Қара теңізден Одессаға қарата бірнеше зымыран ұшты деп хабарлады Одесса әскері әкімшілігінің спикері Сергей Братчук Украина телеарналарының тікелей эфирінде.
"Жау маңызды инфрақұрылым объектілерін жою стратегиясына көшті. Әңгіме жанармай сақтау базалары төңірегінде болып отыр. Мұның себебі, қазір облыстарда егін егу науқаны басталды" деді ол.
Украинаның Луганск облысы Новодружеск қаласында 3 сәуірде екі ерікті оққа ұшып, мерт болды. Опат боларының алдында олар жергілікті тұрғындарға гуманитарлық көмекті таратып жатқан. Бұл туралы Луганск әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Гайдай мәлімдеді.
"Жаудың атқылауына қарамастан, [қаза тапқан еріктілер] жиын орнына келіп, адамдарға азық-түлік пен қажет заттарды таратумен болды. Кеше де солай болған, мина ұшып келгенге дейін. Ресей әскері қаланы атқылаған кезде опат болғандардың бірі әріптесін денесімен қалқалап, аман алып қалды" деп жазды ол.
Ресейдің Украинаға басқыншылығы Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығына әсер етті
Қазақстан нарығының үштен бірін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін Қазақстанда шеттен әкелінетін кейбір дәрінің тапшылығы сезіліп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі "аурухана мен дәріханада препарат қоры жеткілікті" дейді. Алайда жұрт елдегі дәріханалардан кейбір қажет дәрі-дәрмекті таба алмай жүр.
Аян Қалмұраттың осы мәселе жөніндегі мақаласын оқи отырыңыздар.
Украина президенті офисі жетекшісінің кеңесшісі Алексей Арестович Киев облысындағы Буча, Гостомель және Ирпень қалаларындағы әскери қылмысқа жауапты Ресей әскери бөлімдерінің тізімін жариялады.
2 сәуір күні Украина қорғаныс министрлігі Киев облысын Ресей әскерінен толықтай азат еткенін мәлімдеді. Келесі күні халықаралық басылымдардың журналистері бір ай Ресей бақылауында болған қалалардағы жағдайдың суреттерін жариялады. Суреттерден қала көшелерінде көптеген бейбіт тұрғындардың мәйіті жатқанын көруге боладын. Көбінің қолын артқа қайырып байлап тастаған. Ресей әскері кетерінің алдында кей мәйітті өртеуге тырысқан. Кісіні жаппай көмген қабірлер де анықталған.
Ресей қорғаныс министрлігі бұл фото суреттерді "Украина радикалдарының арандатуы" деп отыр.
ПІКІРЛЕР