Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ақпанның 11-і мен 12-сі күні «Қонаевтай ер қайда» деген атпен айтыс өтті. Түркістандық Бегарыс Шойбеков пен астаналық Айнұр Тұрсынбаева айтыстың екінші күні екінші айналымның соңғы жұбы болып сахнаға көтерілді.
Сөз бастаған Бегарыс Шойбеков депутат пен тендер тақырыбын айтты.
- Сайлаудың көзіңмен көрдің ішін,
Ол деген өту керек теңдік үшін.
Біреулер парламентке ұмтылады,
Шығарсам деп заңдардың ең дұрысын.
Біреулер мәжіліске ұмтылады,
Күресем деп сол жерде елдік үшін.
Олар, рас, бәрімен күреседі,
Елдік үшін емес-ау, тендер үшін.
Әкімі мен депутаты сыбайлас боп,
Бір-біріне жалғайды жеңнің ұшын.
Тендердің шыға қалса бір атағы,
Депутаттар өз-өзін жұбатады.
Мысалы бір мектепке ақша бөлсе,
Барлығы кеп бақтарын сынатады.
...Ақыры Атыраудың көпіріндей,
Мектепті аяқ асты сұлатады.
Біздің "заңды" жемқорлар аман болса,
Әлі талай баланы жылатады.
Мектепті құлатқаны ештеңе емес,
Мемлекеттің өзін де құлатады, - деді.
Айнұр Тұрсынбаева өзіне дейінгі айтыскерлер түгел сөз еткен Жаңаөзен тақырыбына қайта соғып, билікті «жемқорлар» деп атады.
- Жараңды жалап Жаңаөзен,
Бөрідей енді ұлыма.
Төлейтін нең бар, үкімет?
Төгілген қанның құнына.
Мұнайшының жеп айлығын,
Қазақтың жейтін байлығын.
Сағат сайын байитын,
Не дейміз өңшең ұрыға.
Олар үшін ағайын,
... Көкпеңбек доллар – жайнамаз,
Қап-қара мұнай – құбыла.
Бүгінгі билік іш жағы -,
Жындарға толы құмыра.
Құдайым өзің тауфих бер,
Құлқынның өңшең құлына, - деді ақын.
Your browser doesn’t support HTML5
Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.