Accessibility links

Reuters: Венесуэлаға ресейлік жалдамалы сарбаздар келген


Венесуэла астанасы Каракас. 24 қаңтар 2019 жыл
Венесуэла астанасы Каракас. 24 қаңтар 2019 жыл

Венесуэлаға ресейлік жеке әскери компанияның жалдамалы сарбаздары ұшып келді деп хабарлайды құпия ақпарат көзіне сүйенген Reuters агенттігі.

Жалдамалы әскердің жағдайынан хабардар екі ақпарат көзі жеке әскери топ сарбаздары оппозицияның наразылық шаралары кезінде Мадуроның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін келді деп айтқан.

Үшінші ақпарат көзі де деректі растағанмен әскерилердің нақты қандай мақсатта келгенін ашып айтпаған.

"Бүкілресейлік офицерлер бірлестігі" комитетінің төрағасы Евгений Шабаев Reuters агенттігіне Венесуэлада шамамен 400 ресейлік жалдамалы сарбаз бар екенін жеткізген. Дегенмен өзге дереккөздер сарбаздардың одан да аз екенін айтады.

Екі елдің қорғаныс министрліктері агенттікке түсініктеме бермеген. Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "бұған қатысты ақпараты жоқ" екенін айтқан.

23 қаңтарда Венесуэла парламентінің жетекшісі Хуан Гуайдо өзін "елдің уақытша президентімін" деп жариялаған. Ол елдегі наразылық шаралары кезінде Николас Мадуроның озбырлығын тоқтатуға және уақытша үкімет құрып, президент сайлауын өткізуге уәде берген.

Қарай отырыңыз: Венесуэла революция қарсаңында тұр (23 қаңтар 2019)

Гуайдоны елдің заңды басшысы ретінде АҚШ, Канада, Бразилия, Перу, Аргентина, Парагвай, Колумбия, Эквадор, Коста-Рика, Чили, Панама және Ұлыбритания таныды.

Ал Ресей Венесуэлада былтыр қайта сайланған президент Николас Мадуроға қолдау көрсетіп отыр. 24 қаңтарда Николас Мадуро Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында Путин "Венесуэлаға сыртқы күштер килігіп", халықаралық құқықтарды бұзып отыр деген.

Николас Мадуро Венесуэланы 2013 жылдан бері басқарады. Ол бұрынғы басшы Уго Чавестің өлімінен кейін сайлауда жеңіске жеткен. Мадуроны құқық қорғаушылар демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарын бұзып отыр деп сынайды. Венесуэла қазір ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатыр. 2018 жылы инфляция деңгейі бір миллион пайыздан асқан. Дағдарыс салдарынан Венесуэладан үш миллион адам көшіп кеткен.

БҰҰ Бас хатшысы Венесуэладағы саяси дағдарысты диалог арқылы шешуге шақырды. Ал Еуропа одағы мәлімдемесінде "Каракас азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын құрметтеуі керек" деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG