Accessibility links

Баласын жоғалтқандар істің тоқтатылуы жаңа сараптамаға байланысты емес деп күдіктенеді


Ерлі-зайыпты Нұрлыбай Ашықбаев пен Сәуле Бапаева жергілікті перзентхананың дәрігерлері олардың тірі туған балаларын шетінеп кеткен нәрестеге айырбастап жіберді деп есептейді.Жаңа Қара-тон ауылы, Жылыой ауданы, Атырау облысы. 9 маусым 2009 жыл
Ерлі-зайыпты Нұрлыбай Ашықбаев пен Сәуле Бапаева жергілікті перзентхананың дәрігерлері олардың тірі туған балаларын шетінеп кеткен нәрестеге айырбастап жіберді деп есептейді.Жаңа Қара-тон ауылы, Жылыой ауданы, Атырау облысы. 9 маусым 2009 жыл

Атырау облысы Жылыой ауданында тұратын жас әйелдің былтыр туған сәбиін жергілікті перзентхана дәрігерлері ауыстырды деп күдіктенуіне орай қозғалған қылмыстық іс жаңа комплексті сот-медициналық сараптама тағайындалуы салдарынан тоқтатылды. Бірақ олар сараптаманың қайда және қалай жүргізіліп жатқанын біле алар емес.

Істің аяқ асты тоқтатылып, қайта сараптауға жіберілуі арызданушы жақтың күдігін күшейтіп, наразылығын туғызды:

- Шамасы істі уақыт өткізу үшін әдейі кідіртіп отыр. Әйтпесе Алматыдан келген республикалық сот сараптамасынан баланың
Сәуле Бапаева мен Нұрлыбай Ашықбаевтың өлі туған нәрестенің ата-анасы болып табылмайтыны туралы Алматы аймақтық медициналық сот сараптамасының қорытындысы. 8 маусым 2009 жыл
ауыстырылғанын дәлелдейтіндей нәтиже келгелі екі ай болды. Оны ендігі не Алматыда, не Астанада жасатып шығатындай уақыт болды емес пе? Мені шаршап қояр, соза тұрайық деп отырған тәрізді ,-деді Азаттық тілшісіне баласын жоғалтқан ана Сәуле Бапаева.

Әлі күнге шейін баласын іздеуден танбаған С.Бапаева істі қараумен айналысып жатқан Жылой аудандық Ішкі істер басқармасының тергеу бөліміндегілер істің барысы жайлы қандай да бір ақпарат айтудан бас тартып отыр деп санайды. Ол өзінің перзентханада туысымен егілген балалар тізімін, ЗАГС деректері арқылы барлық туылған балаларды тексеруді сұраған өтінішінің де орындалмағанын айтады.

Сондай-ақ С.Бапаева күйеуі екеуінің ұялы телефондарына әртүрлі қорқытқан қоңыраулар түсіп жүргеніне шағымданады. Ол «эксгумация жасардың алдында, 2 сәуір күні өзін прокуратурадан соғып тұрмын деп таныстырған бейтаныс әйелдің «неге мәйітті қорлап отырсыз? Ол күнә емес пе? Сізді дұрыс қарамаған дәрігер З.Есенғожина ғой, сонымен неге айналыспайсыз?» деп телефон шалғанын баяндап берді. Бірақ бұл туралы іс жүргізіп жатқан тергеушіге қанша айтқаныммен, ешкім мұны назар аударатын факті ретінде қабылдар емес дейді.

Сондықтан ол істі дұрыс қарауын өтініп Атырау облыстық прокуратурасына арызданған. Облыстық прокуратура бұл арызды қайтадан Жылой аудандық прокуратурасына жіберген.

САРАПТАМАНЫҢ ҚАЙДА ЖҮРІП ЖАТҚАНЫН ЕШКІМ БІЛМЕЙДІ

Жылой аудандық прокурорына хабарласқанымызда істің қайта сараптама жасалу керек болғандықтан, уақытша тоқтатылып тұрғанын хабарлағанымен, сараптаманың қайда жасалып жатқанын білмейтін болып шықты. Істі жүргізіп отырған Жылой аудандық ІІБ бастығының орынбасары Н.Ислямов еңбек демалысына шығып кеткендіктен, ондағылар жауап беруден бас тартты. Облыстық ІІБ баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарова да бұл сараптаманың нақты қайда жүріп жатқанын айта алмады.

Ал істің уақытша тоқтатылғанын жәбірленушінің өзі де, оның адвокаты Айсұлу Омарова да журналистерден естігенін жеткізіп отыр.

- Маған адвокат ретінде ешкім істің тоқтайтындығы туралы ресми хабар бермеді, қаулымен де таныстырмады. Тек жергілікті газет бетінде осы мәселе жарияланған соң ғана маған хабарлама келді.Бірақ жасалатын сараптаманың қайда өткізілетіні жайлы нақты баяндалған қаулы алмадық. Сол себепті ол қандай сараптама және қай жерде өту үстінде, ол жағынан бейхабармыз. Тіпті, қайта зерттеу жайлы алғаш сараптама жасалған орган- Алматыдағы аймақтық медициналық сараптау орталығымен хабарласқанымда, олар да ешнәрсе білмейді екен,-дейді адвокат Айсұлу Омарова.

ӘЙЕЛДІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА КЕЛГЕН ЗИЯН ТУРАЛЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛУЫ КЕРЕК

Сондай-ақ адвокат Айсұлу Омарованың айтуынша қылмыстық іс тек баланың жоғалуына байланысты ғана емес, әйелдің денсаулығына да байланысты қозғалуы тиіс. «Өйткені С.Бапаева алдымен 2008 мамыр айында Жылой аудандық прокуратурасына дәрігерлердің жұмысын дұрыс атқармауына байланысты өзінің денсаулығына зиян келгеніне шағымданғанына қарамастан, құқық қорғау огандары нақты жауап бермей отыр» дейді адвокат.

