Роскомнадзор Википедиядан орыс тіліндегі "Киев үшін шайқас (2022)", "Ресейдің Украинаға басып кіруі кезіндегі әскери қылмыстар", "Мариупольдегі аурухананы атқылау", "Мариуполь театрын қирату (2022)" және "Бучадағы қырғын" дейтін мақалаларын өшіріп тастауды талап етті. Роскомнадзордың талабы мен өшірілуі тиіс мақалалардың тізімі Википедияның арнайы парақшасында жарияланды.
Буча қаласында бейбіт тұрғындардың мәйіті көшеде үш аптадан артық жатып қалған. New York Times басылымы Maxar Technologies компаниясының спутниктен түсірілген суреттерін сараптап, осындай қорытынды жасады.
Журналистердің сөзінше, адамдар қала Ресей әскерінің бақылауында болған кезде өлтірілген. Мәселен, 11 наурызда түсірілген суреттер Яблонский көшесінде үш апта бойы қозғалмаған 11 адамның мәйіті бар. Сәуірдің басында Ресей әскері қаладан кетіп, ол жерге Украина әскері кірген. Бейбіт тұрғындардың мәйіті көшеде жатқанын Украина билігі мен халықаралық журналистер хабарлады.
Ресей бейбіт азаматтарды өлтірді деген айыпты әлі де жоққа шығарып отыр. Олар мұны арандатуға теңеп, адамдарды украиндардың өзі өлтірген деп отыр.
"Беларускі Гаюн" мониторинг тобы Беларусьтің Мозырь қаласында курьер қызметі арқылы еліне көлемді тауар жолдаған Ресей әскери қызметкерлерінің дерегін жариялады. Зерттеушілердің айтуынша, Ресей сарбаздары бір күнде екі тоннадан асатын зат жіберген.
2 сәуір күні Мозырь қаласынан Ресейдің Рубцовск (Алтай өлкесі), Уссурийск (Приморский өлкесі), Ульяновск (Ульяновск өлкесі), Чита (Забайкалье өлкесі) және Биробиджан (Еврей автономды облысы) қалаларына 1725 келі салмақта құрал-жабдық, 395 келі техника бөлшектері, үстел, электрсамокат, акустикалық колонкалар, телевизор, кондиционер, алкоголь және киім жіберілген. Видеолардың бір жерінде Украинадағы "Эпицентр" сауда үйінің пакеті көрінеді.
Зерттеушілер сарбаздарда 56-шы гвардиялық десант-шабуыл полкінің шефроны көрінеді дейді. Полк аннексияланған Қырымдағы Феодосияда шоғырланған.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен әскери қылмыстарды құжаттау үшін Украинаға ортақы тергеу тобын жіберетінін мәлімдеді.
3 сәуірде журналистер мен Украина билігі Киевтің солтүстік-батысындағы Буча қаласының көшесінде ондаған адамның мәйіті жатқанын хабарлады. Қала бір ай бойы Ресей әскерінің бақылауында болған.
ПІКІРЛЕР