Венесуэла билігі оппозициямен келіссөзде Ресейдің араағайын болу туралы ұсынысын қабылдауға дайын. Бұл туралы Ресейдегі Венесуэла елшісі Карлос Рафаэль Фариа Тортосаға сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі хабарлады.
Оның айтуынша, Николас Мадуро Мексика мен Уругвайдың да осыған ұқсас ұсынысын қабылдаған.
“Ресей тарабынан айтылған ұсынысқа келсек, басқаша жауап болуы да мүмкін емес еді, әсіресе оның әлемдегі ірі қақтығыстарда араағайын болу тәжірибесін ескерсек” деді ол.
Ресейдің Венесуэла билігі мен оппозиция арасындағы келіссөзде араағайын болуға дайын екенін РБК агенттігіне Ресейдің сыртқы істер министрлігіндегі латынамерикалық департаменттің директоры Александр Щетинин хабарлаған. Оның айтуынша, Ресей “диалог орнату үшін барлық беделін қолдануға” әзір.
Бұған дейін Reuters агенттігі ресейлік жалдамалы сарбаздардың Венесуэлаға жеткенін хабарлаған еді. Агенттікке жағдайдан хабардар сұхбат берушілердің бірі ресейлік жалдамалы сарбаздардың бірінші тобы 2018 жылы мамыр айында - елдегі президент сайлауы қарсаңында, ал екінші тобы жақында келгенін айтқан.
23 қаңтарда Венесуэла парламентінің жетекшісі Хуан Гуайдо өзін "елдің уақытша президентімін" деп жариялаған. Ол елдегі наразылық шаралары кезінде Николас Мадуроның озбырлығын тоқтатуға және уақытша үкімет құрып, президент сайлауын өткізуге уәде берген.
Оқи отырыңыз: Венесуэлада "уақытша президент" пайда болды
Гуайдоны елдің заңды басшысы ретінде АҚШ, Канада, Бразилия, Перу, Аргентина, Парагвай, Колумбия, Эквадор, Коста-Рика, Чили, Панама және Ұлыбритания таныды.
Ал Ресей Венесуэлада былтыр қайта сайланған президент Николас Мадуроға қолдау көрсетіп отыр. 24 қаңтарда Николас Мадуро Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында Путин "Венесуэлаға сыртқы күштер килігіп", халықаралық құқықтарды бұзып отыр деген.
Николас Мадуро Венесуэланы 2013 жылдан бері басқарады. Ол бұрынғы басшы Уго Чавестің өлімінен кейін сайлауда жеңіске жеткен. Мадуроны құқық қорғаушылар демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарын бұзып отыр деп сынайды. Венесуэла қазір ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатыр. 2018 жылы инфляция деңгейі бір миллион пайыздан асқан. Дағдарыс салдарынан Венесуэладан үш миллион адам көшіп кеткен.