- Бұған дейін медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің Атырау облыстық басқармасы осы жағдайды тексере келіп, «сіз босану бөлімшесіне дер кезінде түскенсіз, бірақ кезекші дәрігер З.Есенғожина сіздің жағдайыңызды дұрыс бағаламаған, ұдайы бақылау, жедел түрде ота жасамаған» деген жауап берген. Ал кейін облыстық денсаулық сақтау департаменті З.Есенғожина мен бас дәргер Т.Қалиевке қатаң сөгіс жарияланғанын хабарлаған. Кейіннен олар осы хатты 03-4-268 нөмірмен 2008 жылы 26 наурызда облыстық прокуратураға жіберген көрінеді. Ал облыс прокуратурасының осыған не деп жауап бергенін күні бүгінге дейін біле алмай отырмыз. Тіпті, Бапаеваның денсаулығына байланысты жасалған сот-медициналық сараптама қортындысы да қолымызға тимеді ,- деп хабарлады Айсұлу Омарова.

С.Бапаеваның өзі де денсаулығы жайлы сараптама көшірмесінің қолына тимегенін айтады. «Жылой аудандық ІІБ-лер сұрап барған жағдайда біресе көшіру құралы жоқ, біресе жарық жоқ деп түрлі сылтаулар айтады» дейді ол.

- Осы дәрігерлердің кесірінен мен денсаулығымнан толық айырылып болдым, "кесерова" деп бастайды да, жатырды, жатыр түтікшелерін
Cәуле Бапаева дәрігерлердің кесірінен денсаулығынан айырылғанын айтады. 8 маусым 2009 жыл
алып тастайды. Соның кесірінен жасыма жетпей менің ағзамда аурулардың белгілері басталды,-дейді көз жасын тия алмаған С.Бапаева. Жылой ауданында ана денсаулығына қамқорлық емес, қастандық жасалуда деп батыл айта аламын. Мен тұрмақ, жақында 16 жасар қыз баланың да жатырын алып тастағаны белгілі. Қандай қатыгездік, өздері де ана емес пе? Енді бұл қыздың болшағы не болмақ?

Сонымен қатар Сәуле Бапаеваның айтуынша, баланың ауысқаны жайлы мақала жарық көрген барлық газеттерді белгісіз біреулер келіп түп-түгел сатып алып, тараттырмай отырған көрінеді. «Ал аудандағы дәрігерлер жазалану орынына жергілікті газет беттеріне өздерін ақтаған материал жариялап жүр. Менің апарған жауап хатымды, аудандық газет редакциясы басудан бас тартты»,-дейді ол.

ДӘРІГЕРЛЕР ӨЗДЕРІН КІНӘЛІ САНАМАЙДЫ

Жылой аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлсара Өмірбаева «дәрігерлер ешқандай қателік жіберген жоқ» дейді.
- Бапаеваның баласын біз ауыстырдық деп айта алмаймыз. Өйткені біз өлі туған қыз баланың денесін зерттеуден өткіздік, әрі сол күні ауыстыратындай басқа бала болған жоқ. Ал сараптама қорытындысы жайлы ешнәрсе айта алмаймыз,-деп мәлімдеді ол Азаттық тілшісіне.

Дәрігер Гүлсара Өмірбаевның айтуынша С.Бапаеваның денсаулығына келген зиянға дәрігерлер жазықты емес.

- Қан тамырларының бұзылуы болғаны рас. Бірақ бұл жәйт елу жағдайдың бірінде кездесіп жатады, оның себебін медицина тілінде дәлелдеп отырмыз. Тек З.Есенғожина деген кезекші дәрігердің қателігі бар. Ол жайлы медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті прокуратуға бергенмен, біз қандай шешім шығарылғанын білмейміз. Сондықтан өз шешімімізбен З.Есенғожина кезекшіліктен алынып тасталды,-дейді Гүлсара Өмірбаева.

Естеріңізге сала кетсек бұған дейін Азаттық радиосының интернет-басылымында Атырау облысының Жаңа Қаратон ауылы тұрғындары ерлі-зайыпты Сәуле Бапаева мен Нұрлыбай Ашықбаевтардың Жылой аудандық перзентханасы дәрігерлерін былтыр тірі туған қыздарының орынына өлі ұл баланың денесін берді деп айыптап отырғандары туралы жазылған еді.

Олардың құқық қорғау орындарына арыздануларының себебі ҚР Әділет министрлігінің Алматыдағы аймақтық сот-медициналық сараптау орталығының ғылыми-өндірістік зертханасында жасалған молекулярлық- генетикалық сараптамасы қортындысы себеп болған. Осы зертханаға ерлі-зайыптылар талабы бойынша былтыр қыста жерленген сәбидің сүйектері сараптауға жіберілген еді.

Сараптама қорытындысы жерленген мәйіттің Сәуле мен Нұрлыбайдың баласы емес екендігін, әрі оның ұл бала екендігін анықтап берген болатын.Ал аудандық перзентхана дәрігерлері С.Бапаеваның қолына өлі қыз бала тудың деген қағаз берген.

Ерлі-зайыптылардың арызы негізінде Жылой АІІБ ҚР Қылмыстық кодексінің 134-бабының 2-ші тармағы бойынша («Пайдакүнемдiк немесе өзге жамандық ниетпен баланы қасақана ауыстыру») қылмыстық іс қозғалған болатын.
XS
SM
MD
LG