Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
00:00 5.3.2022

Зеленский: Украина құласа бүкіл Еуропа құлайды

Украина президенті Владимир Зеленский Тбилисидегі Украинаны қолдау акциясына видео арқылы қосылып, бүкіл Еуропаға қайырылды.

"Үнсіз қалмаңыздар, көшеге шығып, Украинаны қолдаңыздар. Егер Украина құласа, бүкіл Еуропа құлайды" деді ол.

Тбилисидегі Украинаны қолдау акциясына мыңдаған адам қатысып жатыр.

Өткен сенбі-жексенбіде Еуропаның бірнеше қаласында Украинаны қолдаған ірі акциялар өткен. Берлин мен Прагадағы шараға жүздеген мың адам қатысқан.

00:03 5.3.2022

Украинадағы соғыс. 4 наурызда не болғанын қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:

  • Жұмаға қараған түні Ресей әскерилері Запорожье АЭС-ін атқылап, өрт шықты. Кейін өрт сөндірілді. Қазір бұл станция Ресейдің бақылауында.
  • АҚШ қорғаныс министрлігі Запорожье АЭС-інен реактивті зиянды заттар ауаға шыққан жоқ деп отыр.
  • Зеленский Запорожье АЭС-і жарылса, "Черноболь апатынан алты есе болады" дейді.
  • БҰҰ есебінше, Ресей Украинаға соғыс ашқалы 331 бейбіт тұрғын қаза болып, 675 тұрғын жараланған.
  • Ресей әскері Украинаның оңтүстігіндегі Мариуполь мен Херсонға басып кірді. Харьков және Киев облыстарында атыс жалғасып жатыр.
  • Украина тарабы "Ресей Украинаны үш күнде-ақ аламыз деп ойлады, Батыс елдері де солай топшылады. Ресей бізден мұндай тегеурін күтпеді" деді.
  • Украина мен Ресей арасындағы келіссөздің үшінші раунды демалыс күндері болуы мүмкін.
  • НАТО Украинаға әскер кіргізбейді, егер әскер кіргізсек Еуропада үлкен соғыс басталады дейді. Альянс Украинаға қару-жарақпен көмектеспек.
  • Роскомнадзор Ресейде Азаттық радиосы/Азат Еуропа сайтын және Facebook желісін бұғаттады. Азаттықтан бөлек "Америка дауысы","Медуза", ВВС, Deutsche Welle сайтының да жұмысын шектеді.
  • Ресейдің Федерация кеңесі (Ресейдің сенаты) "Ресей әскері жайлы фейк таратқандарды" қылмыстық жауапкершілікке тартып, 15 жылға дейін соттайтын заңды мақұлдады.
  • "Эхо Москвы" желідегі барлық парақшасын жауып, сайтын өшіретінін мәлімдеді. Бұған дейін Ресей билігі бұл медианы бұғаттап тастаған.
09:21 5.3.2022

БҰҰ комиссиясы Украинадағы әскери қылмысты тексереді

Ресей қарулы күштері шабуылынан қираған көпқабатты тұрғын үй. Чернигов қаласы, Украина, 4 наурыз 2022 жыл.
Ресей қарулы күштері шабуылынан қираған көпқабатты тұрғын үй. Чернигов қаласы, Украина, 4 наурыз 2022 жыл.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі Ресей күштерінің Украинадағы "әскери қылмысын" тексеретін халықаралық комиссия құрады. Бұл жөнінде Reuters хабарлады.

Ресей әрекетін айыптайтын және комиссия құруды көздейтін резолюцияны кеңеске мүше елдердің басым бөлігі қолдады. Ресей мен Эритрея ғана қарсы болды.

Ресей делегаты резолюция жақтастары "Украинада болып жатқан жағдайға Ресейді айыптау үшін барлық амалды пайдаланып отыр" деп мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ Адам құқықтары кеңесінің шешімін құптады.

Комиссияның қалай құрылатыны әзірге белгісіз.

Бұдан бұрын халықаралық Гаага соты Украинада соғысып жатқан тараптар жасауы мүмкін әскери қылмыстарға байланысты істі қарай бастаған.

Ресей билігі әскерилер азаматтық нысандарды атқылаған жоқ және бейбіт тұрғындар өмірін сақтап қалуға тырысып жатыр деумен келеді. Ресей Украинаға соғыс бастаған 24 ақпаннан бері Украинада азаматтық нысандар, оның ішінде тұрғын үйлер мен мектептердің қирағаны жөнінде көптеген айғақ жарияланды. БҰҰ есебінше, шабуыл салдарынан опат болған бейбіт тұрғындар саны жүзден асады.

09:51 5.3.2022

НАТО Украинаға қарулы күштері мен әскери ұшақтарын жібермейді

Солдан оңға қарай: НАТО-ның Еуропадағы біріккен күштерінің бас қолбасшысы генерал Тод Уолтерс, НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Брюссельдегі жиында. 4 наурыз 2022 жыл.
Солдан оңға қарай: НАТО-ның Еуропадағы біріккен күштерінің бас қолбасшысы генерал Тод Уолтерс, НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Брюссельдегі жиында. 4 наурыз 2022 жыл.

НАТО Украинаға әскері мен әскери ұшақтарын жібермейді. Мұны ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенберг 4 наурызда Брюссельде НАТО елдері сыртқы істер министрлерінің жиынында айтты.

Солтүстікатлантикалық одақ Ресеймен соғысқа ұмтылмайды, егер ол Украинадағы соғысқа тікелей араласса, сондай қауіп туындауы мүмкін деп мәлімдеді Столтенберг.

Бұған қоса ол Ресейді Украинадан әскерін шығарып, келіссөз бастауға үндеді. Егер Ресей қақтығыс аумағын кеңейтіп, Украинадан тыс аумақ жерде соғысуға тырысса, ұйым өзін-өзі қорғайды деді НАТО бас хатшысы.

Столтенберг кездесу кезінде Киевтің Украинада "ұшпайтын аймақ қалыптастыру" (яғни, Украинаның әуе кеңістігіндегі ресейлік ұшақтар мен зымырандардың барлығын атып түсіру) туралы ұсынысы талқыланғанын растады. Бірақ НАТО елдері «қақтығыс ушығып кетпес үшін» мұндай ұсыныстан бас тартқан.

Столтенберг алдағы күндері Украинада жағдай одан сайын ушығуы мүмкін деп топшылайды: адам шығыны көбейіп, көп нысандар қира-бүлінеді дейді ол.

Украина президенті Владимир Зеленский жұма күнгі кезекті видеомәлімдемесінде НАТО-ны "әлсіздік танытты" деп кінәлап, ұйым мүшелері арасында бірлік жоқ деп мәлімдеді.


НАТО елдерінің басым бөлігі Украинаға қару-жарақ тасымалдайды. Еуроодақ Украинаға қару-жарақ жеткізу үшін ірі көлемде қаржы бөлді. Бірқатар ел өз азаматтарына Украинадағы шетел легионы құрамында Ресейге қарсы соғысуға рұқсат берді.

Ресей Украинаға 24 ақпаннан бастап басып кіре бастаған. Ресей президенті Владимир Путин өзге мәселелермен қатар НАТО Украинаны Ресейге қарсы қорғаныс шебі жасамақшы болғанын айтқан. Ал мемлекеттік дума жетекшісі Вячеслав Володин Ресей ескертіп соққы берді десе, Украина мен НАТО мұны терістейді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG