Словакия Украинаға C-300 зенит-ракеталық кешенін берді
Бұл туралы Словакия премьер-министрі Эдуард Хегер мәлімдеді.
"Мен Словакияның Украинаға С-300 әуеден қорғану жүйесін бергенін растағым келеді. Украина халқы егемен елін және бізді батыл қорғап келеді. Біздің борышымыз – көмектесу. Ресей агрессиясы салдарынан адамдардың құрбан болуын елеусіз қалдырып, бейжай қарай алмаймыз" деп жазды ол.
Компьютер техникасы мен электроника шығаратын Acer, құрылыс техникасын шығаратын Komatsu және азық-түлік концерні Dr. Oetker Ресейдегі жұмысын тоқтатты. Үшеуі де өз саласында орны елеулі ірі кәсіпорын саналады.
**Донецк губернаторы: Краматорск вокзалындағы шабуылдан қаза тапқандар саны 50 адамға жетті**
Украина шығысындағы Донецк облысы Краматорск қаласындағы шабуылдан кемі 50 адам мерт болды, оның ішінде бес бала бар. Бұл туралы облыс губернаторы Павел Кириленко хабарлады.
Кириленконың сөзінше, марқұм саны өзгеруі мүмкін. 98 адам жарақат алған. Олардың арасында 16 бала бар.
Губернатор 38 адамның оқиға орнында мерт болғанын, 12 адамның ауруханада көз жұмғанын мәлімдеді.
"Оккупанттар жазалануы тиіс" деді ол.
Шабуыл жұма, 8 сәуір күні жасалған. Эвакуацияға мұқтаж мыңдаған адам жиналған вокзалға екі зымыран түскен. Украина вокзалға "Точка-У" зымыраны түскенін, оның артында Ресей әскері тұрғанын айтты. Мәскеу мұны жоққа шығарады.
Германия президенті Путин мен Лавровты сотқа тарту қажеттігін айтты
Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Украинадағы әскери қылмысқа жауапты тұлғалардың бәрін, оның ішінде Ресей басшылығын да жауапқа тарту қажеттігін мәлімдеді.
Der Spiegel журналына берген сұхбатында Штайнмайер Ресей басшысы президент Владимир Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавров Гаагадағы Халықаралық сот алдында жауап беруі тиіс деді. Оның пікірінше, Украинада қылмыс жасаған барлық әскери қызметкер, оларға бұйрық бергендер мен саяси шешімдерге жауапты (арасында Путин мен Лавров та бар - Ф.В.Ш) тұлғалар жазаға тартылуы тиіс. Штайнмайер Буча қырғынын еске алып, ол жақтан түсірілген жан түршігерлік кадрларға "қараудың өзі мүмкін емес" екенін айтты.
Гаагадағы қылмыстық істер жөніндегі Халықаралық сот Украинаның пікірінше, Ресей әскері жасады деген әскери қылмыстарды тергеп те жатыр. Алайда Ресей сотпен әріптестік танытуға ықылас білдірмеген. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков британдық Sky News арнасына берген сұхбатында Путинді халықаралық трибуналға тартуға негіз жоқ екенін айтқан.
Deutsche Welle басылымының жазуынша, кейінгі күндері неміс қоғамында сынға ілінген бұрынғы сыртқы істер министрі, қазіргі Германия президенті бұған дейінгі Ресеймен қарым-қатынасындағы қателіктерін мойындаған. Ол "Солтүстік ағыс - 2" жобасын қолдағаны үшін немесе Донбасс мәселесінде мәмілешіл ұстанымы үшін сынға ұшыраған.
Осыған дейін де Путинді Украинадағы соғысқа байланысты сотқа тарту туралы бірнеше рет бастама көтерілген және оны өте көп адам қолдаған.
Ресей билігі орыс әскері Украинада қылмыс жасап жатыр деген тұжырыммен келіспейді және ондай мазмұндағы хабарламаларды фейк деп атайды немесе жауапкершілікті Украинаға жүктейді.
ПІКІРЛЕР