Еркебұлан мен Қайнардың айтысы

Айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ақпанның 11-і мен 12-сі күні «Қонаевтай ер қайда» деген атпен айтыс өтті. Айтыстың алғашқы күні соңғы жұп болып сахнаға астаналық Еркебұлан Қайназаров пен ақтөбелік Қайнар Алагөзов шықты.

Қайнар Алагөзов сөзін «Әйтпесе біздің айтыс - сайлау емес, Өткізе салатұғын халықсыз-ақ» деп бастап, Қонаевтың 100 жылдығының өз деңгейінде аталмай жатқанын айтты:

- Астана туған күні жақындаса,
Нұрекең Имекеңе «маяк» берді.
Той-топыр, ұсақ-түйек топалаңға,
Шетелден шақыртпадық қай актерді.
Солардың тасасында Димаш атам,
Ың-шыңсыз 100 жасқа да таяп келді.
...Десе де мерейтойдың иесіне,
Көрініп тұр құрметтің пәс екені.
Біреудің 100 жасына қарағанда,
Біреудің 70 жасы жақсы өтеді.

Ал Еркебұлан Қайназаров Дінмұхаммед Қонаевтың еңбегін Алматының ағаштарымен байланыстырды:

- Алматыны көк желек қыламын деп,
Ұйықтамапты-ау күнімен-түніменен.
Үй түгілі дачасы болмаса да,
Өтіпті бұл қаланы сүйіп ерен.
Ал қазіргі дөкейлер сәл байыса,
Шалқайған пәтер салар пұлыменен.
Баудай қырып тастайды бау-бақшаны,
Жылан жалағандай қып тіліменен.
...Қонаев қадірлеген апорттарды
«Аборт қылып» жіберді-ау түбірменен.

Your browser doesn’t support HTML5

Еркебұлан мен Қайнардың айтысы


Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбісінде, сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.