзі Украинада жемқорлықпен байланысты қылмыс жасаған болуы мүмкін деп мәлімдеген. Байден мен жақтастары олардың айтқандарын жоққа шығарған.
76 жастағы Руди Джулиани коронавирусқа байланысты түсініктеме бермеді. Оның жағдайы да белгісіз. Одан екі жас кіші Трамп қазан айында Covid-пен ауырып шыққан.
Ұлыбритания осы аптада тұрғындарға коронавирус вакцинасын еге бастайды
Америкалық Pfizer және германиялық BioNTech компаниясы бірігіп әзірлеген коронавирус вакцинасын әлемде бірінші болып тіркеген Ұлыбритания 8 желтоқсаннан бастап тұрғындарға вакцина еге бастайды. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен 80 жастан асқан адамдар вакцинациядан өтеді.
Ұлыбритания Pfizer-BioNTech компаниясынан 40 млн доза вакцина алуға келіскен. Бұл 20 млн адамға екі реттен салынады. Вакцинация елдегі 50 шақты ауруханада жүргізіледі деп айтылады.
Вакцина дозалары иммунизация бағдарламасы басталмай тұрып екі күн бұрын Ұлыбританияға жеткізілген. Шамамен 800 мың доза өте суық контейнерлерге жіберілген. Бұған дейін Pfizer вакцинасын -70 градус температурада сақтау қажеттігі айтылған еді.
Қараша айында компания вакцинаның вирустан 95 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп мәлімдеген.
Ұлыбритания - Еуропада вирустан қатты зардап шеккен елдердің бірі. Мұнда 61 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болған. Әлем үкіметтері мен денсаулық сақтау агенттіктері Ұлыбританияның вакцинация бағдарламасын мұқият бақылап отыр.
Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде бірінші орында тұрған АҚШ осы айдың соңына таман вакцинация бастауды жоспарлап отыр.
26 мыңға жуық адам коронавирус пен пневмониядан емделіп жатыр
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазір 14 096 адам коронавирустан емделіп жатыр, 1010-ы - бала. 241 адамның жағдайы - ауыр, 39 адамның жағдайы - өте ауыр, 33 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Коронавирус пневмониясынан 11,5 мыңнан астам адам емделіп жатыр.
Коронавирус пен пневмония: Бір күнде 745 науқас анықталды, 9 адам өлімі тіркелді
6 желтоқсанда Қазақстанда коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 712 адам анықталды, 33 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. ПТР-тест нәтижесі оң шыққан науқастар арасында бір күнде 9 адам өлімі тіркелді.
Өткен тәулікте Павлодар облысында - 106, Шығыс Қазақстан облысында 100 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Осыған дейін ШҚО бірнеше апта бойы коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша алда келген еді. Жексенбі күні Қостанай облысында - 77, Нұр-Сұлтанда - 67, Ақмола облысында - 60, Батыс Қазақстан облысында - 43, Атырау облысында - 29, Қарағанды және Алматы облыстарында әрқайсында 28 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған.
Билік аймақтағы коронавирус пневмониясы есебін сирек жариялайды. 1 тамыздан бері 43 106 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 31 мыңға жуығы жазылған, 454 адам қайтыс болған.
Наурыз айынан бері 136 983 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталған. Осы уақыт аралығында ПТР-тест нәтижесі оң көрсеткен науқастар арасында 2088 адам өлімі тіркелген. Наурыздан бері 120 799 адам жазылған.
ПІКІРЛЕР