Accessibility links

Досқалиевтің денсаулығы дауға айналып отыр


Жақсылық Досқалиев, Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі. Астана, 5 қазан 2009 жыл.
Жақсылық Досқалиев, Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі. Астана, 5 қазан 2009 жыл.

Бейсенбі күні бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев істі болған Жақсылық Досқалиевтің денсаулығы бірқалыпты екенін хабарлады. Дегенмен экс-министрдің адвокаты құзырлы органдардың Досқалиевтің жағдайын жақсы білетіндігіне күдік келтіреді.

Жақсылық Досқалиевтің адвокаттарының бірі Эдуард Шомпиев бұрынғы шенеуніктің денсаулығы әлі де болса нашар дейді. Оның пікірінше Досқалиевті жедел түрде емдеу керек.

– Оны шұғыл түрде клиникаға жатқызып, кәсіби медициналық көмек көрсету қажет. Досқалиевтің жағдайын бас прокуратура білмейтін шығар, бірақ бізге мәлім, - дейді Эдуард Шомпиев Азаттық тілшісіне.

Адвокаттың айтуынша, Досқалиевтің қысымы соңғы кездері төмендеп кеткенге ұқсайды.

– Ол сөйлеген кезде ентігіп қалады. Сондықтан жауап алуға шектеу қойып отырмыз, - дейді ендігіде сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отырған Эдуард Шомпиев.

Әйтсе де бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев бейсенбі күні өткізген брифингте Жақсылық Досқалиевтің денсаулығы жайында мынаны хабарлады.
Жандос Өмірәлиев, Қазақстан бас прокуратурасының
ресми өкілі. Aстана, 4 қараша 2010 жыл.


– Оның денсаулығы бірқалыпты. Астана қалалық сот медициналық сараптама орталығы сараптама жүргізіп жатыр. Қорытындысы жақын арада дайын болады. Соның нәтижесі бойынша ол тергеу абақтысында жата ма, әлде басқа да шара қолданыла ма – анықталады, - дейді ол.


ДОСҚАЛИЕВКЕ ДИАГНОЗ ҚОЙҒАНДАРДЫҢ "ДИАГНОЗЫ"


Экономикалық қылмыс және жемқорлықпен күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Қожамжаров Жақсылық Досқалиевке «инсульт» деген диагноз қойған дәрігерлердің ісін сотқа дейін жеткізетінін мәлімдеді.

– Егер дәрігерлер кінәлі болса, олардың мәселесін сот органдары шешеді. Ал біз істі сотқа дейін жеткіземіз,- дейді қаржы полициясының бастығы Қайрат Қожамжаров.

Ал бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев «Тергеу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда тергеу барысында біз заң бұзушылықты байқаған жоқпыз», - дейді.

Еске сала кетсек, қазанның 18-і күні Астанадағы ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың бұрынғы министрі жатқан жансақтау бөлімінің меңгерушісі Айгүл Жетімқаринова мезгілсіз дүние салған еді.

Алайда ұлттық орталықтың директоры Абай Байгенжин бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Айгүл Жетімқариновның қазасына бұрынғы министр мәселесі емес, ескі дерті себеп болғанын айтқан болатын.


ІСТІҢ БАСЫ


Қаржы полициясы Жақсылық Досқалиевтің үстінен «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғағаны туралы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған болатын.

Кейіннен қаржы полициясы оған жемқорлыққа қатысты тағы бір айып тақты. Қазанның 2-сі күні Астанадағы Сарыарқа аудандық №2 соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті он күнге қамауға алу жөнінде санкция берген еді. Кейін аудандық сот санкция мерзімін екі айға ұзартты.

Досқалиевтің адвокаттары бұрынғы шенеунікті «ешқайда кетпеу туралы» қолхатпен босатпақ болып сотқа шағымданғанымен еш нәтиже болмады. Астана қалалық соты аудандық соттың шешімін күшінде қалдырды.

Қамауға алу туралы шешім шықпай тұрып, қыркүйектің 25-сі күні қаржы полициясында өткен тергеу кезінде Жақсылық Досқалиевтің денсаулығы нашарлап ауруханаға жатқызылғаны, дәрігерлер оған «инсульт» деген диагноз қойғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ кейін қаржы полициясы экс-министрге «жалған диагноз қойылғаны» туралы мәлімдеме жасаған еді.
XS
SM
MD
LG