Байден: Путин әскери сотқа тартылуы керек
АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Путинді тағы да әскери қылмыскер деп атап, оны әскери трибуналға тарту керек деді.
"Өткен айда мені Путинді әскери қылмыскер деп айтқаным үшін сынаған. Бучада не болғанын көрдіңіздер. Бұл оның әскери қылмыскер екенін дәлелдейді" деді Байден.
АҚШ президенті Ресейге санкцияны күшейтуге уәде берді.
ЕО Украинаға тергеу тобын жібереді
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Украинаға соғыс қылмысын құжатқа түсіру үшін біріккен тергеу тобын жіберетінін мәлімдеді. Бұл топ Украинаның бас прокуратурасымен, "Еуропол" және Еуропа одағының әділет агенттігімен бірге жұмыс істейді.
Мариупольде қазір 100 мыңнан астам бар. Бұл туралы қаланың мэрі Вадим Бойченко хабарлады. Оның сөзінше, Ресей гуманитарлық көмек колоннасын бұғаттап отыр, адамдарды эвакуациялауға арналған автобустар жүре алмай тұр.
"Гуманитарлық апаттың алдында тұрмыз: қалада жарық, су, азық-түлік, дәрі-дәрмектің жоқ болғанына бір ай болды. Сол себепті біз Мариупольге кіріп-шығуға мүмкіндік беріп, қаланы толық эвакуациялау қажет деп санаймыз" деді Бойченко.
Азаттық тараптардың ақпаратын тексере алмайды
Путин Еуропа азаматтарына арналған жеңілдетілген виза рәсімін тоқтатты
Ресей президенті Владимир Путин Батыс Еуропа елдерінің азаматтарына арналған жеңілдетілген виза рәсімін тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шара ресми делегаттар мен журналистерді де қамтиды.
Кремль бұл қадамға "Еуроодақ пен бірқатар өзге елдің қастық әрекеттері" үшін барғанын айтады. Путиннің жарлығы Еуроодақ елдерімен қатар Исландия, Лихтенштейн, Норвегия және Швейцария елдерін қамтиды.
Ресей Украинаға басып кіргелі Еуропаның көптеген елі өз аспанында Ресей ұшақтарының ұшуына тыйым салды. Ал Шенген аймағына кіретін бірқатар ел Ресейге азаматтарына виза беруін тоқтатты.
ПІКІРЛЕР