Accessibility links

Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.
Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 4-10 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

10 сәуір. Украинадағы соғыстың 46-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Северодонецкіде 10 сәуір таңертең мектеп пен екі тұрғын үй атқылауға ұшырады.
  • Киевке барған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға қосымша әскери көмек беретінін мәлімдеді.
  • Зымыран соққысы жасалған Краматорск вокзалында қаза болғандар 52 адамға жетті.
  • Ресей әскері Миргород қаласына зымыранмен соққы жасап, қаладағы инфрақұрылым нысаны қирады. Екі адам зардап шеккен.
  • BBC: Ресей Украинадағы операцияға жетекшілік еткен қолбасшыны ауыстырды. Оған Украинада соғысып жатқан орыс әскері арасында әлсіз координацияны нығайтып, 9 мамырға дейін соғыстан "қандай да бір нәтиже шығару" жүктелген болуы мүмкін.
  • БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттік соғыс басталғалы бері Украинадан 4,3 млн адам босып кеткенін мәлімдеді.
  • АҚШ Ресей мұнайы импортын тоқтататын заңға қол қойды.
  • Алматыда Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алған белсенділерді полиция ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатты.

Еурокомиссия басшысы Киевке: Бұл біздің ортақ күресіміз

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ Украинаны әрі қарай да қолдай береді және Ресей президенті Владимир Путинді әскери басқыншылығы үшін "жоғары құн" төлеуге мәжбүрлейді деді.

Осы апта соңында Украинаға сапарлаған Урсула фон дер Ляйен сапарын ондаған бейбіт тұрғын қырылған Буча қаласынан бастады. Ол қанды қырғын орнына барған Еуроодақтың алғашқы жоғары лауазымды тұлғасы. Өткен аптаның соңында Ресей әскері кеткеннен кейін Буча қаласынан ондаған адамның мәйіті табылып, халықаралық қауымдастық әскери қылмысты қатаң айыптаған.

Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен және Украина президенті Владимиром Зеленский. Киев, 8 сәуір 2022 жыл.
Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен және Украина президенті Владимиром Зеленский. Киев, 8 сәуір 2022 жыл.

Қаланы аралап, бауырластар зиратына барған фон дер Ляйен құрбандарды еске алып, шіркеуде майшам жақты.

Фон дер Ляйен сапарын Бучадан бастау өте маңызды екенін, себебі мұнда адамдыққа нұқсан келгенінін атап өтті. Ол кінәлілер қылмысы үшін жауапқа тартылады деді. "Бұл біздің ортақ күресіміз" деді Еурокомиссия жетекшісі.

Бұдан соң ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен брифинг өткізіп, Киевтің Еуроодаққа қосылу туралы өтінішін тезірек қарауға уәде берді. Ол Зеленскийге одаққа ену процесін бастау бойынша сұрақтар жинағын тапсырды.

Алматыда Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алған белсенділер ұсталды

Алматыда Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алу акциясына қатысқан Oyan, Qazaqstan белсенділерін полиция ұстап әкетті. Бұл жөнінде аталған қозғалыс Телеграм парақшасында хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, белсенділер қолдары байлаулы күйі консулдық алдында жерде жатқан. Осылайша Украинаның Буча қаласындағы қанды қырғын құрбандарын бейнелеуге тырысқан.

Ұсталған белсенділер арасында Әсем Жәпішева, Тамиля Анчуткина, Дархан Шәріпов, Ақбота Шәріпжанова бар.

Оларды Бостандық аудандық полиция басқармасына алып кеткен. Әзірге полиция түсініктеме бермеді.

Киев түбіндегі Буча қаласы сәуірдің басында Ресей әскерінен азат болып, қалада ондаған бейбіт азаматтың өлтірілгені мәлім болды. Мәйіттер арасында қолы артқа қайырыла байланғандар да болды. Қалада бауырластар зираты да пайда болған. Украина билігі 300-ден астам бейбіт тұрғынның опат болғанын айтады. Әлемдік қауымдастық бұл қылмысты жасаған Ресей әскері деп отыр.

Ресей Бучадағы бейбіт азаматтарды өлтірді деген айыпты жоққа шығарып, мұны "Украинаның арандатуы" деп атаған.

Байден Ресей мұнайы импортын тоқтату туралы заңға қол қойды

АҚШ президенті Джо Байден Ресейдің Украинадағы соғысына байланысты Мәскеу мен Минскіге қосымша санкция салатын екі заң жобасына қол қойды.

Ақ үй хабарламасына сәйкес, "Ресей мұнайы импортын тоқтату туралы заң" Ресейден энергетика өнімдерін импорттауға тыйым салады. Ал "Ресей және Беларусьпен қалыпты сауда қарым-қатынасын тоқтату туралы заң" сауда және адам құқығы жөніндегі санкцияларды күшейтуге бағытталған.

Екі заң да Ресейдің Украинаға агрессиясымен байланысты. Заң жобаларын жуырда Конгресс мақұлдаған. Ақ үй баспасөз хатшысы Джен Псакидің айтуынша, санкция - бұл "президент қолдап келген және соған үндеген" шара.

Байден әкімшілігі осы аптада Ресейдің ірі қаржы институттары мен бірқатар тұлғаларына санкция жариялаған.

Еуроодақ та Ресейге кезекті санкциялар пакетін жариялады. Оған сәйкес, өзге өнімдерден бөлек, Ресейден көмір импорттауға, сонымен қатар Ресей мен Беларусь жүк тасымалдаушыларына Еуроодаққа кіруіне тыйым салынды. Санкция тізіміне Владимир Путиннің қыздары Катерина Тихонова мен Мария Воронцова да енген.

Украина қалаларын атқылау жалғасып жатыр

Ресей әскері Украинаның Миргород қаласына зымыранмен соққы жасап, зымыран қаладағы инфрақұрылым нысанына түскен. Полтава облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Дмитрий Луниннің хабарлауынша, екі адам зардап шеккен.

Сенбі күні таңертең сонымен бірге Одесса облысындағы Черноморск қаласына зымыран соққысы жасалған. Бұл жөнінде қала басшысы Василий Гуляев хабарлады.

Ол қала тұрғындарын үрейленбеуге және мүмкіндігінше бомбадан жасырынатын орындарды сағалауға үндеген. Оның айтуынша, Черноморскіде жағдай бақылаудан шықпаған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG