Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
13:25 7.3.2022

Соғыс басталғалы Ресейден кемінде 150 журналист кетіп қалған

Украинаға әскери шабуыл басталғалы Ресейден кемі 150 журналист кетіп қалған. Бұл жөнінде «Агентство» басылымы хабарлады.

Негізгі себеп – Ресейде әскери цензура енгізілуі. Жақында қабылданған заңдар бойынша, елдің қарулы күштері жайлы «фейк» ақпарат таратқан адам бас бостандығынан айрылады, ал армияның «беделін түсіріп», оны шетелде қолдануға қарсылық білдірген кісі алдымен әкімшілік, сосын қылмыстық жазаға тартылады. Бұған қоса, көп ақпарат құралының, соның ішінде "Медуза", "Медиазона", ВВС, DW, Азаттық радиосы және оның жобаларының сайттары ашылмай қалды. "Эхо Москвы" радиоарнасы жабылды, ал "Дождь", Colta және басқалар жұмысын тоқтатты.

«Агентствоның» хабарлауынша, көп ақпарат құралында жұмыс істейтін журналистердің біразы Ресейден кеткен. Мәселен, «Медузаның» Мәскеудегі редакциясы, «Дождь», «Эхо Москвы», «Новая газета» және басқа басылымдардың, шетелдік ақпарат құралдарының тілшілері жаппай басқа елге көшіп жатыр.

Елден кететінін ашық жариялап жатқандар да көп. Олардың арасында «Дождь» арнасының бас редакторы Тихон Дзядко, осы арнаның жүргізушісі Михаил Фишман, Republic басылымының бас редакторы Дмитрий Колезев, киносыншы Антон Долин бар.

Армияның беделін түсіру бабы бойынша ондаған әкімшілік іс қозғалғаны туралы да ақпар бар. Әсіресе соғысқа қарсы наразылыққа шақырғандар көп жазаланып жатыр. Кемерово соты осындай үндеу тастаған жергілікті тұрғынға 60 мың рубль айыппұл салды. Кострома тұрғынына да сондай айыппұл салынған. Красноярск соты қардың бетіне «Соғыс болмасын» деп жазғаны үшін белсенді Вера Котоваға айыппұл салды.

13:45 7.3.2022

Украина делегациясы: Қырым, "ДХР" мен "ЛХР" мәселесі бойынша Ресеймен келісу мүмкін емес

Украинаның Ресеймен келіссөз делегациясының мүшесі, Жоғарғы Рададағы "Слуга народа" фракциясының басшысы Давид Арахамия Ресейдің "Қырымды Ресей субъектісі" деп тану және "ДХР" мен "ЛХР" тәуелсіздігін мойындау туралы талабы орындалмайтынын мәлімдеді.

Арахамия Украинаның бейтарап әскери статусы жөніндегі Ресейдің тағы бір талабы жөнінде де айтты. Оның сөзінше, НАТО алдағы 5-10 жыл ішінде Украинаны мүшелікке алу жөнінде талқылайын деп отырған жоқ, Украинаның өзі де "НАТО-ға кіруге өтініш беру үшін күреспейді".

Арахамия "Владимир Зеленский бастаған Украина басшылығы Польшаға кетіп қалды" деген қауесетке де түсініктеме берді.

"Бірнеше күн бұрын бұл мәселені талқылап, өлсек Украинада өлеміз деген шешімге тоқтағанбыз. Қасық қаны қалғанша шайқасатын Украина халқы өлсек бізді символға айналдырады" деді ол.

15:16 7.3.2022

7 наурыз. Украинадағы соғыс. Қазірге дейін не болды?

  • Ресейлік әскерилер 7 наурыз таңертең Николаев қаласын атқылай бастаған. Киев те де жарылыс дауыстары естілді. Түнде Харьков пен Одесса облысында атыс болғаны хабарланды. Ресей қорғаныс министрлігі Харьковтағы физика-техникалық институтының реакторын жаруды жоспарлаймыз деді.
  • Бүгін Ресей мен Украина арасындағы келіссөздің үшінші раунды өтуі тиіс.
  • Украинаның бас штабы Ресей 11 мыңнан аса әскериінен айырылды дейді. Ресей билігі 2 наурызда 498 әскериінен айырылғанынын, 1597 солдаты жараланғанын айтқан. Сол кезде Украина тарабы Ресейдің бес мыңға жуық әскерін өлтірдік деген еді. Мәскеу 2 наурыздан соң әскери шығыны жайлы ешқандай хабар таратпады.
  • Украина президенті Зеленский Ресейді бейбіт тұрғындарды өлтірді деп айыптады. Бұған дейін Ирпень қаласында эвакуация кезінде жас отбасының бірнеше адамы қаза тапқан еді.
  • Украина қорғаныс министрлігі Чугуев қаласын қайтарып алғанын мәлімдеді.
  • Ұлыбритания Украинаға көмек ретінде жүз млн доллар бермек.
  • "ОВД-Инфо" жобасының есебінше, 6 наурызда Ресей қалаларында болған соғысқа қарсы наразылықта бес мыңнан аса адам ұсталды. Соғысқа қарсылық Ресейдің 69 қаласында өткен.
  • БҰҰ халықаралық соты Украинаның Ресейге қарсы түсірген шағымын қарай бастады.

Cоғыс уақытында кейбір ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.

15:55 7.3.2022

Зеленский Батыс елдерінен Украина аспанын "жабуды" бірнеше рет сұрады. Бұл нені білдіреді?

Украина президенті Владимир Зеленский 7 наурыздағы видеоүндеуінде Батысты Ресейге санкцияны күшейтуге, Украинаның әуесін "жабуға" шақырды.

"Соғысқа қарсы және бейбітшілік үшін жаңа санкциялар салу керек. Ресей экспортына бойкот, соның ішінде Ресейдің мұнайы мен мұнай өнімдерінен бас тарту қажет. Украина аспанын жабу керек я бізге ұшақтар берген жөн. Украина аспанын қорғау үшін қанша адам өлу керек? Харьков пен Николаевтағы бейбіт тұрғындардың Гамбург пен Вена тұрғындарынан қандай айырмашылығы бар? Шешім күтеміз, аспанды "тазарту" керек" деді Украина басшысы.

Зеленский Батыс елдерінен бұған дейін де Украина "аспанын жабуды" сұраған. Бұл – Украина аспанында НАТО күштері әрекет ете бастайды деген сөз. Зеленский Батыс елдерінің әуе ұшақтарына қарсы құрылғылары Ресейдің әуе шабуылдарына тойтарыс берсе деп отыр. Дәл қазір Ресейдің әуе шабуылдары Украинаға көп шығын әкеліп жатыр.

Батыс елдері мен НАТО егер Украина "аспанын жапсақ" үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді дейді.

Ресей президенті Путин егер НАТО мен батыс елдері Украина аспанын "жапса" соғысқа араласқанмен тең деп сес көрсеткен.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG