Accessibility links

Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.
Мариупольдің атқылауға ұшырауы. 11 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 4-10 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

10 сәуір. Украинадағы соғыстың 46-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Северодонецкіде 10 сәуір таңертең мектеп пен екі тұрғын үй атқылауға ұшырады.
  • Киевке барған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға қосымша әскери көмек беретінін мәлімдеді.
  • Зымыран соққысы жасалған Краматорск вокзалында қаза болғандар 52 адамға жетті.
  • Ресей әскері Миргород қаласына зымыранмен соққы жасап, қаладағы инфрақұрылым нысаны қирады. Екі адам зардап шеккен.
  • BBC: Ресей Украинадағы операцияға жетекшілік еткен қолбасшыны ауыстырды. Оған Украинада соғысып жатқан орыс әскері арасында әлсіз координацияны нығайтып, 9 мамырға дейін соғыстан "қандай да бір нәтиже шығару" жүктелген болуы мүмкін.
  • БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттік соғыс басталғалы бері Украинадан 4,3 млн адам босып кеткенін мәлімдеді.
  • АҚШ Ресей мұнайы импортын тоқтататын заңға қол қойды.
  • Алматыда Ресей консулдығы алдында Буча қырғыны құрбандарын еске алған белсенділерді полиция ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатты.

Жапония Ресей көмірінен бас тартатынын мәлімдеді

Жапония премьер-министрі Фумио Кишида жұма, 8 сәуір күні Украинадағы соғысы үшін Ресейге қарсы жаңа санкциялар жариялады. Оның ішінде Ресей көмірін импорттауға тыйым салу да бар.

"Біз Ресей көміріне тыйым саламыз. Біз балама көздерді қарастырып, импортты біртіндеп азайтамыз, Ресей энергетикасына тәуелдігімізді азайтамыз" деді Кишида баспасөз мәслихатында.

Мұның алдында ғана Жапония сыртқы істер министрлігі Ресейдің бірқатар дипломатын еліне қайтаратынын мәлімдеген.

Қаржы агенттігі: Қазақстан банктерінен Ресей мен Беларусьтің 12 мың азаматы есепшот ашты

Банк бөлімшесі. Көрнекі сурет.
Банк бөлімшесі. Көрнекі сурет.

2022 жылдың 24 ақпанынан бері Ресей мен Беларусьтің 12 мыңға жуық азаматы қазақстандық банктерден есепшот ашқан. Бұл жөнінде 8 сәуірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

"2022 жылғы 24 ақпаннан бері Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусьтің резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 есепшот ашылған. Оның ішінде 10 725 есепшотты ашу кезінде өтініш берушінің өзі немесе сенім білдірген өкілі болған. 1215 есепшот қашықтан рәсімделген. Нәтижесінде аталған мемлекеттердің Қазақстан банктерінде есепшоты бар азаматтар 162 мыңға жетті" деп жазылған агенттік хабарламасында.

Ведомство ақпанның соңынан бері жеті ресейлік компанияға есепшот ашылғанын, қазақстандық банктерде барлығы 805 ресейлік ұйымның есепшоты барын алға тартады.

Агенттіктің мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде шетел азаматтары мен компанияларына банк есепшотын ашу мен жүргізу тәртібі "қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң нормалары, сонымен бірге Ұлттық банк пен Агенттіктің реттеу талаптарымен реттелген". Оған сәйкес есепшот ашуға өтінішті офлайн режимінде, онлайн да беруге болады.

Ресей басқыншылығына байланысты Мәскеуге салынған санкцияның салдарынан Visa, MasterCard және өзге де халықаралық төлем жүйелерін қолдану мүмкіндігінен айырылған Ресей азаматтарының көрші елдерден, оның ішінде Қазақстан банктерінен жаппай есепшот аша бастағаны жөнінде ақпарат тараған.

Сәуір айының басында Forbes.kz сайты Қазақстан Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктерге халықаралық санкцияға ілінген азаматтарға төлем карталарын рәсімдеудің қаупі жөнінде ескерткенін жазған. Ақпаратқа қарағанда, Ұлттық банк Қазақстан азаматы емес адамдарға карта рәсімдемес бұрын мәселені халықаралық төлем жүйелерінің өкілдерімен талқылап алу қажеттігін алға тартқан. Кейін Ұлттық банк ескерткенін растап, алайда ешқандай шектеу қоймағанын айтқан.

Украина билігі: Краматорск вокзалындағы шабуылда қаза тапқандар саны 39 адамға жетті

Краматорскідегі темір жол вокзалында құтқарушылар зымыран шабуылынан зардап шеккендерге көмектесіп жатыр. Донецк облысы, Украина, 8 сәуір 2022 жыл.
Краматорскідегі темір жол вокзалында құтқарушылар зымыран шабуылынан зардап шеккендерге көмектесіп жатыр. Донецк облысы, Украина, 8 сәуір 2022 жыл.


Жұма, 8 сәуір күні Украинаның Донецк облысы Краматорск қаласының вокзалына екі зымыран түсіп, кемі 39 адам қаза тапты, 87 адам жарақат алды. Бұл туралы Украина билігі мәлімдеді. Киев шабуылды Ресей күштері жасады дейді, Кремль оны жоққа шығарып отыр.

Донецк облысының губернаторы Павел Кириленконың айтуынша, шабуыл кезінде вокзалда мыңдаған бейбіт азамат болған. Жарақат алғандардың халі нашар деді ол.

"Олар үрей тудырып, қорқыныш ұялатқысы келді. Олар мейлінше көп бейбіт азаматты қамтығысы келді" деді Кириленко.

РИА ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ресей қорғаныс министрлігі вокзалға түскен зымыранды тек Украина күштері пайдаланады, Ресей Краматорскіге шабуыл жасаған жоқ деп айтқан.

Украина президенті Владимир Зеленский вокзалға түскен зымыранның "Точка-У" екенін айтқан. Мұндай зымыран Украина күштерінде де бар. Бірақ 6 наурыз күні Conflic Intelligence Team зерттеу тобы "Точка У" зымырандарын қолдануға көшкенін жазған.

Екі ай бұрын Беларусьтің ресми сайты Ресей-Беларусь жаттығуында "Точка-У" зымыраны сынақтан өткенін хабарлаған. Украинаның Донецк вокзалына осы зымыран түскенде, Ресей мұндай қаруды пайдаланбайтынын айтып отыр.

Жұма, 8 сәуір күні Донецк облысы Краматорск қаласындағы вокзалға екі "Точка-У" зымыраны түсіп, кемі 39 адам қаза тапқан. Кремль мұндай зымыранды «Украинаның өзі қолданады» деп шабуыл жауапкершілігін Киевке артқан.

Ресейдің "Точка-У" зымыранын пайдалана бастаған 6 наурызда Conflict Intelligence Team зерттеуі тобы да жазған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG