Аманжол мен Бауыржанның айтысы

Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ақпанның 11-і мен 12-сі күні «Қонаевтай ер қайда» деген атпен айтыс өтті. Көрермен қолдауымен екінші айналымға өткен Бауыржан Халиолла айтыстың үшінші кезеңінде Аманжол Әлтаевпен айтысты.

Сөз бастаған Бауыржан Халиолла Жаңаөзен тақырыбына тоқталып:

- Ау, елде қанша толқу, шеру болды,
Ешбірін оқпен атып, жаншымаған.
Тек бізде қойдай қырып, атып салды,
Ешкім жоқ көңіл айтып, хал сұраған.
Тілімен өз жарасын жазып жатқан,
Жаңаөзен қасқыр сынды-ау қансыраған.
Келмейді қу түлкідей бұлғақтағым,
Келмейді сынап құсап сырғақтағым.
Айтыстың бас ақыны деп жүргенде,
Жаңаөзен жайында, аға, тіл қатпадың.
Бір табан жоғарыға жақын едің,
Үйіңде жатып алып, үн қатпадың, - деді.

Аманжол Әлтаев қарсыласы көтерген Жаңаөзен тақырыбын одан әрі өрбітуді жөн санамады.

- Бүгіннің өткенменен көші жалғас.
Жарқылдап шықпайды ма, есіл алмас.
Горбачевтің жасаған қиянатын
Желтоқсан боздақтары кешіре алмас.
Димекеңді алғанмен орынынан ,
Халқының жүрегінен көшіре алмас, - деп айтыстың негізгі тақырыбы – мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың мерейтойы мәселесін қозғады.

Your browser doesn’t support HTML5

Аманжол мен Бауыржанның айтысы


Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.