Омбудсмен: "ЛХР" төңірегіндегі елдімекен халқынан Украина паспортын күшпен алып жатыр
Ресейдің Украинаға шабуылы басталғалы 10 күн ішінде бір жарым миллион адам босып кетті. Бұл туралы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары мәлімдеді. Филиппо Грандидің сөзінше, бұл "Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада алғаш болып отырған миграциялық дағдарыс".
Украина Жоғарғы радасының адам құқығы жөніндегі өкілетті өкілі Людмила Денисова өзін "ЛХР" деп жариялаған сепаратистік құрылым "Ресей шабуылынан кейін бақылауына алған елдімекен халқынан Украина паспортын күшпен тартып алып жатыр" деп хабарлады. Денисованың сөзіне қарағанда, "ЛХР "оларға Ресей паспортын алуға мәжбүрлегісі келеді. Бұл ақпаратты растайтын өзге мәліметтер әзірге жоқ.
Мариуполь қалалық кеңесі гуманитарлық дәліз жұмысын жалғастырып, халықты Запарожьеге эвкауациялай бастағанын айтты. Эвакуация 5 наурызда тоқтап қалған. Оған Украина мен Ресей бірін бірі кінәлаған.
Владимир Путиннің бұйрығымен Ресей әскері 24ақпанда Украинаға басып кірген еді.
Халықаралық "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымы жылу, су, электр қуаты ажырап қалған Мариупольдегі жағдайды "апат" деп бағалаған.
Шекара түбіндегі Ресей әскерінің 95 пайызы Украинаға кірді
Ресей мен Беларусьтің Украинамен жапсарлас аймақтарына шоғырландырылған Ресей әскерінің 95 пайыздайы Украинаға кірді. Бұл жөнінде Washington Examiner басылымы хабарлады. Басылымның жазуынша, 7 наурызға қараған түні АҚШ қорғаныс министрлігінің брифингінде осындай дерек айтылған.
Украина шекарасының түбіне топтастырылған 170 мыңдай Ресей сарбазының 95 пайыздайы Украина жерінде, демек ел аумағына енбеген 9 мыңдай ғана сарбаз қалған. 4 наурызда Пентагон Украинаға шекара түбіндегі Ресей әскерінің 92 пайызы кірді деп хабарлаған.
Пентагонның мәліметі бойынша, «аймақтардағы жағдай көп өзгермеген», Ресей әскері Украинаның «солтүстігі мен шығысында Киев, Харьков және Чернигов қалаларына жақындап, оларды оқшаулауға күш салды, Украина табанды қарсылы көрсетті».
Пентагонның мәліметі бойынша, 2014 жылы аннексиялаған Қырым түбегінде қалыптастырған инфрақұрылымының арқасында Ресей оңтүстікте біраз ілгері жылжыған. Оқ-дәрі мен жағармай жақын жерден жеткізілетіні де көмектессе керек.
Соғыс басталғалы Ресей 600-дей зымыран тастаған.Шек
Оңтүстік Корея Ресей орталық банкімен операцияларын тоқтататынын хабарлады
7 наурызда Оңтүстік Корея әлем елдерінің Ресейге қарсы санкцияларына қосылатынын мәлімдеді. Бұл жөнінде Оңтүстік Кореяның Yonhap News ақпарат агенттігі хабарлады.
Оңтүстік Корея үкіметі бұл шешімнің жай-жапсарын тиісті мемлекеттік мекемелермен кеңескеннен соң хабарламақ.
24 ақпанда Ресей көршілес Украинаға басып кірген соң әлемнің көп елі Мәскеуге түрлі экономикалық санкциялар сала бастады. АҚШ Ресейдің Орталық банкімен, қаржы министрлігімен және егемен қорларымен мәміле жүргізуге шек қойды. Еуропа одағы да Мәскеуге осындай санкция салды.
Осы санкцияларға қосылған Оңтүстік Корея Ресейге экспортты шектеп, Мәскеуді SWIFT әлемдік төлем жүйесінен ажырату ұсынысын қолдады. Сеул Ресейдің ірі жеті банкімен операцияларды тоқтатып, Ресейдің мемлекеттік облигацияларына инвестиция салуды доғарды.
Ресей қорғаныс министрлігі сағат 10-нан атысты тоқтатып, Киев, Мариуполь, Харьков және Сумы қалаларынан гуманитарлық дәліз ашатынын хабарлады
Ресей қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты БҰҰ, ЕҚЫҰ және Халықаралық қызыл крест ұйымдарына жеткізгенін айтты.
Мұның алдында Мариупольде тыныштық режимі жарияланғанына қарамастан, бейбіт тұрғындарды әкету кезінде атыс болып, халық үйлерінен шыға алмаған. Екі тарап тыныштық режимін сақтамады деп бірін бірі кінәлаған.
ПІКІРЛЕР