БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы Украинадағы жағдай туралы есебін жариялады. Халықаралық ұйымның дерегінше, Ресей Украинаға басып кіргелі елде кемі 1417 бейбіт тұрғын қаза тапқан, 2038 адам ауыр жарақат алған.
Басқарма балалар арасында 22 қыз бен 40 ұлдың қазасын растай алған, 59 баланың жынысын анықтау мүмкін болмаған.
БҰҰ мәліметінше, адамдардың бұлай опат болуына "кең аумақты шарпитын жарылыс заттарының қолданылуы, ауыр арттиллерия мен дүркіндетіп атудың реактивті жүйесін қолдана отырып атқылау, әуеден шабуылдау мен зымыранмен атқылау" түрткі болған.
Мәлімдемеде қаза тапқандардың бұл дерегіне Буча қаласында мерт болғандар кірген-кірмегені айтылмайды. Украина бас прокуроры Ирина Венедиктованың сөзінше, Ресей күштерінен азат етілген Буча қаласында 410 адамның мәйіті табылған.
Молдова президенті Майя Санду Ресей басқыншылық соғысында қаза тапқан украиндарға арнап 4 сәуірді қаралы күн деп жариялады
Соғыс басталған 24 ақпаннан бері Молдова Украинадан 370 мың босқын қабылдады. Босқын саны одан әрі артуы ықтимал, себебі Ресей Молдоваға жақын Одесса облысы мен соның маңындағы аймақтарды атқылап жатыр.
Ұлыбританияның Украинадағы елшісі: Ресей әскерінің бір құралы – әйел зорлау
Ұлыбританияның Украинадағы елшісі Мелинда Симмонс Ресей әскері басып алған аймақта украин әйелдерінің зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқаны жайлы пікірін білдірді.
"Әзірге Украинадағы мұндай зорлық-зомбылықтың ауқымы қандай екенін нақты білмейміз, бірақ әйел зорлауды Ресей әскері құралға айналдырғаны нық. Әйелді балаларының көзінше, қызды отбасының алдында зорлап, қорлау асқан жауыздықтың белгісі, олар сөйтіп халықты құлға айналдырғысы келеді,- деді дипломат.
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Харьков облысында 13 наурыз күні отбасымен тығылып отырған әйел зорланғаны жайлы мәлімдеме жасады. Әйелдің сөзіне қарағанда оны зорлаған солдат ұрып-соғып, беті мен мойнын пышақпен тілген.
Құқық қорғау ұйымы бейбіт адамдарға жасалған зорлық-зомбылықтың басқа екі фактісін хабарлады. Әйел зорланғанын Amnesty International Украина директоры Оксана Покальчук те растады.
Ресей әскері 24 ақпанда Украинаға басып кірген. Ресей президенті Владимир путин мұны Украинаны "демилитаризациялау" және "денацификациялау" үшін жасалған "әскери операция" деп атаған. Біріккен ұлттары ұйымына мүше елдердің басым көпшілігі Ресей әрекетін агрессия деп санайды. Соғыс басталғалы бес аптадан астам уақыт ішінде Ресей Украинаның көптеген қалалары атқылап, Украинан жерінің бір бөлігін жаулап алған. Әзірге өлгендердің нақты саны белгісіз, мыңдаған адамның қаз болғаны хабарланыып жатыр. Украинаның көптеген қалаларында тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар қирады.
"Грэмми" музыкалық сыйлығын табыстау рәсімінде Владимир Зеленскийдің үндеуін көрсетті
Зеленский Украина музыканттарының "смокинг орнына бронжелет" киюге мәжбүр екенін, "күйреген қалалар мен қаза болған адамдардың үнсіздігі» музыкаға мейлінше ұқсамайтынын айтты.
"Бізді мүмкін болған амалдың бәрімен қолдаңыздар. Үнсіз қалмаңыздар, сонда сіздің қалаңызда да бейбітшілік орнайды" деді Зеленский.
ПІКІРЛЕР